Бұл туралы әлемдік спорт басылымдары жарыса жазып жатыр.
Месси тарихи межеге жетті: «Интер Майами» сапында 100-голын соқты
Фото: Getty Images
142
оқылды

Аргентиналық футбол жұлдызы Лионель Месси «Интер Майами» сапындағы 100-голын соғып, командасымен бірге Кампеонес кубогын жеңіп алды, – деп хабарлайды Aikyn.kz сайты.

«Интер Майами» шешуші кездесуде Мексиканың «Крус Асуль» клубын 2:0 есебімен жеңді. Месси матчта бір гол соғып, бір нәтижелі пас берді.

Есеп 24-минутта ашылды. Луис Суарес допты айып алаңына көтеріп бергенде, Месси қарсылас қорғаушысынан биік секіріп, баспен қақпаға дәл бағыттады. Бұл аргентиналықтың «Интер Майами» сапындағы 115 кездесуде соққан 100-голы болды. Осылайша,  ол клуб тарихында 100 гол межесіне жеткен алғашқы футболшы атанды.

Бір қызығы, Мессидің «Интер Майами» сапындағы алғашқы голы да «Крус Асуль» қақпасына соғылған. 2023 жылы америкалық клуб сапындағы дебютінде ол матч соңында айып добын дәл орындап, командасына 2:1 есебімен жеңіс сыйлаған еді. Үш жылдан кейін дәл осы қарсыласқа соққан 100-голы тағы бір трофейге жол ашты.

81-минутта Месси бұрыштама добын орындап, Каземиро баспен есепті 2:0-ге жеткізді. Осылайша,  «Интер Майами» өз тарихында алғаш рет Кампеонес кубогының жеңімпазы атанды.

Бұл – Месси келгеннен бері «Интер Майамидің» қатарынан төртінші маусымда жүлде иеленуі. Команда 2023 жылы Лигалар кубогын, 2024 жылы Supporters’ Shield, 2025 жылы MLS кубогын, ал биыл Кампеонес кубогын жеңіп алды.

Ал Месси үшін бұл мансабындағы 48-ші трофей болды. 39 жастағы аргентиналық футбол тарихындағы ең көп жүлде иеленген ойыншы ретіндегі көрсеткішін тағы жақсартты.