Бұл туралы Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова мәлімдеді.
Қазақстанда сүт безі обырын анықтау 15 пайызға артты
221
оқылды

Қазақстанда 2026 жылдың алғашқы бес айында сүт безі обырының 2 500 жағдайы анықталды, – деп хабарлайды Aikyn.kz сайты.

Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 15%-ға көп. Бұл туралы Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова мәлімдеді.

Министрдің айтуынша, қазір медициналық-санитариялық алғашқы көмектің қолжетімділігі мен сапасын арттыруға, сондай-ақ аурулардың алдын алуға басымдық беріліп отыр.

– Дәрігердің қабылдауын күту мерзімі 1-3 күнге дейін қысқартылды, мейіргерлердің функциялары кеңейтіліп, қабылдау уақыты ұлғайтылды, – деп жазды Ақмарал Әлназарова.

Сонымен қатар дәрігерлерге өз бетінше жазылу мүмкіндігі кеңейтіліп, отбасылық медицина дамып келеді. Консультациялар саны артып, медициналық инфрақұрылым кеңейтіліп жатыр.

Министр медициналық қызметтерді цифрландыруға да тоқталды.

– Электрондық анықтамалар, денсаулықтың электрондық паспорты және онлайн жазылу сервистері дамып келеді. Бұл кезектерді және қажетсіз тексерулерді азайтуға мүмкіндік береді, – деді ол.

Қазір онлайн жазылу сервисі 5,6 миллион адамға қолжетімді. Бірыңғай цифрлық e-Densaulyq платформасы да дамып келеді.

Ауылдық жерлерде медициналық көмектің қолжетімділігін арттыру үшін телемедицина енгізіліп жатыр. Министрдің мәліметінше, қазірдің өзінде 2 миллионнан астам адам қашықтан медициналық қызмет алған. Диагностикада жасанды интеллект технологиялары да қолданылуда.

Сондай-ақ талдаулардың жарамдылық мерзімдері қайта қаралып, мобильдік медициналық бригадалар енгізілуде. Бұл қабылдау бөлімшелеріне түсетін жүктемені азайтуға бағытталған.

Ақмарал Әлназарова аурулардың алдын алу мен оларды ерте анықтауға ерекше көңіл бөлініп отырғанын атап өтті.

– 2026 жылдың 5 айында сүт безі обырының 2 500 жағдайы анықталды,  бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 15%-ға көп. Ауруды ерте анықтау көрсеткіші 23,5%-ға артты, – деді министр.

Өкпе обырына да ерекше назар аударылып отыр. Министр келтірген мәліметке сәйкес, бұл дерт онкологиялық өлім құрылымында бірінші орында тұр. 2023 жылы 2 034 өлім жағдайы тіркелген. Ал өкпе обыры жағдайларының шамамен 74%-ы III–IV сатыларда анықталады.

– Сондықтан жүйеге өкпе обырының скринингі енгізілді, – деді Ақмарал Әлназарова.

Емханаларды қаржыландыру тәсілі де өзгерген. Тіркелген сақтандырылмаған азаматтар үшін төлем кешенді жан басына шаққандағы нормативтің 90%-ын құрайды. Ал бір жылдың ішінде медициналық ұйымға жүгінулер болмаған жағдайда – 80%.

– Бұл тетіктер емханалар үшін тіркелген халықпен белсенді жұмыс істеуге, профилактиканы және ауруларды ерте анықтауды дамытуға қаржылық ынталандыру қалыптастырады, – деді министр.

Оның айтуынша, түпкі мақсат – емханалардың жұмысын тек науқас медициналық көмекке жүгінген кезде қызмет көрсетумен шектемеу.

– Емхана медициналық көмекке жүгінетін орын ғана емес, сонымен қатар аурулардың профилактикасы мен оларды ерте анықтаудың негізгі буыны болуы үшін жұмысты жалғастырамыз, – деді Ақмарал Әлназарова.