Екі мәрте Кеңес Одағының Батыры Талғат Бигелдинов атындағы Әуе қорғанысы күштері әскери институтының 4-курс курсанттары L-39 оқу-жаттығу ұшағымен алғашқы ұшу жаттығуларын орындады, – деп хабарлайды Aikyn.kz.
Практикалық сабақтар әскери ұшқыш-нұсқаушылардың жетекшілігімен өтті. Ұшу алдында курсанттар тапсырмаларды мұқият зерделеп, нұсқаушылармен бірге алдағы жаттығудың негізгі кезеңдерін талқылады.
Ұшу барысында курсанттар әуе кемесін басқару, кеңістікті бағдарлау және штаттық жағдайларда дұрыс шешім қабылдау дағдыларын пысықтады.
Ұшу жаттығулары аяқталғаннан кейін орындалған тапсырмалар мен курсанттардың әрекеттеріне талдау жасалды. Бұл олардың нәтижелерін бағалап, кәсіби дағдыларын әрі қарай жетілдіру бағыттарын анықтауға мүмкіндік берді.
– Бұл менің алғашқы ұшуым. Бүгін ұшақты басқарып, өзім қондым. Мен үшін бұл – үлкен тәжірибе әрі болашақ мамандығымды меңгерудегі маңызды қадам, – деді курсант Әлішер Кеңес.
Ұшу жаттығулары әскери ұшқыштарды даярлаудың маңызды кезеңі саналады. Әуедегі әрбір ұшу жаттығуы курсанттардың практикалық тәжірибесін арттырып қана қоймай, кәсіби сенімділігін қалыптастыруға ықпал етеді.
Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның» TELEGRAM арнасынан табасыз.
