Киелі Ертіс-Баян өңіріндегі театр өнерінің тәбәрігін ала келген труппаның бұл сапары Астана өңірінің мәдени өмірі үшін маңызды оқиға болатыны даусыз.

Актерлер сахналайтын қойылымдар көрермендердің барлық аудиториясын қамтиды деп жоспарланған.

Сахналатын қойылымдар:


Айта кетейік, Ертіс-Баян өңірінің рухани қара шаңырағы саналатын Ж.Аймауытов театрының негізі 1938 жылы қаланған. Тәуелсіздік жылдары облыстық қазақ театры қайта жаңғырып, 1990 жылы 7 желтоқсанда режиссер, ҚР Еңбек сіңірген қайраткері Ерсайын Тәпеновтің сахналауында М.Әуезовтің «Айман-Шолпан» музыкалық комедиясымен алғаш шымылдығын түрді. Көрнекті театр қайраткері, сол кездегі Т.Жүргенов атындағы Алматы өнер институтының ректоры Ә.Сығай театрға «Музыкалық комедия және театр» бөлімінің түлектерін жолдамамен жіберіп, үлкен үлес қосты. Актерлер С.Тәжібаев, Р.Тәжібаева, А.Жүке, С.Бекболатов, А.Бекболатова, М.Манап, Ж.Чайкина, Д.Ұябай, Т.Атамбек, Б.Құрбанова, М.Байжұманов, Ш.Байғабылқызы, Қ.Жексембаева, Г.Хамитова, Ж.Доспаев, Г.Омарова, Б.Шәнім, Д.Құспан, А.Таспаева, Г.Қайырбековалар театрдың іргетасын алғаш қаласқан өнер иелері екенін атап өткен маңызды. Театр сахнасында ұлттық драматургиямен қатар, әлем классиктерінің үздік шығармалары қойылды. М.Әуезовтің «Айман-Шолпан», «Қаракөз», У.Шекспирдің «Король Лирі», А.П.Чеховтың «Шағала», Еврипидтың «Медея», И.Кальманның «Сильва», «Мистер Икс», И.Штраустың «Жарқанат», Ф.Эрвенның «Түлкі бикеш», И.Цагарелидің «Ханума», М.Байсеркеұлының «Абылай хан», «Кене хан», сонымен қатар осы заманғы драматургтердің пьесалары, Д.Исабековтің «Әпке», «Мұрагерлер», «Ескі үйдегі екі кездесу», «Актриса», Т.Ахтановтың «Күшік күйеу», Ә.Таразидің «Жақсы кісі», С.Балғабаевтың «Біз де ғашық болғанбыз», И.Байзақовтың «Ақбөпе», Ш.Айтматовтың «Ана – Жер-Ана», Ж.Аймауытовтың «Ақбілек», «Шернияз», Иран Ғайыптың «Естайдың Қорланы», Ғ.Мүсіреповтің «Қозы Көрпеш – Баян сұлу», «Ақан сері – Ақтоқты», «Ұлпан – Есеней», Мольердің «Сараң», К.Голдонидің «Венециялық егіздер», Б.Соқпақбаевтың «Балалық шаққа саяхат», А.Ихсанның «Соңғы Мамонт», Ш.Айтматовтың «Жәмила», Е.Төлеубайдың «Кербез келіндер», т.б. қойылымдар театрсүйер көрерменнің ыстық ықыласына бөленді.

Жалпы, тәуелсіздік жылдары 160-қа жуық қойылым сахналанған. 1992 жылы өнер ұжымына Жүсіпбек Аймауытовтың есімі берілді.

Театр соңғы жылдары жаңашыл қойылымдарымен көзге түсіп, көптеген республикалық және халықаралық фестивальдерде олжа салды. Соның бір дәлелі – 2023 жылы Ресейдің Мәскеу облысы Мытищи қаласындағы «ФЭСТ» драма және комедия театрында өткен «Подмосковные вечера» фестиваліне қатысып, «Үздік ансамбль» номинациясын иеленді. Бұдан бөлек, Орал қаласындағы театрлар бәсекесінде «Король лир» қойылымымен «Үздік стенография» аталымын (2023 ж.), Көкшетауда «Венециялық егіздер» қойылымымен «Үздік режиссерлік қойылым» аталымын жеңіп алса (2023 ж.), «Ертіс-Баян» республикалық театрлар фестивалі (2024 ж.), Б.Соқпақбаевтың 100 жылдығына арналған Қазақстан драма театрларының ХХХ республикалық фестивалі (2024 ж.) өнер ұжымы үшін табысты өрілді. 2024-2025 жылдардың қорытындысында «Қазақстан театр сыншылары бірлестігінің» сыншылар жүлдесінде бірнеше номинациямен марапатталды.
