Сыр өңірінде Дүниежүзілік тазалық күніне орай жаппай сенбілік пен көгалдандыру акциясы ұйымдастырылды. Экологиялық шараға 12 мыңға жуық адам қатысып, 1750-ге жуық тал егілді.
Қызылорда облысының әкімі Мұрат Ергешбаевтың қатысуымен өткен экологиялық акцияға құрылтай депутаттары, құқық қорғау органдарының басшылары, ардагерлер мен зиялы қауым өкілдері, мәслихат депутаттары, облыстық басқармалар, департаменттер мен инспекциялардың қызметкерлері, еріктілер, эко-белсенділер, жастар ұйымдары және студенттер қатысты. Мұндай акция арқылв тұрғындарды ортақ іске жұмылдыру, экологиялық мәдениетті қалыптастыру, елді мекендерді қоқыстан тазарту және қоршаған ортаны абаттандыруға баса назар аударылды. Осыған орай облыстың барлық елді мекенінде тазалық жұмыстары қарқын алып отыр.

Қызылорда қаласында негізгі шара «Қайсар Арена» стадионы аумағында ұйымдастырылып, сенбілікпен қатар ағаш көшеттерін отырғызу жұмыстары атқарылды. Акция барысында облыс әкімі «Таза Қазақстан» республикалық экологиялық бастамасы аясында өңірде көркейту, көгалдандыру және абаттандыру жұмыстары жүйелі түрде жүргізіліп жатқанын атап өтті.

«Тазалық әр үйден, әр ауладан, әрбір елді мекеннен басталады. Сондықтан табиғатты қорғау ісінде мемлекеттік мекемелермен қатар, кәсіпкерлердің, қоғамдық ұйымдардың және әрбір тұрғынның белсенділігі маңызды», – деді Мұрат Нәлқожаұлы.
Өңір басшысының айтуынша, жыл басынан бері тазалық шараларына жүздеген мың тұрғын, кәсіпкерлер, коммуналдық сала қызметкерлері, еріктілер мен белсенді жастар атсалысқан. Нақты айтқанда облыс бойынша жыл басынан бері ұйымдастырылған тазалық шараларына 328 800 ерікті, қоғам қайраткері, бюджет саласы мен кәсіпорын қызметкері қатысты. Нәтижесінде 8741 тонна қоқыс қалдығы шығарылды.

Сонымен қатар елді мекендердегі 510 сквер мен парк, 256 тарихи-мәдени ескерткіш, 1019 әлеуметтік нысан, 1897 өнеркәсіп және бизнес нысаны, сондай-ақ көшелердің бойы тазартылды. Жұмыстарға 548 техника жұмылдырылды.
Көгалдандыру жұмыстары да назардан тыс қалған жоқ. Жыл басынан бері өңірдің климаттық жағдайына бейімделген 88 мыңнан астам тал мен көшет егілді.
Шара барысында Құрылтай депутаты Ирина Тен экологиялық жауапкершілікті арттыру және табиғатты қорғау бағытындағы жұмыстардың маңыздылығына тоқталды.
Ербақыт ЖАЛҒАСБАЙ
Қызылорда облысы
