Көшіру жұмыстары 2027 жылдың бірінші жартыжылдығында басталады деп күтілуде, – деп хабарлайды Aikyn.kz сайты.
Бұл туралы Атырау мұнай өңдеу зауытының Еңбек қауіпсіздігі, қоршаған ортаны қорғау және азаматтық қорғау департаменті директорының міндетін атқарушы Арман Димуқашев мәлімдеді.
Оның айтуынша, зауыт биыл қараша айында кешенді экологиялық рұқсат (КЭР) алуды жоспарлап отыр. Құжат аясында 2031 жылға дейін 70 миллиард теңгеден астам қаржыға 18 табиғатты қорғау шарасын жүзеге асыру қарастырылған.
Қазір санитарлық-қорғау аймағының шекарасын нақтылау бойынша жұмыстар аяқталуға жақын. Нәтижесінде, оның аумағы 805 гектардан 963 гектарға дейін ұлғаяды. Зауыт өкілінің айтуынша, бұл өзгеріс эмиссия көлемінің артуына байланысты емес.
Келесі кезеңде жаңа санитарлық-қорғау аймағына кірген үйлердің иелерімен жұмыс жүргізіледі. Алдын ала мәлімет бойынша, шамамен 120 үйді көшіру қажет.
Осы мақсатта Атырау облысының әкімдігі, АМӨЗ және «ҚазМұнайГаз» ҰК» АҚ арасында тиісті меморандумға қол қойылған. Қоныс аудару бойынша іс-шаралар жоспары бекітіліп, жұмыстар жүргізіліп жатыр.
Баян Жанұзақова
