Іс-шараны Қазақстандағы Қытай мәдени орталығы Қытай Халық Республикасының Қазақстандағы Елшілігінің қолдауымен ұйымдастырды.
Астанада Чунцин опера театрының өнерпаздары өнер көрсетті
Фото: Aikyn.kz
151
оқылды

Астанада Қазақстан мен Қытай халықтарының мәдени байланысын өнер арқылы сабақтастырған мерекелік концерт өтті. «Бір ай астындағы бір сәт» атты мерекелік кеште Чунцин қаласының өнерпаздары өнер көрсетіп, көрерменге Қытайдың дәстүрлі мәдениеті мен музыкалық мұрасын таныстырды, – деп хабарлайды Aikyn.kz. 

Мәдени кеш Қытайдың Дәстүрлі күз мерекесіне және Қытай Халық Республикасының 77 жылдығына арналды.

Мерекелік концерт Қалибек Қуанышбаев атындағы Қазақ ұлттық музыкалық-драма театрында өтті. Кеш барысында Чунцин опера театрының өнерпаздары қытай музыкасы мен өнерін көрерменге паш етті.

Концертке дейін Чунциннің табиғаты мен көрікті жерлеріне арналған шағын көрме ұйымдастырылды. Кеш қонақтары Чунцин қаласының көрінісі мен табиғат бейнеленген картиналарды тамашалады.

Іс-шараны Қазақстандағы Қытай мәдени орталығы Қытай Халық Республикасының Қазақстандағы Елшілігінің қолдауымен ұйымдастырды.

Кеш барысында Қазақстандағы Қытай Елшісі Хань Чуньлин Дәстүрлі күз мерекесінің маңызына тоқталды. Оның айтуынша, бұл мереке Қытай мәдениетінде отбасының бас қосуын, туған жерге деген сағыныш пен елдің береке-бірлігін білдіреді.

Елші өз сөзінде халықтар арасындағы мәдени байланыстың мемлекетаралық қарым-қатынастағы рөліне де назар аударды. Оның пікірінше, әртүрлі елдің адамдары бір-бірінің мәдениетін танып, өнері мен дәстүріне құрметпен қараған сайын өзара түсіністік те тереңдей түседі.

«Халықтар арасындағы жақындық жүректен жүрекке жалғанған байланыстан басталады. Географиялық қашықтық өркениеттердің бір-бірін байытуына кедергі бола алмайды», – деді Хань Чуньлин.

Қазақстанның Мәдениет және ақпарат вице-министрі Айбек Сыдықов мәдени байланыстардың екі ел арасындағы қарым-қатынасты нығайтудағы маңызына тоқталды.

Оның айтуынша, Шығыс мәдениетінде толық ай бейбітшілік пен үйлесімнің, береке мен бірліктің символы саналады. 

«Қазақстан мен Қытай ғасырлар бойы Ұлы Жібек жолы арқылы байланысып, бүгінде мәдени-гуманитарлық ынтымақтастықты жаңа деңгейге көтерді», – деді Айбек Сыдықов.

Ал Чунцин қаласының Мәдениет және туризмді дамыту комитеті төрағасының орынбасары Ло Сяочунь Қазақстан мен Қытай халықтарының мәдениетіндегі үндестік жөнінде айтты. Оның айтуынша, екі елдің музыкалық дәстүрінен ортақ сарынды байқауға болады.

Ол қазақтың «Майра» әні Чунциндегі Янцзы өзенінің дәстүрлі қайықшылар әндерімен үндес екенін, қазақтың «Ана» әні қытайдың «Руюань» композициясымен мазмұны әрі әуезділігі жағынан жақын екенін мысалға келтірді.

Ло Сяочунь Чунциннің Юнчуань ауданында өткен ШЫҰ кинофестивалінде қазақстандық «Арнайы операция «Алмас»» фильмінің «Үздік ер адам рөлі» номинациясында «Алтын камелия» жүлдесін алғанын да атап өтті.

Мәдени кештің басты ерекшелігі – көрерменге Қытайдың дәстүрлі мерекесін таныстырумен қатар, Чунциннің өнері мен мәдениетін қазақ аудиториясына жақындатуында. Сахнадағы музыкалық қойылымдар мен арнайы көрме екі ел арасындағы мәдени байланысты өнер арқылы көрсетуге мүмкіндік берді.