Қазақстанда валюталық депозиттер нарығын реттеуде жаңа кезең басталады, – деп хабарлайды Aikyn.kz сайты.
2026 жылғы 1 қазаннан бастап мерзімі 12 айдан асатын шетел валютасындағы жинақ салымдар бойынша шекті мөлшерлеме жылдық 1%-дан 2,5%-ға дейін көтеріледі.
Қазақстанның депозиттерге кепілдік беру қорының (ҚДКБҚ) мәліметінше, жаңа шекті мөлшерлеме 2026 жылғы 1 қазаннан кейін ашылатын немесе мерзімі ұзартылатын салымдарға қолданылады. Бұл ретте өзге валюталық депозиттер бойынша қолданыстағы талаптар өзгеріссіз қалады.
Атап айтқанда, мерзімді және мерзімсіз салымдар, сондай-ақ мерзімі 12 айға дейінгі жинақ салымдар бойынша шекті мөлшерлеме бұрынғыдай жылдық 1% деңгейінде сақталады.
ҚДКБҚ атап өткендей, 2,5% – банктер валюталық депозиттер үшін ұсынылатын жоғары шекті деңгей, міндетті мөлшерлеме емес. Нақты мөлшерлеме мен депозит шарттарын әр банк өз депозиттік саясатына сәйкес дербес айқындайды.
Қаржыгер Жанар Қожабаеваның пікірінше, бұл өзгерісті валюталық депозиттер нарығын біртіндеп ырықтандырудың кезекті қадамы ретінде қарастыруға болады.
«Менің ойымша, валюталық жинақ депозиттері бойынша шекті мөлшерлемені 1%-дан 2,5%-ға дейін көтеру – ең алдымен депозиттер нарығын біртіндеп ырықтандыруға жасалған қадам», – дейді Жанар Қожабаева.
Сарапшының айтуынша, өзгерістің ауқымы шектеулі. Себебі жаңа талап тек мерзімі 12 айдан асатын жинақ салымдарға және 1 қазаннан кейін ашылатын немесе мерзімі ұзартылатын депозиттерге қатысты.
«Яғни, барлық валюталық депозиттердің талаптары күрт өзгеріп отырған жоқ. Бұл өзгеріс тек белгілі бір санаттағы, ұзақмерзімді валюталық жинақ салымдарға қатысты», – деп атап өтті ол.
Жанар Қожабаева бұл шешім халықтың шетел валютасындағы қаражатын қазақстандық банктерде ұзақ мерзімге орналастыруға деген қызығушылығын арттыруы мүмкін деп есептейді. Алайда сарапшы 2,5%-ды банктер ұсынуға тиіс бірыңғай мөлшерлеме ретінде қабылдамау қажет екенін атап өтті.
«2,5% – банктер белгілей алатын ең жоғары мөлшерлеме, бірақ олар дәл осы мөлшерлемені ұсынуға міндетті емес. Ал нақты шарттарды әр банк өз бетінше белгілейді. Сондықтан салымшыларға банктердің ұсыныстарын салыстыру маңызды», – дейді қаржыгер.
Сонымен қатар сарапшы валюталық депозиттердің мөлшерлемесі көтерілгенін теңгелік депозиттерге қарағанда валюталық салымдар автоматты түрде тиімді бола бастады деп қабылдауға болмайтынын атап өтті.

«Бұл өзгеріс валюталық депозиттер автоматты түрде теңгелік депозиттерден тиімді болды дегенді білдірмейді. Салымшы шешім қабылдаған кезде пайыздық мөлшерлемемен қатар валюта бағамының өзгеру тәуекелін, инфляцияны және депозиттің барлық шарттарын ескеруі қажет», – деді Жанар Қожабаева.
Мөлшерлемелерді кезең-кезеңімен ырықтандыруға депозиттер нарығындағы долларланудың төмендеуі де әсер еткен. ҚДКБҚ деректеріне сәйкес, депозиттердің долларлану деңгейі 2015 жылғы 80%-дан 2026 жылғы 1 қыркүйектегі жағдай бойынша 19,2%-ға дейін төмендеген.
Қордың түсіндіруінше, депозит нарығын долларсыздандыру саясатының нәтижесінде және қолайлы макроэкономикалық жағдай аясында валюталық депозиттер бойынша мөлшерлемелерді реттеудің қолданыстағы тәсілдерін біртіндеп ырықтандыруға мүмкіндік пайда болды.
Жанар Қожабаева да долларлану деңгейінің айтарлықтай төмендеуін осы өзгерістердің маңызды алғышарттарының бірі ретінде атап өтті.
«Депозиттердің долларлану деңгейінің айтарлықтай төмендегені назар аударарлық. Оның үлесі 2015 жылғы 80%-дан 2026 жылғы 1 қыркүйектегі жағдай бойынша 19,2%-ға дейін төмендеді. Бұл валюталық депозиттерді реттеуді біртіндеп жеңілдетуге көбірек мүмкіндік береді», – дейді ол.
Бұл ретте валюталық депозиттер бойынша салымшылардың кепілдігі өзгермейді. ҚДКБҚ әрбір банктегі әрбір салымшының шетел валютасындағы депозиттері, шоттары мен карталары бойынша сыйақыны қоса алғанда, 5 млн теңгеге дейінгі соманы кепілдендіреді.
Ал теңгедегі жинақ салымдар бойынша кепілдік сомасы – 20 млн теңгеге дейін, басқа теңгелік депозиттер, ағымдағы шоттар мен төлем карталары бойынша – 10 млн теңгеге дейін.
Сарапшының пікірінше, 1 қазаннан кейін валюталық қаражаты бар азаматтар үшін банктердің ұсыныстарын салыстыру өзекті бола түседі.
«Егер қаражат қазірдің өзінде шетел валютасында болса және оны бір жылдан астам мерзімге орналастыруға дайындық бар болса, 1 қазаннан бастап банктердің ұсыныстарын салыстырып қарауға болады. Алайда шешім қабылдағанда тек 2,5% мөлшерлемеге сүйенуді ұсынбас едім. Депозиттің барлық шарттары мен күтілетін қаржылық нәтижесін кешенді түрде бағалау маңызды», – деп қорытындылады Жанар Қожабаева.
Бүгінде депозиттерге кепілдік беру жүйесіне 20 банк қатысады. Депозиттер бойынша мөлшерлемелерді реттеу банктер арасындағы бәсекелестікті ынталандыруға, банк секторында жүйелік тәуекелдердің жинақталуына жол бермеуге және қаржылық тұрақтылықты қамтамасыз етуге бағытталған.
