Ұстаздар күнін атап өту дәстүрі алғаш рет 1965 жылы АҚШ-та басталып, кейін 1966 жылы Парижде өткен мұғалімдердің мәртебесі туралы Арнайы үкіметаралық конференцияда тарихи негізі қаланды. Нәтижесінде ЮНЕСКО мен Халықаралық еңбек ұйымының өкілдері «Мұғалімдердің мәртебесіне қатысты ұсыныстар» құжатына қол қойды. 1994 жылы ЮНЕСКО ұйымы 5 қазан күнін Дүниежүзілік мұғалімдер күні деп жариялады. Жыл сайын әлемнің 100-ден астам елінде мерекеленетін бұл күн – білім беру саласындағы қызметкерлердің барлығына ортақ кәсіби мереке. Бұл күні педагогтар қауымының қоғам дамуындағы рөлі мен еңбегі бағаланып, оларға құрмет көрсетіледі.
Қай дәуірде болсын ұстаздың қоғамдағы рөлі бағалы, мәртебесі жоғары. Ұстаздың ұлағаты, шыдамдылығы мен шеберлігі, парасаты мен даналығы –шәкіртінің болмысын дөп басып танып, санасына білім шуағын құяды. Қазақтың біртуар ұлы, Алаштың айбарлы ақыны Мағжан Жұмабаевтың «Алты Алаштың баласы бас қосса, төр – мұғалімдікі» дегені де сондықтан.
Елімізде ұстаз еңбегіне құрмет пен ізет дәстүрін еселей түсу үшін кейінгі жылдары елеулі істер атқарылды. 2019 жылы Желтоқсанда «Педагог мәртебесі туралы» заң қабылданды. Биыл желтоқсан айында қабылданғанына жеті жыл толатын заң аясында мұғалімнің жағдайы жақсарды ма? Шын мәнінде заң қабылданғанға дейін білім саласы қызметкерлерінің мәселелері нақты еді: еңбекақы төмен, есептілік шамадан тыс және педагогқа тән емес міндеттер көп болатын.
Оқу-ағарту министрлігінің есебі бойынша 2020 жылдан бері педагогтардың жалақысы жиынтық түрде 100%-ға өсті. Біліктілік санаты, тәлімгерлік, академиялық дәреже және басқа да жұмыс түрлері үшін қосымша төлемдер енгізіліп, олардың ауқымы кеңейді. Мұғалімдерді қызметтік міндетіне жатпайтын жұмыстарға тарту, артық есептілік талап ету, заңда көзделмеген тексерулер жүргізу және тауарлар мен қызметтерді сатып алуға мәжбүрлеу тыйылды. Сонымен қатар биыл маусымнан бастап бір құжатты бір мезгілде қағаз және электрондық форматта жүргізуді талап етуге жеке тыйым салынды. Бұл талаптарды бұзғаны үшін әкімшілік жауапкершілік қарастырылған.
«Білім туралы» заңда ата-аналардың педагогтың құқықтары мен заңды мүдделерін құрметтеуіне қатысты норма пайда болды. 2026 жылғы қыркүйекте Оқу-ағарту министрлігі ата-аналардың педагогтармен мессенджерлер арқылы қарым-қатынас жасау ережелері туралы мәселені де көтерді. Ата-аналар бұрынғыдай кешкі уақытта үй тапсырмасы немесе баға туралы жазуға, ал демалыс күні дүйсенбіге не алып келу керектігін сұрауға, яғни педагогты кез келген адамның қалаған уақытында мазалауына болмайтыны туралы ережелер бекітілді.
Мұғалімге алғыс
Бүгінде республикамыздың 23 мыңға жуық білім беру ұйымында 600 мыңнан астам педагог еңбек етеді. Мереке қарсаңында Оқу-ағарту министрлігі ұстаздардың өскелең ұрпақты тәрбиелеудегі және еліміздің адами капиталын дамытудағы еңбегіне алғыс ретінде «Ұстазым, ардақты ұстазым!» республикалық акциясын бастады. Акция аясында білім беру ұйымдарында педагог мәртебесін арттыруға және ұстаздық кәсіпті дәріптеуге бағытталған мерекелік және ағартушылық шаралар ұйымдастырылады.
Кәсіби мереке қарсаңында әдетте ата-аналар мен оқушылар арасында «мұғалімге қандай сыйлық жасауға болады?» деген сауал жиі қойылады. Бұл ұстаз еңбегіне алғыс айтуды ізгі ниет деп білетін әрбір адам үшін маңызы бар са-уал. Көпшілік гүл сыйлауды дәстүрге айналдырғанымен, оның да белгілі бір заңдық шектеулері бар. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің мәліметінше, егер сыйлық құны 19 660 теңгеден асып кетсе, бұл заңбұзушылыққа жатады. «Егер сыйлық құны 5 АЕК-тен асып, мұғалім сый жасаған адамның пайдасына әрекет етсе, мұндай жағдай Қылмыстық кодекстің 247-бабына («Заңсыз сыйақы алу») сәйкес жауапкершілікке әкеледі».
Ал Оқу-ағарту министрлігі 1 қыркүйекте немесе басқа да атаулы мереке күндерінде мұғалімге сыйлық жасау немесе гүл сыйлау ата-аналар арасындағы міндетке немесе жарысқа айналмауға тиіс екенін ескертті. Министрліктің ескертуі бойынша «Ең бастысы гүлдің көлемі немесе бағасы емес, баланың ұстазына деген құрметі. Сондықтан гүл сыйлау әр бала мен ата-ананың ерікті таңдауы болуы керек». Білім беру ұйымдары гүл немесе сыйлық сатып алуға бастамашылық жасамауы, ақша жинауды ұйымдастырмауы және ата-аналарға мұндай талап қоймауы керек.
Жаңарған мектеп
2026-2027 оқу жылы ресми ақпаратқа сәйкес, мектептерде 4,1 млн оқушы білім алады. Бірінші сыныпқа 380 мыңнан астам бала қабылданды. Ал 227 мың оқушы 11-сыныпқа көшті. Қазір 8 мыңнан астам мектеп жұмыс істеп тұрса, оның 5 мыңнан астамы ауылдық елді мекендерде орналасқан.
«Келешек мектептері» ұлттық жобасы аясында үш жыл ішінде 460 мың оқушыға арналған 217 жаңа форматтағы мектеп салынды. Оның ішінде 2024 жылы – 105, 2025 жылы 112 мектеп пайдалануға берілді. Нәтижесінде елімізде 54 үш ауысымды және 12 апатты мектептің мәселесі толық шешілді. 100-ден астам мектепте оқушы орындарының тапшылығы қысқарды.
Ауылдық жерлердегі мектеп инфрақұрылымына да басымдық берілді. Жоба аясында ауылдарда жаңа форматтағы 84 мектеп бой көтеріп, 130 мыңнан астам балаға заманауи білім беру ортасын қалыптастыруға мүмкіндік жасалды. Сонымен қатар білім беру бағдарламалары мен оқу үдерісіне бірқатар өзгеріс енгізілмек. Мектептерде жасанды интеллект құралдарын оқу үдерісінде пайдалану басталады. Бұл бағытта оқушылардың цифрлық дағдыларын дамытуға және жаңа технологияларды білім алуда тиімді қолдануына басымдық беріледі. Орта білім беру жүйесіндегі өзгерістер мектепке дейінгі және мектептен кейінгі оқыту бағдарламаларына да жаңашылдық енгізіліп жатыр.
Сапалы білім
Жаңа оқу жылынан бастап білім беру бағдарламасы бірнеше міндетті курспен толықтырылады. Негізгі өзгерістердің бірі бастауыш сыныптардағы бағалау жүйесіне қатысты болмақ. Сонымен қатар «Әліппе» мен «Ана тілі» пәндеріне бөлінетін сағат саны көбейеді. Қосымша уақыт балалардың әріптерді дұрыс меңгеруіне, сауатты оқып, жазу дағдыларын қалыптастыруына жұмсалады. Енді БЖБ мен ТЖБ алынып тасталып, оның орнына аралық бағалау енгізіледі. Әр бөлім аяқталғаннан кейін сол бөлім бойынша аралық бағалау жүргізіледі. Ал тоқсан соңында бөлек ТЖБ болмайды. Нәтижесінде тоқсандық бағаның 50 пайызы формативтік, қалған 50 пайызы аралық бағалаудан құралады.
Бағалау тапсырмаларының мазмұны да практикалық бағытқа өзгереді. Тілдік пәндерде диктант, мазмұндама, шығарма мен оқу сауаттылығына, математикада математикалық сауаттылыққа, ал жаратылыстану мен дүниетануда зерттеу, бақылау, тәжірибе жасау және қорытынды шығару дағдыларына басымдық беріледі. Жазбаша жұмыстарды оқушылар енді өз дәптерінде орындайды. Министрлік бұл тәсіл баланың дайын жауапты таңдауының орнына өз ойын жазуына, есептің шешу жолын көрсетуіне мүмкіндік беретінін түсіндірді.
Ал 1-7 сынып оқушылары үшін сабақ кезінде смартфондарын арнайы орынға тапсыруы немесе сөмкесінен шығармауға тиіс. Бұл смартфондарды мектепте пайдалануға толық тыйым салынады деген сөз емес. Шектеу негізінен сабақ пен оқу процесі кезінде телефон қолдануды реттеуге бағытталған. Ал білім беру мақсатында планшеттерді пайдалану жоспарланып отыр. Жоғары сынып оқушылары үшін ерекшеліктер қарастырылуы мүмкін. Себебі кейбір пәндерді оқыту барысында онлайн-платформалар қолданылады. Сонымен қатар жасанды интеллект технологияларын орта білім беру жүйесіне кезең-кезеңімен енгізу бойынша 2026-2029 жылдарға арналған кешенді жоспар әзірленді.
Қауіпсіздік күшейді
2026 жыл ІІМ жүйесінде «Балалар қауіпсіздігі жылы» болып жарияланды. Осыған байланысты жаңа оқу жылы қарсаңында білім беру ұйымдарындағы қауіпсіздік шаралары күшейтілді.
ІІМ мәліметінше, 7 656 жалпы білім беретін мектептің қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін 283 мыңнан астам бейнекамера орнатылған. Полицияның жедел басқару орталықтарына 7 159 оқу орны қосылған.
Биыл мектептерде құқықтық сауаттылық пен қауіпсіздікке арналған үш міндетті курс енгізілді. 5-7 сынып оқушылары «Конституция негіздері» курсын оқиды. 8-11 сыныптарға «Заң және тәртіп», ал 5-11 сыныптарға «Жеке қауіпсіздік» курсы енгізіледі. Сонымен бірге «Құқық негіздері» пәнінің мазмұны Конституция талаптарына сәйкес жаңартылады. Жаңа курстар балаларға өз құқықтары мен міндеттерін түсіндіруге, заңға құрметпен қарауға және әртүрлі қауіп жағдайында дұрыс әрекет етуге үйретуге бағытталған. «Жеке қауіпсіздік» курсын оқыту аясында көшедегі, үйдегі және цифрлық ортадағы қауіпсіздік мәселелері қамтылады.
Тілекгүл ЕСДӘУЛЕТ
