Еуропаның жеті елінде тұрғындар жалақы мен зейнетақыны көтеруді талап етіп, митингке шықты
Еуропаның жеті елінде халық наразылыққа шықты
130
оқылды

Бельгия, Ұлыбритания, Испания, Франция, Грекия, Италия және Португалия тұрғындары 20–22 қараша аралығында наразылық акцияларын өткізіп жатыр. Олар баспанаға қолжетімділікті қамтамасыз етуді, тұрғын үй, азық-түлік пен энергия бағасын бақылауды талап етті. Бұл туралы Tengrinews.kz мәліметіне сілтеме жасап Aikyn.kz хабарлайды.

Еуропаның жеті еліндегі кәсіподақтар мен қоғамдық ұйымдар үйлестірілген наразылық акцияларын өткізуге шақырған. Италияның Рим және Милан қалаларында жұма күні ондаған мың адам көшеге шықты. Ал Германиядағы GenZ regelt қозғалысының мәліметінше, елдің 70 қаласында 21 мыңға жуық адам наразылыққа қатысқан.

Мадридте жүздеген адам мемлекеттік білім беруді қолдап, әскери шығындардың артуына қарсы шықты. Лондонда да жүздеген тұрғын, оның ішінде мектеп оқушылары шеруге қатысып, «Біздің болашағымыз үшін күресеміз, олардың соғысы үшін емес» деген ұран көтерді

Францияда бағаның өсуіне, студенттер құқығының шектелуіне және полиция зорлық-зомбылығына қарсы шерулер алтыншы апта қатарынан өтті. Ішкі істер министрлігінің дерегінше, ел бойынша акцияларға 82,5 мың адам қатысқан. Оның 21,5 мыңы Парижде болған. Ұйымдастырушылар қатысушылар санын 150 мың деп бағалады.

Португалия астанасы Лиссабонда мыңдаған жұмысшы жалақы мен зейнетақыны көтеруді, баспананы қолжетімді етуді және мемлекеттік қызметтердің сапасын жақсартуды талап етті. Акция нөсер жаңбырға қарамастан өтті. Наразылық білдірушілер үкіметті күнделікті қажетті тауарлар мен қызметтердің бағасын төмендетуге шақырды.

Наразылыққа қатысушылардың айтуынша, табыстары баспана жалдау, азық-түлік сатып алу және коммуналдық төлемдерді өтеуге жетпейді. Португалияда 2017 жылдан бері тұрғын үй бағасы екі еседен астам өскен. Ал 2025 жылы елдегі орташа жылдық табыс Еуропалық одақтағы орташа көрсеткіштен 37 пайызға төмен болған.