Сыртқы көші-қон саясатын түбегейлі өзгерткен Қазақстан бүгінде аймақтың әр түкпірінен білікті мамандарды магниттей тартатын қуатты орталыққа айналды.
Көші-қонның жаңа келбеті
87
оқылды

Әсіресе көршілес Ресейде бюджетті үнемдеу науқаны салдарынан қысқартылған мыңдаған дәрігер және өзге де білікті мамандар елімізден жұмыс таба бастады. Қарқынды жүріп жатқан салалық реформа шетелдік маман тартудың жаңа шартын айқындады: енді жатжұрттық қызметкерден мемлекеттік тілді білу талап етілмек. Сырттан келетін кадрларға тағы қандай шарт қойылады?

Ұлттық статистика бюросының мәліметінше, 2025 жылы елге келіп, тұрақ тапқан еңбек мигранттарының саны 23 761 адамды, елден түп көтеріліп көшіп кеткен қазақстандықтардың саны 7 608 адамды құрады. Көші-қон айырымы – 16 153 адам. 90-шы жылдардан бері кері­сінше, Отанын тастап кеткен қазақстан­дық­тардың легі Қазақстанның тұрғылық­ты тұрғынына айналған шетелдіктерден бір­неше есе асып түсуші еді. Енді сол ке­­сірлі үрдіс тоқтап, республика өзге ел­дер­­дің азаматтары үшін тартымды «жерұйық мекенге» айналды.

Әйткенмен, рекордтық 2024 жылға қарағанда Қазақстанға келгендер саны 20,7%-ға, Қазақстаннан кеткендер саны 40,5%-ға азайыпты. Елдің негізгі көші-қон алмасуы ТМД мемлекеттерімен арада жү­реді: бұл аймақтан келгендердің үлесі – 81,8%, ондағы елдерге көшіп кеткендер­дің үлесі – 71,8%. 2025 жылы Өзбекстаннан 11,8 мың, Ресейден 4,7 мың, Қытайдан 2,6 мың адам келген. 

Ал 2026 жылғы қаңтар-маусымда елде тұрақты тұруға 8 014 шетелдік келіп, 2 311 қа­зақстандық кеткен: көші-қонның оң айы­рымы 5 703 адамды құрады. 2025 жыл­дың осы кезеңімен салыстырғанда кел­ген­дер 28,9%-ға, кеткендер 34,3%-ға азай­ды. Биылғы І-ші жартыжылдықта елге көшіп келгендердің 52,5%-ы – қазақ қан­дастар (былтыр 55,8% болған), 14,4%-ы – орыс­тар (2025 жылы 15,6%), 9,2%-ы – қарақалпақтар (5,8%), 8,6%-ы – өзбектер (4,8%), 1,5%-ы – украиналықтар (2,1%), 1,2%-ы – немістер (1,2%), қалғаны – өзге ұлт­тар. Қазақстанда тұрақты тұру үшін кө­шіп келушілер қатары жыл санап қар­қынды өсіп келеді: статорганның дерегінше, 2021 жылы – 11 039, 2022 жылы – 17 425, 2023 жылы – 25 387, 2024 жылы – 29 282, 2025 жылы – 23 761 шетелдік ел­де жерсініп қалды. Бүгінде Қазақстанда тұрақты тұрып, жұмыс істейтін шетелдіктердің жалпы саны 212 мыңға жетті.

Тілдің әділ талабы күшейеді

Қазақстан қазір кім көрінгенді қабылдай бермей, тек таңдаулы мамандарды ға­на «шетінен шертіп жүріп» іріктеп алатын жағдайға жетті. Бұл өзгерістің өзегінде бір ғана еңбек нарығы емес, кірігу мен қоғамдық тұтастық идеясы жатыр. Бейім­деу жүйесінің маңызды тетігінің бірі – мемлекеттік тілді меңгеру деңгейін бағалау. Ол елге қоныс аударғандардың қо­сым­ша қолдау шараларына деген қажетті­лі­гін айқындап, қоғамға үйлесімді кірігуі­нің жеке тәсілін қалыптастыруға мүм­­­кіндік береді. Тіл бұл жерде сүзгі емес, жаңа ортаға жол ашатын алғашқы алтын көпір іспетті. 

– Қазақ тілін меңгеру деңгейін бағалау елге келушілердің қазақстандық қоғамға табысты бейімделуі үшін қандай қолдау қажет екенін айқындауға бағытталған. Қажет болған жағдайда оларға тиісті мемлекеттік қолдау шаралары көрсетіледі, – деді ЕХӘҚМ Көші-қон комитеті төрағасының орынбасары Эльмира Тілләбайқызы. 

Осы тұрғыдан алғанда, тіл талабы сырт­тан келушіні шеттету емес, оның қо­ғам­ға кірігуінің бастапқы деңгейін анық­тайтын құрал ретінде қарастырылады.

– Қандас мәртебесін алуды немесе Қа­зақстанда тұрақты тұруға рұқсат рә­сімдеу­ді жоспарлаған азаматтар үшін Қаз­тест тап­сыру – көші-қон әлеуетін кри­териалды бағалау кезеңінің бірі. Тес­тілеу арқылы адамның мемлекеттік тілді білу деңгейі анықталады. Қазтесттің негізгі мақсаты – адамның мемлекеттік тіл­ді күнделікті өмірде қолдану деңгейін жә­не қазақ тілінде қарапайым қарым-қатынас жасауға дайындығын анықтау, – деп хабарлады Еңбекмині.

Ведомствоның түсіндіруінше, тестілеу прокторинг жүйесі арқылы онлайн форматта өтеді. Тапсырмалар қазақ тілін күн­делікті өмірде қолдануға қажетті дағдыларды бағалауды көздейді. Сынақ тапсырмаларымен алдын ала танысып, дайындалғысы келетіндер үшін бейімдеу және интеграция орталықтарында тегін дайындық қарастырылған. Қажет болса, қайта тап­сыруға мүмкіндік бар. Ведомство ең алды­мен «Қазтест қазақ тілін терең білуді талап ететін күрделі емтихан емес» екенін атап өтті. Тестілеу түсінікті әрі қолжетімді фор­мат­та өтеді.

Еңбек министрлігінің мәліметі бойын­ша, бүгінде Қазақстанда адами капиталды дамытуға бағдарланған жаңа көші-қон саясатын кезең-кезеңімен іске асыру басталды. Көші-қон саясатының 2030 жыл­ға дейінгі тұжырымдамасы еңбек нары­ғының сұранысы мен елдің әлеуметтік-экономикалық басымдықтарын ескереді. Оның ішінде экономиканы қажетті еңбек ресурстарымен қамту, ішкі еңбек на­рығын қорғау, сұранысқа ие білікті ма­ман­дарды шетелден тарту, көші-қонды цифрландыру, тұрақты тұру рәсімдерін жетілдіру, жұмыс берушінің жауапкершілігін күшейту және тәлімгерлік институтын дамыту бар.

Өңірлерде жұмыспен қамтуға жәрдемдесу, тілдік тегін даярлық, медициналық сүйемелдеу және балаларын білім беру ұйымдарына орналастыру сияқты іс-шаралар кешені көрсетіледі. Осы арқылы Қазақстан барынша көп мигрант тартуға емес, ел ертеңінің жарқын болуына септе­се­тін адам капиталын басқаруға ұмтылып отыр.

Цифрландыру көші-қонды жеңілдетеді

Әлемде талант пен білікті маман үшін бәсеке күшейген заманда Қазақстанның миграциялық саясатты экономикалық стратегияның бір бөлігі ретінде қарастыра бастауы заңды. 

– Жаңа көші-қон саясаты шетелдік мамандар мен инвесторлардың елде тұрақтап, ұзақмерзімді әрі жемісті еңбек етуіне қолайлы жағдай жасауға, шетелдік адами капиталды тартуға және миграция­лық рәсімдерді цифрлық форматқа кө­шіруге бағытталған. e-Residency модулі бар бірыңғай QazETA цифрлық платформасын енгізу, e-Residency Invest бағдарламасын қабылдау, сондай-ақ 2026 жылдың соңына дейін арнайы «Алтын визаны» енгізу жоспарланған. Соңғысы, шетелдік жоғары білікті мамандарға, инвес­торлар мен кәсіпкерлерге бірқатар преференция ұсынады, салықтан босатады, – деді Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау бірінші вице-министрі Ербол Тұяқбаев.

Халықаралық көші-қон ұйымы Қазақ­стан­ның икемді және ашық көші-қон жүйе­сін қалыптастыруын уақытылы әрі стра­тегиялық маңызды қадам деп бағалап отыр: «Президенттің тиісті шешімін жүзеге асыру халықаралық таланттар мен инвестицияларды тарту үшін ғана емес, сонымен қатар жергілікті жастарды болашақ еңбек нарығына дайындау үшін де жаңа мүмкіндіктер ашады. Шетелдік бі­лікті мамандар елде өз шәкірттерін тәрбиелейді, тәжірибе алмасады», – дейді ХКҰ миссиясының жетекшісі Алия Белоносова. 

Әлемнің әр бұрышындағы дарын мен дағды-машық иелері шақыруға келуі үшін рәсімдер жеңілдетілмек. Еңбекмині еңбек иммигранттарына рұқсат беру және оны ұзарту үдерісін жаппай автоматтандырып жатыр. Енді рәсім толық онлайн форматқа көшіріп, eGov.kz және migration.enbek.kz порталдары арқылы қолжетімді болады. Үміткерге ХҚКО-ларға барудың да қажеті жоқ: жұмысқа тұруға рұқсатты ел­дің кез келген өңірінен, қашықтан рә­сім­деп, ұзарта алады екен. ЖИ-ге құрыл­ған жүйе медициналық анықтамалар мен сақтандыру деректерін мемлекеттік базалардан өзі жинайды. Өтініштің қаралуы­нан жергілікті атқарушы орган ше­шіміне дейінгі үдерісті онлайн бақылауға болады. 

Еңбек министрі Асқарбек Ертаевтың пайымдауынша, технологиялық өзгеріс­тер дәуірінде мемлекеттер инвестиция үшін ғана емес, адами капитал, құзырет жә­не жұмыс күшінің жаңа технологиялар­ға бейімделу жылдамдығы үшін де бәсекеге түседі. Қазақстан бұл міндетті data-driven government – дерек пен болжамды талдауға сүйенетін мемлекеттік басқару моделіне көшу арқылы шешуге ұмтылады. 

Migration.Enbek.kz порталында 24 мем­қызмет цифрландырылған, оның 11-і мобильді қосымшада қолжетімді. Пайдаланушылар саны 140 мыңнан асты, ал шешімдер өтініш берушінің жеке баруынсыз автоматтандырылған режимде қабылданады. Министр ЕАЭО елдерінен келетін мигранттар үшін 4 стратегиялық бастама ұсынды. Бұлар – еңбек мигрантының бірыңғай цифрлық профилін енгізу, көші-қон ағындары туралы деректермен нақты уақыт режимінде алмасу, жұмыспен қамту мен біліктілік жөніндегі ақпаратты біріктіру, сондай-ақ цифрлық платформалар қызметкерлерінің құқық­тарын қорғау.

Қорыта айтқанда, ҚазТест, көші-қонды цифрландыру, «Алтын виза», адами ка­питалды болжау – бір-бірінен бөлек бас­тама емес, бір жүйенің буындары. Ең бас­тысы, талантты тарту оны елде ұстап қалу, жерсіндіру, қазақ тілінде сайрайтын нағыз қазақстандыққа айналдыру үдеріс­терімен тығыз қабысқанда ғана нәтижелі болады.

Елдос СЕНБАЙ