Спорт журналисі Аслан Қаженов өзіне қысым көрсетіліп жатқанын мәлімдеді, – деп хабарлайды Aikyn.kz сайты.
Оның айтуынша, Жапониядағы оқиғадан кейін Геннадий Головкинге қатысты жазбасын өшіру талап етіліп, кейін жұмыстан өз еркімен кету мәселесі көтерілген.
Журналист қысым Жапонияда жүрген кезінде басталғанын айтты.
– Жапония төрінде болған жағдайды білесіздер. Сол кезде Геннадий Головкинге қатысты постты алмасаң эфирге шығармаймыз, жұмыстан шеттетеміз, заңмен қудалаймыз деген сияқты әртүрлі хабарлама келді, – деді ол.
Қаженовтің сөзінше, екі күннен кейін оған «ұлтаралық алауыздықты қоздырдың» деген себеппен сотқа тартылуы мүмкін екені де айтылған.
– Амал жоқ, постты алып тастадым. Отбасы бар, бала-шаға бар дегендей, – деді журналист.
Оның айтуынша, Астанаға оралғаннан кейін мәселе жұмыстан кету талабына ұласқан.
– Енді Астанаға келсем, жұмыста «қазір өз еркіңмен қызметіңнен кет немесе бірнеше бап бойынша соттатамыз дегенді» алға тартады. «Хабар» агенттігінің заңгері кәдімгідей ізденіп, бүкіл постымды зерделеп шығыпты. Арасынан «қаракөздер құқығын қорғамадың» дегенді ұлтаралық алауыздықты қоздыру, «сенің к...е кірмеймін» дегенді жеке басын балағаттау деп, кәдімгі ресми арыз-шағымдарын дайындап қойыпты, – деді Аслан Қаженов.
Журналист бұл істер Ішкі істер министрлігінде жатқанын да мәлімдеді.
– Егер өз еркіңмен кетпесең, басың бәлеге қалады дегенді қадап айтты, – деді ол.
А.Қаженов жазбасында сөз бостандығы мен журналистің құқығы мәселесін де көтерді.
– Біз өзі қандай елде өмір сүріп жатырмыз? Қазақ спортының проблемасын айту – қылмыс па? Қазақ спортшыларының жанайқайын жеткізуші – қылмыскер ме? Сөз бостандығы қайда? Журналистің құқығы қайда? – деді ол.
Сондай-ақ журналист Президент Қасым-Жомарт Тоқаевқа үндеу жасады.
– Құрметті, Қасым-Жомарт Тоқаев, бұл мәселе Сізге жетеді және назар аударасыз деп сенемін. Мемлекеттік арнада 15 жыл еңбек еткен қатардағы тілшіні осынша қысымға алып жатыр. Мен қарапайым адаммын. Біреулер сияқты төбеден тапсырма беретін саяси ықпалым да жоқ не азулы адвокаттарды жалдап қырылатын ақшам да жоқ. Бірақ обьективті түрде сын айта аламын. Сол арқылы отандық спорттағы жағдайларды оң бағытта реттеуге боларына сенімдімін…, – деп жазды Аслан Қаженов.
