Жамбыл облысының Қордай аудандық ауруханасында 60 жастағы әйел үш жылдан бері ем қабылдап жатыр.
Туыстары табылмаған 60 жастағы әйел Қордай ауруханасында үш жылдан бері жатыр
187
оқылды

Қатерлі ісікке шалдыққан науқастың осы уақытқа дейін туыстары да, жеке басын растайтын құжаттары да табылмаған, – деп хабарлайды Aikyn.kz сайты КТК телеарнасына сілтеме жасап.

Науқастың аты-жөні мен тұрғылықты мекенжайы белгісіз. Құжаттары болмағандықтан, өңірдегі бейімдеу орталықтары оны қабылдаудан бас тартқан. Ал дәрігерлер өздігінен жүріп-тұра алмайтын әйелді ауруханадан шығаруға мәжбүр болмаған.

Денсаулық сақтау басқармасының мәліметінше, үш жыл ішінде науқасты іздеп келген ешкім болмаған. Жақында тілі ептеп шыға бастаған әйел бұрын шаруа қожалығында мал баққанын айтқан.

Телеарна дерегінше, денсаулығы нашарлаған әйелді белгісіз адамдар аурухана алдына қалдырып кеткен болуы мүмкін.

– Науқастың туыстары мен жеке мәліметін табу мүмкін болмады. Еліміздегі ақпарат жүйесінен де ештеңе табылмады. Қазір науқасқа хирургия бөлімінде қажет ем-шарасы, күнделікті күтімі көрсетіліп жатыр. Оның жағдайы ауыр болғандықтан, біз оны ауруханадан шығарып жібере алмаймыз, – деді Қордай аудандық орталық ауруханасы бас дәрігерінің орынбасары Назгүл Тобышақова.

Қазір әйел дәрігерлердің тұрақты бақылауында. Медициналық мекеме қызметкерлері оған қажетті ем-дом мен күнделікті күтім көрсетіп отыр.