Әлемге әйгілі норвегиялық шахматшы Магнус Карлсеннің қазақстандық Бибісара Асаубаеваға қарсы партияларды ойнаудан бас тартуы халықаралық деңгейде талқыланып жатыр.
Бибісара Асаубаевамен ойнаудан бас тартқан Магнус Карлсен жазалануы мүмкін
Фото: FIDE
108
оқылды

Халықаралық шахмат федерациясы (FIDE) гроссмейстердің әрекетін Әдеп және тәртіп комиссиясының қарауына жібермек, – деп хабарлайды Aikyn.kz сайты.

Оқиға Венгрия астанасы Будапештте 10-20 қараша аралығында өткен Total Chess World Championship Tour Pilot турнирінде болды.

Жарыстың плей-офф кезеңінде Магнус Карлсен мен Бибісара Асаубаева 17–20-орындар үшін өзара кездесті. Норвегиялық гроссмейстер блиц пен рапид партияларында басым түсіп, жылдам классика форматындағы соңғы ойынға дейін жеңісін қамтамасыз еткен.

Осыдан кейін Карлсен қалған партияға қатысудан бас тартты. Қазақстандық шахматшы қарсыласын 15 минут күтіп, төрешілер шешімімен техникалық жеңіске ие болды.

Келесі ойын күні де осыған ұқсас жағдай қайталанды. Карлсен жалпы есепте алда тұрғандықтан, соңғы партияны өткізудің қажеті жоқ деп шешкен.

Оның бұл әрекеті шахмат қауымдастығында пікірталас туғызды. Өйткені турнир ережесіне сәйкес, қатысушылар жоспарланған барлық партияны ойнауға тиіс болған.

Карлсеннің мұндай шешім қабылдауына классикалық шахматтағы рейтингін сақтап қалу ниеті әсер еткен болуы мүмкін. Турнир барысында оның рейтингі 2801,2 ұпайға дейін төмендеген. Асаубаевамен өткен партиядағы сәтсіз нәтиже бұл көрсеткішті 2800 ұпайдан төмен түсіруі ықтимал еді.

Дегенмен мұндай себеп ресми түрде дәлелденген жоқ.

FIDE Карлсеннің ресейлік Владислав Артемьевке қарсы кездесудегі әрекетіне де назар аударды. Норвегиялық шахматшы бұл қарсыласымен жоспарланған үш партияға қатыспаған. Федерацияның бағалауынша, мұндай шешімдер жарыстың әділ өтуіне және турнир кестесіндегі орындардың бөлінуіне әсер етуі мүмкін.

Осыған байланысты FIDE материалдарды Әдеп және тәртіп комиссиясына жолдауды жоспарлап отыр. Комиссия шахматшының әрекеті ұйымның ережелеріне қайшы келген-келмегенін анықтауы керек.

Әзірге Магнус Карлсенге қатысты қандай да бір жаза жарияланған жоқ.

Айта кетейік, Будапешттегі турнирде Карлсен 17-орын, ал Бибісара Асаубаева 20-орын алды. Жарыстың жеңімпазы франциялық Алиреза Фирузджа атанды.