Халықаралық энергия агенттігінің (IEA) дерегінше, соңғы бес жылда әлемдік мұнай өнімдерінің нарығы 2021 жылғы 2 триллионнан 2026 жылы 3,5 трлн долларға дейін айтарлықтай өсті. Бүгінде дүниежүзі жыл сайын 4-4,5 млрд тоннадай ЖЖМ тұтынады. Әлемдік нарықтың «араны» ашылып келеді: кез келген елде өндірілген бензин, дизель мен керосиннің әр тоннасын әр тамшысына дейін лезде «жұтып» қояды, жұмырығына жұқ болмайды.
Төртінші зауыт қашан салынады?
60
оқылды

Осы орайда Қазақстан Президентінің елде заманауи 4-ші Мұнай өңдеу зауытын (МӨЗ) салу туралы тапсырмасы өзектілене түсті. Бұл бастама қашан жүзеге асады және ол үшін бүгінде не істеліп жатыр? 

Мұнайды өндірген емес, өңдеген ұтады

Екінің бірі біле бермес: ел тіз­­гі­нін қолға алған кез­де Қасым-Жомарт Тоқаев мұ­най өңдеу саласын аса күрделі жағ­дайда қабылдап алған-тын. Бұрыннан қордаланған, тіпті әбден былыққан түйткілдер стра­те­г­иялық маңызды сектордың ады­мын тұсап, өндірістің еңсесін тік­теуге мұрша бермей тұрған еді. Республикада жылда бензин дағ­дарысы туындайтын. Президент саланы ретке келтіруге білек сыбана кірісті: құзырлы органдарға қатарынан түгендеу-ревизия және тексеру жүргізу тапсырылды. 2021 жыл­ғы 10 шілдеде өткен Үкіметтің кеңейтілген отырысында Қ.Тоқаев оның алдын ала нәтижелерін жариялады. Мемлекет басшысының мәліметіне сәйкес, елді жанар-жа­ғармай материалдарымен толық қамту мақсатында 2018 жылы үш мұнай өңдеу зауытын жаңғырту жұ­мыстары аяқталды: оған мемлекет 2 триллионнан астам теңге шығындаған.

– Бұл жерде бізде үлкен проб­ле­ма бар! Осыдан кейін жыл сайын­ғы жөндеу жұмыстарының мер­зімі 45 күннен 20 күнге дейін қыс­қарады, ал зауытты жөндеуге то­лық тоқтату үш жылда бір рет қана жүзеге асырылады деп күтіл­ді. Алайда содан кейін жөндеу жұ­мыстарының саны да, жүргізу мер­зімдері де, апатты тоқтатулар са­ны да азайған жоқ. Соның сал­дарынан жанар-жағармай ма­те­риалдарының тапшылығы үнемі туындап, бағасы өседі. Тек биылғы жыл басынан отын бағасы 13%-ға қымбаттады. Оңтүстік өңірлеріміз жа­нар-жағармайды талонмен бо­сатуға мәжбүр болып отыр, – деді Қ.Тоқаев.

Ол Атырау мұнай өңдеу зауы­тын­дағы сол кездегі апатқа кінәлі тұл­ғаларды жазалауды жүктеді. Осы­ған орай Энергетика министрі жә­не басқа тұлғаларға сөгіс жария­ланды, өзге де жауапкершілік ар­қалады. Саладағы ахуалды ел бас­шылығы қатаң бақылауға алды. 

Тығырықтан шығудың бір жо­лы ретінде Мемлекет басшысы МӨЗ-дердегі жөндеуаралық кезеңдерді ұзартуды және баға ауытқуын төмендету үшін демп­фер­лер құруды тапсырды. Прези­дент «қазақстандық мұнай өңдеу зауыттарының жұмысында қара­жат­­ты жылыстатуға (отмывание) қатысты көптеген сұр схема ба­рын» мәлімдеп, Қаржылық мо­­ниторинг агенттігі мен Есеп ко­митетін тиісті шара қабылдауға мін­деттеді.  

Қасым-Жомарт Кемелұлы бұл мә­селені келесі, 2022 жылғы 14 шіл­дедегі Үкіметтің кеңейтілген оты­рысында да көтерді. Прези­дент­тің тапсырмасымен МӨЗ-дер қызметіне жаппай тексеру жүр­гізілді. Мәселен, 2020-2021 жыл­дары жоспардан тыс тоқтап қалудың 410 фактісі тіркелген: Аты­рау мұнай өңдеу зауытында – 372, Павлодар мұнай-химия зауы­тын­да – 14, Шымкент мұнай өңдеу зауытында – 24. 

Содан бері саладағы жағдай бір­шама түзелді. Бұл Мемлекет басшысына Үкімет алдына жаңа тұрпатты міндеттер қоюы­на мүмкіндік берді. 2026 жылғы 10 ақпанда өткен Үкіметтің кеңей­тіл­­ген отырысында Қ.Тоқаев «қа­ра алтынды» шетелге шикізат тү­рін­де шығара бермей, барынша те­реңірек өңдеп, дайын тауарға ай­налдыруды қадап тапсырды. Қа­зақстанда жылына 100 млн тон­наға дейін мұнай өндіріледі, бірақ елде соның тек 18 миллионы ғана өңделеді. 

– Соның салдарынан біз мұ­най өндіруші ел болсақ та, жыл өткен сайын дизель отыны бойын­ша тапшылық пайда болып жатыр, авиациялық керосинде де им­портқа тәуелдіміз. Сондықтан Үкі­мет жаңа, 4-ші мұнай өңдеу зауы­ты­ның құрылысына қатысты байып­ты шешім қабылдауы қажет. Ең алдымен, ол МӨЗ-ге шикізат қай­дан жеткізілетінін, қандай өнімді және қанша көлемде өн­діретінін дұрыс есептеу керек. Бұл жобаны іске асыруға жеке ин­вестор тарту керек. Бүгінде мұн­дай ірі жобаны тек мемлекет қаржысына салу өте тиімсіз. Ме­ніңше, жобаның құнын мұқият есеп­теген абзал, – деді Президент.

Басты бір өлшем – баға мәселесі

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың биыл­ғы кеңей­­­­тілген отырыста берген тап­­­­сырмаларының орындалу ба­ры­­­сы жуырда Үкіметте өткен кеңес­­­те жеке қаралды. Оның қо­ры­­­­тындысында Премьер-министр Олжас Бектенов жауапты тұл­­ғаларға 2026 жылдың соңына дейін төртінші МӨЗ-ді салу мә­се­лесін кешенді бағалауды аяқ­тау­ды, оның оңтайлы қуатын, кон­­­фигурациясын, шикізат ба­за­­сын, орналасу орнын және эко­номикалық моделін айқындай оты­рып, түпкілікті шешімдер қа­был­­дауды тапсырды.

Мұның сыртында орта және ұзақмерзімді перспективада ішкі нарықтың қажеттіліктерін өтеу үшін саланың өндірістік әлеуетін арт­тыру бойынша бірқатар тап­сыр­ма берілді. Жауапты меморган­дар мен мүдделі ұйымдарға мұнай өң­деу қуаттарын кеңейту жобала­рын тұрақты бақылауда ұстау, мер­зімдердің кешіктірілуіне жол бермеу және нысандардың уақытылы іс­ке қосылуын қамтамасыз ету жүк­телді. Мұнай өнімдеріне деген іш­кі сұраныстың ұлғаюын ес­керіп, «қара алтынды» өңдеуді одан ары те­реңдетуге ерекше назар аударыл­ды.

«Мұнай өңдеу қуатының ар­туы ішкі нарықтағы ЖЖМ ба­­ға­­­­сының тартымдылығымен ті­ке­лей байланысты. Қазақстанда бен­­зин мен дизель отынының ба­­­ға­сы көр­ші елдердегіден екі есе төмен бол­ғандықтан, мұнай өң­­­деу саласына инвестиция салу экономикалық тұрғыдан тиім­­сіз. Сондықтан нарық­ты ырық­­тандыруды белсенді түр­де жалғастыру қажет. Бұл – эко­но­ми­калық қауіпсіздік мәселесі», – деп атап өтті О.Бектенов. Демек, Үкі­мет ішкі бағаларды жасанды түр­де арзандау деңгейде сақтап қалу тәжірибесінен біртіндеп бас тартады.

Өз кезегінде салаға жауапты тұл­­ғалар 4-ші зауытты салмас бұ­рын, алдымен қолданыстағы МӨЗ-дерді жаңғыртып, қуатын арт­тыру арқылы қарқынды өскен сұранысты өтеу идеясын ілгерілетіп жатқаны мәлім. «ҚазМұнайГаз» ҰК» АҚ басқарма төрағасы Асхат Ха­сеновтің айтуынша, Шымкент МӨЗ-інің қуатын жылына 6 млн тон­надан 2030 жылға қарай 12 млн тоннаға дейін, ал Павлодар МХЗ-ның қуатын 5,5 млн тоннадан 9 млн тоннаға дейін арттыру жос­парланып отыр. Атырау МӨЗ-інде «Тиімділікті арттыру жобасы» қолға алынған: бұл жоба аясында зауыттың өндірістік қуаты 5,5 млн тоннадан 6,7 млн тоннаға дейін ұл­ғаяды. 

Ресми мәлімет бойынша, жұ­мыс істеп тұрған үш МӨЗ-ді кеңейту жобалары олардың жиын­тық қуатын жылына 18 миллионан 29,2 млн тоннаға дейін арттыруға мүм­кіндік береді. Сөйтіп, 11,2 млн тонна қосымша көлем пайда болады. Үкімет осы жоспарын толыққанды орындай алса, елде жаңа МӨЗ іске қосылғандай әсер бермек.

Мұнай өңдеудің жаңа межесі

Бірақ бұл жаңа зауыт тұрғызу бас­тамасынан мемлекеттің бас тарт­қанын білдірмейді. Энергетика вице-министрі Қайырхан Тұтқышбаев 4-ші МӨЗ салу мә­се­лесі әлі де пысықталатынын жет­кізді. Оған деген қажеттілік бәрі­бір туындайды. Себебі Энергетика министрлігінің болжамынша, ұзақмерзімді перспективада елдің мұнай өңдеу қуаттылығына деген қажеттілік жылына 40 млн тоннаға жетпек.

Бұл ретте жаңа МӨЗ тек ЖЖМ шы­ғарумен шектелмей, мұнайды барынша терең өңдейтін алып кә­сіпорынға айналады деп күтіледі. Энер­гетика министрлігінің Мұ­най­­ды тасымалдау және өңдеу де­партаментінің директоры Дәу­лет Арықбаев мұның жай МӨЗ емес, «жаңа, ірі мұнай өңдеу әрі мұ­най-химия кешені» болатынын жеткізді. Сонда Қазақстан қол­даныстағы үш МӨЗ-ді кеңейту жә­не жаңа кешенді салу есебінен мұ­най өңдеудің жиынтық қуатын бо­лашақта жылына 38-40 млн тон­на­ға дейін ұлғайта алатын болады. 

– Біз жаңа МӨЗ жобасын іске асыруды жеделдету туралы шешім қабылдадық. Жыл соңына дейін ол орналасуы мүмкін 4 ықтимал об­лысқа бағалау жүргізіледі. Содан кейін құрылыс үшін оңтайлы өңір ресми түрде анықталады. Жаңа зауыт заманауи мұнай-хи­мия кластерінің өзегіне айналады. Оның жылдық қуаты 10 млн тон­наға дейін мұнайды өңдеуге жарайды, – деді Дәулет Арықбаев.

Энергетика министрлігі жаңа ке­шеннің құрылысын тездетіп, 2033 жылға дейін пай­да­лану­ға беруді жоспарлап отыр. Оның алдын ала техникалық-эко­но­микалық негіздемесін (пред-ТЭН) әзірлеу аяқталуға таяған. Ұлы­тау, Атырау, Маңғыстау және Түр­кістан облыстарындағы 4 әлеует­ті алаңға салыстырмалы тал­дау жүргізіліп жатыр. Өңірді түп­кілікті таңдау осы жылдың соңына дейін тәмамдалуға тиіс.

ЭМ Мұнайды тасымалдау және өңдеу департаментінің басшысы Шымкент МӨЗ-інің қуатын 12 млн тоннаға дейін арттыруды көз­дейтін жобаның техникалық-экономикалық негіздемесін қы­тайлық CNPC-нің Шығыс-Қы­тай жобалау институты әзірлеп жат­қанын мәлімдеді. Павлодар мұ­най-химия зауытының жылдық қуаты 2031 жылға қарай 9 млн тоннаға дейін, ал Атырау МӨЗ-ін­де кезең-кезеңімен, 2028 жылға қарай 6,7 млн тоннаға дейін арттырылады. Президент тапсырғандай, кәсіпорында жөндеуаралық кезең 3 жылдық циклге көшірілмек.

Қуаты артқан зауыттарға кө­бірек «қара алтын» керек болады. Шикізат оларға теміржол не автоцистерналармен емес, тікелей құ­бырмен тасымалданады. Мұнай өң­деу қуаттарының артуына дайын­дық аясында Үкімет отандық зауыттарды қажетті көлемде шикі­зат­пен қамту үшін мұнай жеткізуші инфрақұрылымын кеңейтіп жатыр. 

«Атап айтқанда, кеңейтілетін Шым­кент МӨЗ-і үшін Қазақстан – Қытай мұнай құбыры жүйесін кеңейту, 5 жаңа мұнай айдау стан­­са­сын салу және ұзындығы 189 ша­қырымдық лупинг тарту мә­селесі пысықталу үстінде. Кен­қияқ – Атырау мұнай құбырының өт­кізу қабілетін жылына 15 млн тоннаға дейін, ал Кенқияқ Құмкөл учаскесінің өткізу мүмкіндігін жылына 20 млн тоннаға дейін арттыру жоспарланған. Жобаны Қытаймен бірге тең, паритеттік негізде іске асыру мәселесі қарастырылып жатыр», – деді министрлік өкілдері. 

Жалпы, Қазақстан мұнай өң­деуді дамытуды үдетті. 2025 жылы мұ­най өңдеу көлемі 18,4 млн тон­наға дейін өсіп, жоспардан 4,5%-ға жоғары болды. Мұнай өнімдерін өндіру 15,47 млн тоннаны құрап, жос­парлы көрсеткіштен 6,3%-дан асты. 2026 жылы 15,49 млн тонна мұнай өнімін өндіру жоспарланып отыр. 

Саланы одан әрі дамыту мақ­сатында Үкімет 2025-2040 жыл­дар­ға арналған мұнай өңдеу сала­сын дамыту тұжырымдамасын бекітті. Құжаттың негізгі міндеті – мұнай өңдеу қуаттарын едәуір арттыру және қолданыстағы МӨЗ-дердің тиімділігін жоғарылату. Сондай-ақ мұнайды өңдеу тереңдігін 89%-дан 94%-ға дейін арттыру, мотор отындарын өндіру көлемін ұлғайту және мұнай-химия саласын дамыту қарастырылған. Бұдан өзге мұнай өнімдерінің сапасын экологиялық К4-тен К5+ стандартына дейін кезең-кезеңімен арт­тыру көзделген.

Осы жобалар Қазақстанға бірін­шіден, мұнай өңдеу көлемін едәуір ұлғайтуға, екіншіден, отан­дық шикізатты тиімді пайдалануға және терең өңдеуге мүмкіндік бе­реді. Үшіншіден, ішкі және сыртқы нарыққа саудаланатын отандық мұ­най өнімдерінің ассортименті ар­тады. Төртіншіден, жекелеген өнім түрлері бойынша өзге мемле­кеттерге тәуелділік азайтылады. 

Қорыта айтқанда, мұнай өң­деуді дамыту – Қазақстанның қа­­ра алтын өндіру саласын транс­­формациялаудың негізгі бағытының бірі. Мұнда негізінен ши­кізаттық модельден толық өн­діріс­тік цикл қалыптастыруға және қосылған құны жоғары өнімдер шығаруға басымдық берілмек.

Айхан ШӘРІП