Кезекті кейіпкеріміз – сол іргелі ғылымға ғұмырын арнап, тың тақырыпты тереңдете зерттеп, оны жаңа бағыт ретінде қалыптастыруға салмақты үлес қосып келе жатқан ғалым. Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің профессоры, педагогика ғылымдарының докторы Перизат СЕЙІТҚАЗЫМЕН сәті түскен сұхбатымыз рухани-танымдық әңгімеден басталды.
– Перизат Байтешқызы, әуел бастағы мамандығыңыз бойынша географ-биолог екенсіз. Педагогика саласына қалай бет бұрдыңыз?
– Оқушы кезімде екі мамандыққа қатты қызықтым. Бірінші, мұғалім болғым келді. Екінші, журналистикаға ықыласым ерекше ауды. Алайда екінші таңдауымды, яғни журналист мамандығын ата-анам қыз балаға қол емес деп, қолдай қоймады. Ол кезде кітаптан бас алмайтынбыз ғой, бірде қолыма жазушы Зейін Шашкиннің «Доктор Дарханов» атты романы түсті, ол кітапта аспиранттардың өмірін баяндайтын тұсы бар еді. Аталған шығарманы оқығаннан кейін, «Аспиранттардың өмірі қалай болады екен?» деген cауал туындады. Сол қызығушылық ғылым жолына бастау болатынын, әрине, ол кезде білген жоқпын. Сөйтіп, Қазақ мемлекеттік қыздар педагогикалық институтының «география-биология пәнінің мұғалімі» мамандығына оқуға түстім. Болашақ мұғалімдерге педагогика пәні терең оқытылатыны белгілі. 2-курста сабақ берген оқытушым Айгүл апай қабілетімді байқаған болуы керек, педагогикаға бейімдеп, студенттер арасында өткізілетін әртүрлі ғылыми іс-шараға қатыстырды. Өзім де институттың қоғамдық өміріне белсенді араласа бастадым. 2-курстан бастап факультеттің жастар ұйымын басқардым. Оқу орнын тәмамдаған жылы институт басшылығы тарапынан жоғары оқу орны жастар ұйымының жетекшілігімен қатар педагогика кафедрасында сабақ беру ұсынылды. Сөйтіп, сабақ берген оқытушыларыммен әріптес болып шыға келдім. Еңбекке араласа жүріп ізденуші ретінде ғылыммен айналысуға мүмкіндік туды. Ғылыми жетекшім, қазақ әйелдерінен шыққан тұңғыш педагогика ғылымдарының докторы, академик Күләш Құнантайқызы маған «Баспасөзде, «Лениншіл жас» пен «Социалистік Қазақстан» газеттерінде білім, тәрбие мәселелерін қалай насихаттайды екен, соны зертте» деді. Бұл мені ерекше қуантты. Бір ұстазым педагогикаға, екінші ұстазым ғылым арқылы журналистикаға жақындатты. Жас кезде барлығын өзіміз жасайтындай, қалағанымыздың бәріне өзіміз жететіндей көреміз ғой. Ал шын мәнінде алдағы өміріңнің қай бағытта өрбитіні тағдырыңда тоғысатын тұлғаларға да байланысты болады екен. Осылайша, жанашыр жандардың арқасында бала күнімде санамның бір түкпіріне жазылған армандарыма қол жеткіздім.
– Ұстазыңыздың көрегенділігіне қайран қалып отырмын. Медиадағы білім мен тәрбиенің жыл өткен сайын маңызы арта беретінін алдын ала білгендей ме, қалай?
– Иә, дұрыс айтасың. Әуелі ғылыми жетекшім ұсынған тақырыппен кандидаттық диссертациямды қорғадым. Жаңадан отбасын құрып, сәбилі болған кезіміз, ғылыми еңбек жазу оңайға соқпады. Күйеуім де өз мамандығына сай кандидаттық тақырып алған еді, менің қиналғанымды көріп, зерттеуін жылы жауып қоя салды. Ғылым жолының жауапкершілігін сезінген соң, кандидаттық диссертация қорғасам жетеді деп шештім. Алайда Күләш Құнантайқызы докторлық дәреже қорғап алуымды қайта-қайта есіме сала берді. Қысқасы, қызметтік ұсыныстардан бас тартып, түбегейлі ғылымға ден қойдым. Өйткені ғылыми жетекшім: «3-4 жыл ішінде жазылған докторлық жұмысты мойындамаймын» деді. Өзі бір тақырыпты он жылдан аса уақыт зерттеген. Сөйтіп, бұл жолы тек баспасөзбен шектелмей, зерттеу нысанына телеарна, радио, сайт өнімдерін де қостым. Ол уақытта отағасы қызмет бабымен Астанаға ауысып, мен Л.Гумилев атындағы Еуразия университетінде кафедра меңгерушісі қызметінде жүрдім. Ғылыми кеңесшім Алматыда тұратын, бұған қоса кітапхананың құнды әрі мол қоры да сол жақта еді. Сондықтан аталған шаһарға жиі қатынауға, кітапханада тапжылмай отыруға тура келді. Ақыры көп жылғы зерттеуден кейін бұқаралық ақпарат құралдарындағы білім мен тәрбие мәселесі бойынша докторлық диссертациямды қорғадым.
– Сол докторлық диссертацияңыз ірі де іргелі педагогика ғылымының бөлек бір бағытына айналды. Бүгінде еліміздегі педагогика бойынша медиабілім саласындағы санаулы ғалымның бірісіз. Осы саладағы өзгерістер жөнінде айта кетсеңіз?
– Қазір медиапедагогика болашақ мұғалімдерді медиабілім, медиасауаттылық, медиатехнология, ақпараттық мәдениет, цифрлық құзыреттілік, медиа құзыреттілік, ақпаратты талдау, білім саласында БАҚ өнімдерін қолдану тұрғысынан сауатты болуға баулитын педагогика ғылымының басты бағдарына айналды. Ең бастысы, медиапедагогика мұғалімге оқушылар әлемінен хабардар болуға, олардың өмір сапасы мен келешегін зерделеуге мүмкіндік береді. Медиабілім тақырыбының шеңберінде жоғары оқу орнында бірнеше курс, бірқатар пән енгізіп, оқу құралдарын жаздық. Бұқаралық ақпарат құралдары мен педагогиканы ұштастырған докторлық диссертацияның өміршеңдігін осыдан көруге болады. Студенттер «Медиапедагогика», «Медиабілім», «Киберпедагогика» курстарын оқыса, магистратурада заман талаптарына сай курстар «Цифрлық педагогика» деп күрделене береді. Бұлардың бәрі – негізінен міндетті пәндер емес, таңдау пәндері. Соған қарамастан, студенттер өз еркімен осы курстарды меңгеруге ықыласты. Заман талабынан сай пәндерді оқып, сұранысқа ие маман болғысы келеді. Тіпті жаңа бағытты, медиабілімді зерттеуге ден қойғандар саны да артып келеді. Мысалы, осы күнге дейін ғылыми жетекшілігіммен медиабілім тақырыбына байланысты 4 ғылым кандидаты, 14 философия докторы (PhD), көптеген магистр даярланды.
– Кибербуллинг қазір қоғамдағы өте өзекті мәселеге айналды. Мұның соңы тіпті қайғылы жағдайға да ұласып жатыр. Осы ретте оқушы бойындағы өзгерістерді ерте анықтау мақсатында мұғалім нені білуі керек?
– Бәрі сол медиасауатты арттырудан басталады. Кибербуллингтің алдын аламыз десек, медиасауаттылыққа ерекше мән беруіміз қажет. Жасанды интеллект заманында цифрлық сауаттың бастауы медиасауаттылықта жатыр. Яғни үлкендердің медиамәдениетін, оқушылардың медиасауатын, мамандардың медиақұзыретін көтерген абзал. Мәселен, біздің Педагогика кафедрасының оқытушылары мен докторанттарының қатысуымен Ғылым және жоғары білім министрлігінің бағдарламалық-мақсатты қаржыландыруымен балаларға қатысты буллингтің алдын алу шараларын әзірлеу жөнінде зерттеу жүргіздік. Зерттеу тобы мектептердің келісімімен еліміздің түкпір-түкпіріне анонимді анкеталар таратты. Солардан келген жауаптар жинақталды. Кейін ауқымды талдау жасалды. Бұдан кейін ата-аналарға, мұғалімдерге арналған оқу құралдарын шығардық.
Жалпы, мұғалім оқушының күнделікті эмоционалды жағдайына ұдайы мән беру керек. Буллинг кезінде балалар үндемей, іштен тынады, тұйықталып қалады. Осындай өзгеріс байқалса, бірден дабыл қағу қажет. Әрине, бір сыныптағы 30-35 баланы бақылау қиын. Мектептер қатары көбейіп, сыныптағы оқушылар саны азайған күнде балалардың көңіл күйін бақылау да жеңілдей түсер еді. Қалай десек те, буллинг мәселесін назардан тыс қалдыруға болмайды.
– Сіздің ғылыми бағытыңыз, бір жағынан, телефонға телмірген ұрпақты түрлі қауіптен қорғайтын зерттеу болса, бір жағынан, пайдалы контентті насихаттау секілді. Жалпы, педагогтер балдырғандар мен жасөспірімдерге арналған медиа өнімдерден хабардар болуға тиіс қой?
– Қазіргі заманда мұғалімдер медиа өнімдерден міндетті түрде хабардар болуы керек. Бұл мұғалімге оқушысының қандай контентті тұтынып отырғанын, виртуалды әлемін білуіне көмектеседі. Балалар мен жасөспірімдерге арналған заманауи медианы білу ең алдымен маман ретінде өзіне, содан соң оқушыға керек. Қай контент бала бойына қандай пайдасы немесе зияны барын біліп тұрады. Қазір кез келген үйде ересектердің бақылауынсыз экраннан көз алмайтын буын өсіп келеді. Ал оны бақылау – бір мәселе, қалай бақылау керегі – өткір тұрған екінші мәселе.
Әрине, барлық жоғары оқу орнында медиабілімге қатысты пәндер оқытылмайды. Дегенмен еліміздің әр өңірінде еңбек етіп жүрген шәкірттерім бар. Олар медиабілімге қатысты тақырыпта бірі магистрлік, кейбірі PhD дәрежесін қорғаған. Сол ізбасарларым өз өңірлеріндегі жоғары оқу орындарына медиапедагогиканы, түрлі курсты енгізіп жатыр. Ал кейбір жоғары оқу орындарының оқытушылары хабарласып, аталған пәндерді енгізуге рұқсат сұрайды. Біз көмектесуге әрқашан дайынбыз, қажетті оқу құралдарымен де қамтамасыз етеміз.
– Қазір әлеуметтік желі таным мен ойын-сауықтың ғана емес, ақ-қараны әлі толық ажырата қоймайтын жас буынға қауіп-қатердің де ортасы болып отыр. Жаңа медианың осы жағын зерттеп көрдіңіздер ме? Тыйым салу түйткілдің түйінін түбегейлі тарқата ала ма?
– Әлеуметтік желі былай тұрсын, қазір жасанды интеллектінің дәуірі жүріп тұр емес пе. ЖИ дәуірінде медиапедагогиканың да маңызы арта түсті. Зерттеулер арқылы балалардың әлеуметтік желіде тым көп отыратынын, жасына сай емес контенттерді тұтынатынын жан-жақты негіздей алдық. Мұны анықтау мақсатында 7-сыныптан бастап жоғары сынып оқушылары арасында сауалнама жүргіздік. «Балалы үйдің ұрлығы жатпас» дейді ғой, олар шынайы жауап береді. Ойын ашық айтады. Дегенмен тыйым салумен ғана мәселе шешілмейді. Себебі бірдеңеден тыю, керісінше, баланы соған құштар етеді. Ғылыми зерттеудің нәтижесіне үңілсек, тиімді тәсілін таба аламыз. Мысалы, зерттеулерімнің бірінде баламмен бірге тапжылмай отырып мультфильмді тамашаладым. Анимация адамның назарын сағаттап ұстап тұрады. Кейін зерделеп білгеніміздей, шетелдің ірі анимациялық компанияларында бір өнімді әзірлеу барысында көптеген психолог жұмыс істейді екен. Сондықтан мектеп, оқушы, ата-ана үштағаны бір-бірімен байланыста жұмыс істегенде ғана түпкі мақсатқа жете алады. Ата-ананың жауапкершілігін арттыру, мұғалімнің медиапедагогикалық білімін шыңдау арқылы баланың ішкі әлеміне еніп, жағдайды түзете аламыз.
– Отандық ғылымның жай-күйі қалай, дамуына тежеу болып тұрған қандай кедергілер бар, оларды шешу жолы туралы не айтасыз?
– Қазір мемлекет ғылымға айрықша назар аударып отыр, түрлі грант пен жобаларға қаржы бөлінеді. Болашақ ғалымдарға да жағдай жасалған. Алайда докторанттардың қорғау көрсеткіші төмен деңгейде екені жиі айтылады. Халықаралық журналдарға мақала шығару талабы да бар. Десе де, кейбір гуманитарлық ғылымдардан аталған талап алынып, отандық ғылыми журналдардың әлеуеті артып, докторанттардың мүмкіндігі кеңейді. Ал қорғау көрсеткіші төмендігінің бір себебі – докторанттың көпшілігі жұмыс істей жүріп оқитынында деп ойлаймын. Сананы тұрмыс билейді, бірақ докторанттың күнкөрісі саналатын жұмысы ғылымға, өзінің зерттеу бағытына сай болса, бір сәрі. Өкініштісі, көп жағдайда олай бола бермейді. Ғылым жолы – ауыр жол. Сол себепті әрбір докторант отандық ғылымның дамуына титтей де болсын үлес қосамын десе, ғылыми еңбегін дер кезінде қорғағаны абзал.
Қазір көпшілік ғылыми дәреже мен академиялық дәреженің аражігін ажырата алмайды. Кезінде кандидаттықтың өзі екінің бірі қол жеткізе бермейтін ғылыми дәреже болатын. Ал ғылым докторы дегеніңіз – талай жылын ізденіске арнаған, іргелі зерттеу жүргізген еңбек иесі. Қазір докторантураны бітіріп қорғағандар – ғылым докторы емес, философия докторлары. Бұл – академиялық дәреже. Ал белгілі бір сала бойынша ғылым докторы дәрежесін алу үшін ғылыми ізденісті әрі қарай жалғастыру керек.
– Қазір өзіңіз де шәкірт тәрбиелеп жүрсіз. Сізге ұстаз болған, әлгінде атын атағанда көзіңізде бөлек бір мейірім тұнған академик Күләш Құнантайқызының қандай қасиетін көңілге түйдіңіз? Ізбасарларыңызға не бере алдыңыз?
– Жан тазалығы. Ар тазалығы. Апайдың осы қасиетін бойыма дарыттым деп ойлаймын. 90-жылдардағы тоқырау кезеңінде көп маман мамандығын ауыстырып кетті. Біз таңдауымызға адалдық таныттық. Өз ісімізге, ғылымға да адал болдық. Бұл – қай кезеңде де өзектілігін жоғалтпайтын құндылық. Күләш Құнантайқызының талапшылдығынан көптеген әріптесім онымен әңгімелесуге тартынатын, апайдың мысы басып тұратын. Ал сондай кісі мені өзіне етене жақын тартты. Өкінішке қарай, ұстазым өмірден өтіп кетті. Бақиға аттанса да әлі күнге дейін естеліктерімен, санамда қалған сәулелі сәттерімен ұстаздық етіп келеді. Күләш Құнантайқызы қандай жоғары қызметтерде болса да ғылымнан қол үзген жоқ әрі оған адалдығын сақтады, ғылымға бар ғұмырын арнады. Мен де сол жолды таңдадым, студенттеріме де өз кәсібінен қол үзбеуді, табандылық танытуды шамам келгенше үйретіп, үлгі етіп келемін. Шәкірттерім баршылық, әр өңірдегі осы жаңаша бағытты қалыптастырып, таратып жүрген, алды философия докторлығын қорғаған ізбасарларым – талай жылғы жұмысымның жемісі, еңбегімнің өнімі.
– Ғылымдағы қалдырған ізіңіз ұзағынан болғай! Кейінгіге шабыт сыйлар, өнеге болар, тағылымды да әсерлі әңгімеңізге рақмет!
– Әумин, айтқаныңыз келсін!
Әңгімелескен Айдана ШОТБАЙҚЫЗЫ, журналист
