Өскемен қаласында үш жергілікті тұрғын қылмыстық-атқару жүйесі мекемесінің аумағына тыйым салынған зат болуы мүмкін түйіншекті лақтыруға әрекеттенген, – деп хабарлайды Aikyn.kz сайты.
Күдікті адамдарды ҚР ІІМ Ұлттық ұланының сақшысы дер кезінде байқады.
Оқиға түнгі уақытта болған. 6699 әскери бөлімінің мерзімді әскери қызметшісі қатардағы Еркін Серіков кезекшілік кезінде мекеме қоршауының сыртында жүрген үш ер адамды байқайды. Ол дереу дабыл қағып, қарауыл бастығына баяндады.

Көзге түскендерін аңғарған ер адамдар оралған түйіншекті қоршаудың сыртындағы бақылау-із кесу жолағына тастап, оқиға орнынан қашуға әрекеттенген. Ұландықтар мен мекеме қызметкерлерінің жедел әрекетінің арқасында күдіктілер ұсталды.
Түйіншекті тексеру барысында жасыл түсті, өзіне тән иісі бар өсімдік тектес зат анықталды. Тәркіленген зат құзырлы органдарға тапсырылды. Аталған дерек бойынша тексеру жүргізіліп жатыр.
Құқықтық тәртіп әскерінің әскери қызметшілері еліміздегі қылмыстық-атқару жүйесі мекемелерін тәулік бойы күзетеді. Олардың қырағылығының арқасында тыйым салынған заттарды мекемелерге кіргізу мен қоршау арқылы лақтыру әрекеттерінің жолы кесіліп, сотталғандарды ұстаудың белгіленген режимі сақталады және азаматтардың қауіпсіздігі қамтамасыз етіледі.
