Адаммен әңгіме бастау үшін міндетті түрде ортақ тақырып іздеудің қажеті жоқ. Кейде бір ауыз сәлемнің өзі арадағы үнсіздікті бұзып, тілдесуге жол ашады. Қазақтың «Сәлем – сөздің анасы» деген мақалы да осы қарапайым әрекеттің қарым-қатынастағы орнын аңғартады, – деп хабарлайды Aikyn.kz.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев та бұған дейін азаматтардың жүріс-тұрыс мәдениеті мен қоғамдық әдеп туралы пікір білдірген еді.
– Ер адамдардың бір-бірін құшақтап, сүйіп амандасуы, сәлемдесу барысында әйелдердің еркектерді, еркектердің әйелдерді бетінен сүюі дұрыс емес. Біздің салт-дәстүрімізде мұндай ешқашан болмаған. Әсіресе, әскери форма кигендердің, генералдардың осылай істегені көзге оғаш көрінеді, – деді Президент.
Қазақы ортада сәлемдесу адамның кіммен кездескеніне қарай әртүрлі болған. Үлкенге ізет білдіру, жасы кіші адамның бірінші болып сәлем беруі, таныс адамның халін сұрап, жөн білуі – қарым-қатынастың қалыптасқан үлгілері. Мұнда сөздің өзінен бөлек, оны қалай айтатының да маңызды. Сәлемді естіртіп айту, адамға назар аудару, жөн сұрасқанда ықылас таныту – сырт көзге ұсақ көрінгенімен, күнделікті қарым-қатынастың сапасына әсер ететін әдеттер.
Амандасудың мәні бір ауыз сөзден-ақ байқалады. Бір ортада «Ассалаумағалейкүм» деп қол алысса, келесі бір жерде «Сәлеметсіз бе?» деп тіл қату орынды. «Армысыз?» деген сөз де амандық білдірудің әдеби үлгісі ретінде қолданылады. Әрқайсысының өзіне тән қолданыс аясы бар. Алайда олардың бәрін байланыстыратын ортақ сипат – қарым-қатынасты ізетпен бастау.
Қазіргі өмірдің ырғағы жылдам. Адамдар жұмысқа асығады, қоғамдық көлікте бір-бірінің жанынан үнсіз өтеді, кейде таныстарын көрсе де, телефонға үңіліп тұра береді. Мұндай жағдайлардың бәрін әдепсіздікке балауға болмайды: адамның асығыс болуы немесе көңіл күйі де әсер етуі мүмкін. Дегенмен айналадағы адамға назар аударып, сәлем беруді ұмытпау өзара сыйластықты сақтауға көмектеседі.
Бұл әдеп бетпе-бет кездескенде ғана қажет емес. Телефонмен сөйлескенде, жұмысқа қатысты хат жазғанда немесе мессенджер арқылы хабарласқанда да әңгімені орынды бастаудың маңызы бар. Бірден өтінішін жазып жіберетін адам мен алдымен сәлемдесіп, содан кейін мәселесін түсіндіретін адамның қарым-қатынас мәнері әртүрлі қабылдануы мүмкін. Демек, сәлемдесу – қалыптасқан дәстүр ғана емес, қазіргі коммуникацияның да бір бөлігі.
«Сәлем – сөздің анасы» деген мақалдың өміршеңдігі оның күнделікті қолданыста екенінен көрінеді. Сәлемдесу үшін ұзақ әңгіме айтудың, ерекше рәсім жасаудың қажеті жоқ. Ең бастысы – оны құр міндет ретінде емес, басқа адамға көрсетілген қарапайым құрмет ретінде қабылдау. Өйткені кейде жақсы қарым-қатынас үлкен сөзден емес, дер кезінде айтылған бір ауыз сәлемнен басталады.
Халқымызда амандасу рәсімі әлеуметтік субординацияны, жас айырмасын, жыныстық шекараны, туыстық қатынасты, ішкі моральдық-этикалық нормаларды реттейтін жоралғы рөлін атқарғаны туралы "Сәлемі дұрыстың әдебі дұрыс" екені туралы жазған болатынбыз.
