Семейдегі Қарағайлы ықшам ауданында ашылған жаңа саябақ бір жыл ішінде тұрғындардың сүйікті демалыс орнына айналды. Республика күні қарсаңында пайдалануға берілген нысан бүгінде қаланың көр­кін келтіріп қана қоймай, ұлттық құндылықтарды дәріп­тейтін, мәдени іс-шаралар өтетін қоғамдық кеңістік ретінде қалыптасып келеді.
Республика рухын асқақтатқан саябақ
105
оқылды

Былтыр Республика күні қар­саңында ашылған нысан бұрын бос жатқан аумақты тұрғындардың тынығуына, отбасымен серуен­де­уіне және мәдени-көпшілік шара­ларға қатысуына арналған кеңіс­тікке айналдырды. Бір жылдың ішінде саябақтың қала өміріне етене араласуы қоғамдық инфра­құрылымға салынған инвести­цияның нақты әлеуметтік мәнін көрсетеді.

Қалалық саябақтар – тұрғын­дардың күнделікті өміріне тікелей әсер ететін әлеуметтік инфра­құ­рылымның маңызды бөлігі. Олар адамдардың демалуына мүмкіндік беріп қана қоймай, әртүрлі буын өкілдерінің араласуына, қоғамдық байланыстардың нығаюына жағ­дай жасайды. Әсіресе жаңа ықшам аудандарда осындай орындардың болуы қолайлы әрі өмір сүруге жай­лы ортаның қалыптасуына ықпал етеді.

Жалпы аумағы шамамен 53 мың шаршы метрді құрайтын сая­бақта серуен жолдары, демалыс аймақтары, сахна және мәдени-көпшілік іс-шараларға арналған ашық алаңдар қарастырылған. Көгал­дандыру жұмыстары бары-сында мыңға жуық қарағай мен шырша көшеті, 9 500-ден астам сәндік бұта және 8 000-ға жуық көпжылдық гүл егілген. Сонымен қатар 24 мың шаршы метр аумақ көгалдандырылып, 20 370 шаршы метр жерге брусчатка төселген. Тағы 20 480 шаршы метр аумаққа асфальт жабындысы жайылған.

Бұл көрсеткіштер нысанның ауқымын ғана емес, оның функ­ционалдық мүмкіндіктерін де аңғартады. Жасыл желек саябақ­тың эстетикалық сипатын арт­тырса, серуен жолдары мен дем­ал­ыс аймақтары тұрғындардың бос уақытын жайлы өткізуіне жағ­дай жасайды. Ашық сахна мен мәдени іс-шараларға арналған ал­аңд­ар қоғамдық кеңістіктің мүмкіндігін кеңейтіп, қаланың мәдени ты­ныс­ына серпін береді. Дегенмен мұндай жобаның нә­тижесі құры­лыс жұмыстарының аяқталуымен өлшенбейді. Отыр­ғызылған көшет­тердің жерсінуі, жасыл желектің сақталуы, аумақ­тың тазалығы мен инфрақұ­ры­лымның жарамды күйде болуы тұрақты бақылауды қажет етеді. Саябақтың ұзақмерзімді құнды­лығы оны күтіп-баптау сапасына да байланысты. Сондықтан алдағы кезеңде көгалдандырылған аумақты күтіп ұстау, суару жүйе­сінің тиімділігін қамтамасыз ету, жарықтандыру мен қауіпсіздік мәселелеріне назар аудару маңыз­ды. Қоғамдық кеңістіктің шын­айы сапасы тұрғындарға бір мау­сым емес, жыл бойы қолайлы жағ­дай жасай алуымен айқын­далады.

Саябақтың ерекшелігін айқын­дайтын нысанның бірі – «Алтын адам» ескерткіші. Ол қоғам­дық кеңістіктің сәулеттік келбетін толықтырып қана қой­май, қазақ халқының тарихи мұрасы мен ұлттық болмысын танытатын символдық мәнге ие. «Алтын адам» – ежелгі дала өр­кениетінің мәдени жетістіктерін, зергерлік өнердің жоғары деңгей­ін және ата-бабалар мұрасын бейнелейтін тарихи нышан. Оның заманауи саябақта орналасуы өт­кен мен бүгіннің арасындағы рухани сабақтастықты көрсетеді.

Саябақтың биіктен түсірілген көрінісінде киіз үй бейнесінің бедерленуі де ұлттық нақышты айқындай түседі. Қазақ халқының дәстүрлі мәдениетіндегі киіз үй – тұрмыс-тіршіліктің ғана емес, бірлік пен тұтастықтың, қонақ­жайлық пен кеңдіктің де белгісі. Осылайша, саябақтың сәулеттік шешімдері ұлттық мәдениетті қоғамдық кеңістік арқылы таны­туға мүмкіндік береді. Бұл – әсіресе жас ұрпақ үшін маңызды. Тарихи нышандарды күнделікті өмірде көріп, олардың мағынасын танып-білу балалар мен жастар­дың ұлттық мұраға деген қызығу­шылығын арт­тыра алады. Егер мұнда тарихи-танымдық кезде­сулер, ашық дәріс­тер, ұлттық мәдениетке арналған бағдар­ла­малар тұрақты ұйымдас­ты­рылса, саябақтың тәрбиелік әлеуеті де арта түспек. Сонда ол тек демалыс орны емес, мәдени-ағар­тушылық жұмыстар жүргізілетін ортаға айналады.

Кез келген қоғамдық нысан­ның тиімділігін оның тұрғындар өміріне қаншалықты сіңісіп кет­кенінен байқауға болады. Қара­ғайлыдағы саябақтың бір жыл ішінде отбасылық серуенге, бала­лардың ойын-сауығына және мә­дени-көпшілік іс-шараларға арналған орынға айналуы – сон­ың бір көрінісі.

Қарағайлы ықшам ауданының тұрғыны Нұрлыбек Қалиұлы не­ме­релерін ертіп саябаққа кел­ген­де, бұрын бос жатқан аумақтың көрікті демалыс орнына айнал­ғанына қуанышты екенін жеткізді.

– Бұрын бұл жақ бос жер бола­т­ын, ал қазір осындай әдемі, жай­лы демалыс орны пайда болды. Айналасы жасыл желекке толы, балаларға арналған ойын алаң­дары мен «Алтын адам» ескерткіші ерекше көрік беріп тұр. Отбасы­мен серуендеп, демалуға таптыр­мас орын, – дейді тұрғын.

Семейдің Қарағайлы ықшам ауданындағы саябақтың бір жыл­дық тәжірибесі қоғамдық кеңіс­тіктердің қала дамуы үшін маңыз­ын көрсетеді. Мұндай нысан­дардың пайда болуы бос жатқан аумақ­тарды тиімді игеруге, тұр­ғын­дардың демалыс мүмкін­дік­терін кеңейтуге және мәдени іс-шараларды өткізуге қолайлы жағ­д­ай жасауға мүмкіндік береді. Алайда бір саябақ қаланың бар­лық мәселесін шешпейді. Оның маңызын қалалық ортаны кешенді дамыту аясында қарас­тырған жөн. Әр ықшам ауданда серу­ен­деуге, тынығуға және мәдени өмір­ге араласуға мүм­кіндік бере­тін қоғамдық орындар көбейсе, тұрғындардың өмір сүру сапасы да жақсара түспек.

Эльмира ЖҮРСІНБЕКҚЫЗЫ,

Абай облысы