Биыл Мемлекеттік егемен­дік деклара­ция­сының қабылданғанына 36 жыл толмақ. 17 бөлімнен тұратын құжат Қазақстанның бүгінгі бейбіт күнінің іргетасы іспетті.
Егемендік: орны бөлек он оқиға
108
оқылды

Себебі декларациядан кейін Қазақстан­ның өз шекарасынан бастап, азаматтығы, мемлекеттік бюджеті, халықаралық қатынас­тардағы дербестігі, мемлекеттік рәміздері сияқты егемен елге тән негізгі құқықтары заңды түрде шегенделді. Біз осы тұста айтулы құжат ел тарихында айрықша орны бар қандай оқиғаларға жол ашқанын шолып, таңдаулы 10 деректі сараптап көрдік.

ЖАҺАН ЖҰРТЫНЫҢ МОЙЫНДАУЫ

Қалай алғанда да, 1990 жылы 25 қазанда қабылданған Мемле­кеттік егемендік декларациясы көп өтпей Қазақстанның Тәуел­сіздігін жариялауға алғашқы бас­па­лдақ болғаны анық. 1991 жылы «Қазақстан Республика­сының мемлекеттік тәуелсіздігі туралы» Конституциялық заң қабылданып, ресми түрде тәуел­сіз мемлекет атанғаны – осы құ­жаттың септігі. Мұны бір деңіз. 

Екіншіден, Мемлекеттік егемен­дік туралы декларация­сының 2-тармағында «Қазақ ССР-і ұлттық мемлекеттігін сақ­тау, қорғау және нығайту жөнінде шаралар қолданады» деп жазыл­ған. Бұл нені аңғартады? Мемле­кет өзінің қорғанысын қам­тама­сыз етуге мүмкіндік алғанын көр­сетеді. Соның арқасында 1992 жылғы 7 мамырда Қазақ­стан­ның Қарулы Күштері құрыл­ды. Республика аумағындағы әскери бөлімдер мен мүліктер Қа­зақстанның қарамағына өтіп, өз Қарулы Күштеріміз құрылды. Жаңағы бөлімді осы қадамдар­дың алғышарты ретінде бағалауға болады.

Жалпы, құжатта сыртқы сая­сат өте ауқымды қамтылған. Дек­­ларацияның алтыншы тар­ма­ғына көз жүгіртсек, «Қазақ ССР-інің мемлекеттiк өкiмет билiгi Республика iшiнде, сон­дай-ақ Одақтық шартта белгi­лен­ген шеңберде сыртқы қарым-қатынаста үстем, дербес, толық болады» деп жазылған. 1991 жыл­дың желтоқсанында Алматы қаласында тарихи Алматы дек­ларациясы қабылданды. Дәл сол кезеңде бұрынғы Кеңес Одағы­ның орнына Тәуелсіз Мемле­кет­тер Достастығы құрылғаны рес­ми түрде рәсімделді. Бұл – үшінші айтулы оқиға.

Төртіншіден, сыртқы саясат­тағы серпінді істер жалғаса берді. Мәселен, құжаттың 14-бөлімінде «Қазақ ССР-інің халықаралық қатынастардың дербес субъектiсi болуға, сыртқы саясатты өз мүд­делерiне сай белгiлеуге, дипло­ма­т­иялық және консулдық өкiл­дiктер алмасуға, халықаралық ұйымдардың, оның iшiнде Бiрiк­кен Ұлттар Ұйымының және оның мамандандырылған меке­мелерiнiң қызметiне қатысуға правосы бар» деп көрсетілді. Көп өткен жоқ, араға 1,5 жыл салып Қазақстан Біріккен Ұлттар Ұйымы­ның 168-мүшесі болып қабылданып, Нью-Йоркте елдің көк Туы салтанатты түрде көте­рілді. 

Дипломатиялық қарым-қа­тына­с­тардың көркейе бастаған кезеңі де дәл осы тұсқа келеді. 14-бөлімнің жалғасына қарасақ, «Республика шет мемлекеттер­мен экономикалық және сауда байла­ныстарын ерiктiлiк пен тең праволылық принциптерiн сақ­тай отырып, өзара тиiмдi шарттар негiзiнде құрады, сыртқы эко­но­микалық қызмет мәселелерiн дербес шешедi» деп жазылған. Қазақстан егемендік алып, тәу­ел­сіздік табалдырығында тұр­ған 1991 жылдың соңғы айында АҚШ-тың жоғары лауазымды өкілі, Мемлекеттік хатшы Джеймс Бейкер Алматыға ресми сапармен келіп, жаңа мемле­кет­пен дипломатиялық байланыс орнату негіздерін талқылағаны есте. Келесі жылы қаңтарда Қазақстан мен АҚШ дипломатиялық қарым-қатынас орнатты.

Ең маңызды алтыншы оқиға ретінде 1991 жылдың 15 наурыз­ында бауырлас Түркия Республи­касының Президенті Тұрғыт Өз­ал­дің Алматыға ресми сапар­мен келуін айтар едік. Себебі бұл еліміздің егемендік алуы қар­саң­ындағы шетелдік басшылардың алғашқы тарихи сапары еді.

Кез келген мемлекет өзін та­ны­та­тын рәміздерсіз болмасы анық. Декларацияда бұл да ұмыт қалмады. 16-бөлімде «Қазақ ССР мемлекеттік егемендігінің сим­волдары – герб, жалау, гимн – қасиетті болып табылады және оларды қорлаудың қандайы бол­са да заңмен жазаланады» деп көрсетілді. Еліміздің алғашқы рәміздері 1992 жылғы маусымда қабылданғаны есте. Тәуелсіз Қазақстанның өзіндік Туы, Ел­таң­басы және Әнұранының музы­ка­лық редакциясы ресми түрде бекітілді.

ҒАРЫШҚА ЖЕТКЕН ҰЛ, ҰЛЫ КӨШ ҺӘМ БЕЙБІТСҮЙГІШТІК

Ішкі жай-күйі мен халық­ара­лық саяси аренадағы орнын нақ­тылап жатқан тұста Қазақ­стан­ның қоғамдық өмірінде де мақ­тан­ышпен айтар оқиғалар болып жатты. «Адамзат ғарышқа ұшты» деген жаңалыққа тамсанып жүр­ген ел «қазақ ғарышқа ұшты» деген хабарды да естіді. Меңзеген оқиғамыз түсінікті де шығар, тәу­елсіздік алар алдында, 1991 жылдың қазанында Тоқтар Әу­бә­кіров тұңғыш қазақ ғарышкері ретінде «Союз Т-13» кемесімен ғарышқа ұшты. Мұны әлі күнге дейін ұлттық мақтаныш ретінде көрсетсек, артық емес. Сегізінде белес – осы. 

Тоғызыншы, декларацияның 12-бөлімінде «Қазақ ССР-і Рес­пуб­ликадан тыс жерлерде тұра­тын қазақтардың ұлттық-мә­дени, рухани және тiл жөнiндегi қажетiн қанағаттандыруға қам­қорлық жасайды» деп жазылған. Бұл сөйлем әлемнің әр түкпірін­дегі қазақтың көкейінен орын алғаны анық. Егемендік алған­нан кейін, 1991 жылы Қазақ ССР Министрлер Кабинеті «Басқа рес­­пуб­ликалардан және шетел­дерден ауылдық жерлерде жұмыс істеуге тілек білдіруші жергілікті ұлт адамдарын Қазақ ССР-інде қоныстандыру тәртібі мен шарт­тары туралы» тарихи қаулыны қабылдады. 1991 және 1992 жылы Түркия, Қытай, Моңғолия және Ирандағы қандастар ата­жұртқа оралды, яғни армандаған Ұлы көш басталды. Көп өтпей 1992 жылдың қыркүйегі мен қа­за­нында жердің әр түкпіріндегі қазақтар Алматыда бас қосты. Дүниежүзі қазақтарының I Құ­рыл­тайы өтіп, әлемнің 33 елінен келген 800-ден астам қандасы­мыздың қатысуымен бұрын-соң­ды болмаған жиын өткізілді.

Оныншы оқиға ретінде Қа­зақ­станның Семей полигонын жабу­ға қатысты ұстанымын айт­сақ бо­ла­ды. ХХ ғасырдың орта шегі­нен асқанда түрлі соғыссыз-ақ не­бір жарылыстарды көрген топ­ы­рақтың «қайғысы» көп адам­­ның жүрегінде ғана емес, тәнінде де жара болып қалды. 1949-1989 жыл­дар аралығында Семей ядро­лық полигонында бар­лығы 456 ядро­лық және тер­моядролық жары­лыс жасалды. Жер беті мен әуеде 116 рет ойран болды, жер ас­тындағы ұңғымалар мен шахта­ларда 340-қа жуық алапат жарыл­ыс болған. Оның зардабын басқа емес, аймақтағы халық көрді, сау­лығына зиян тиді. Қанша жыл­дар өтсе де, ол кезеңдердің қасіре­тін ұмыта қою қиын. 

Қазақстан егемендік деклара­циясын қабылдарда бұл мәселені ұмыт қалдырған жоқ. Құжаттың 11-бөлімінде «Республика терри­ториясында ядролық қарудың сыналуына, жаппай қырып-жоя­тын қарудың өзге де түрлерi (химия­лық, бактериологиялық, биологиялық және басқалар) үшiн сынау полигондарын салуға және олардың жұмыс iстеуiне тыйым салынады» деп тайға таң­ба басқандай көрсетті. Ал 1991 жылғы тамызда Қазақстан әлем­де бірінші болып өз еркімен қу­ат­ты ядролық арсеналдан (әлем­дегі 4-ші орындағы) бас тартып, Семей полигонын жапты. Бұл шешім елдің халықаралық беде­лін биіктетті, кейін Қазақстан қадамын көп ел үлгі етіп санады.

Біз атап өткен әр оқиғаның астарында Мемлекеттік еге­мен­дік декларациясынан түлеген «жеңіс» жатыр. Қазір тарихтағы көп оқиғаның бірі секілді көрін­генімен, ол кезеңде бұл егемендік алып, тәуелсіздіктің табал­ды­ры­ғында тұрған жас мемлекеттің халқына үлкен абырой мен қуан­ыштың нышаны еді. Болашақ­тың бастауы тарихқа құрметпен қа­рау­да жатқанын осындай сәтте ұғынамыз.

Мадияр ТӨЛЕУ