Орал қаласында автокөлігінің мемлекеттік нөмірі орналасқан жақтауына балағат сөз жазған жүргізуші әкімшілік жауапкершілікке тартылды, – деп хабарлайды Aikyn.kz сайты.
Батыс Қазақстан облыстық сотының баспасөз қызметі таратқан мәліметке сүйенсек, ер адам тіркеуге қойылмаған автокөлікті басқарған. Көліктің мемлекеттік нөмірі орналасқан жақтауында әдепсіз сөз жазылғаны анықталған.
Істі қарау барысында сот фотосуреттерді зерттеп, жазудың мазмұнын растады. Соттың түсіндіруінше, көліктің сыртқы бөлігіне мұндай сөздерді жазу қоғамдық тәртіпке қайшы келеді. Өйткені оны көшедегі адамдар, соның ішінде кәмелетке толмаған балалар да көруі мүмкін.
Сот жүргізушінің әрекетін Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 434-бабының 1-бөлігі бойынша ұсақ бұзақылық деп таныды.
Нәтижесінде ер адамға 86 500 теңге көлемінде әкімшілік айыппұл тағайындалды.
