Танымал театр және кино актрисасы Шұғыла Ешен Ташкентте өткен Golden Globes Silk Road Tribute Gala салтанатты шарасында Golden Globes Beacon Award арнайы сыйлығымен марапатталды. Осылайша ол аталған марапатты иеленген алғашқы қазақстандық өнер иесі атанды, – деп хабарлайды Aikyn.kz.
Golden Globes Silk Road Tribute Gala биыл алғаш рет ұйымдастырылды. Салтанатты іс-шара 2026 жылғы 23–24 қазанда Өзбекстан астанасында өтті. Гала-кештің мақсаты – Орталық Азия мен Кавказдағы кино және телевизия саласының жетістіктерін дәріптеу, сондай-ақ өңір елдері арасындағы шығармашылық байланысты нығайту.
Шұғыла Ешенге берілген Beacon Award – кино және телевизия саласында танылып келе жатқан жас актерлерге табысталатын арнайы марапат. Бұл сыйлық Golden Globes-тің жыл сайынғы негізгі конкурстық аталымдарына кірмейді және Silk Road Tribute Gala аясында жеке ұсынылады.
Алғашқы гала-кештің лауреаттары қатарында Қазақстан, Өзбекстан, Әзербайжан, Грузия және Арменияның алты өнер өкілі бар.
Шұғыла Ешен 2002 жылы 4 сәуірде Астана қаласында дүниеге келген. 2020-2024 жылдар аралығында Темірбек Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясында «Драма театры және кино артисі» мамандығы бойынша білім алған. 2024 жылдан бастап Ғабит Мүсірепов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық балалар мен жасөспірімдер театрында қызмет етіп келеді.
Ойнаған рольдері: Ольга Малышева «Раечка» (реж.: Карина Бесолти) – Раечка, Федерико Гарсиа Лорка «Бернарда Альбаның үйі» (реж.: Дина Жұмабаева) – Адела, Мұрат Қолғанат «Мұғалім» (реж.: Данияр Базарқұлов) – Қорлан, Шыңғыс Айтматов «Ақ кеме» (реж.: Дина Жұмабаева) – Гүлжамал, Антуан де Сент-Экзюпери «Кішкентай ханзаданың оралуы» (реж.: Дмитрий Курочкин) – Кішкентай ханзада, т.б.
Кино саласындағы рольдері: Думан Еркімбек «Ғашықпын саған» – Еңлік, «Қайтадан» – Бағым, Қуаныш Бейсек «7 қарақшы» – Ғайни, Дархан Тулегенов «Шекер. Последний шанс» – Диана, Алдияр Байракимов «Streetхана» – Інжу, «Алматы, я люблю тебя» – Айна, Нариман Туребаев «Дни», Амир Аменов «Сағындым сені» – Айдана, Айтөре Жолдасқали «Шулама» – Ажар, Олжас Нұрбай «Соққы» – Зарина.
Марапаттары: Ғабит Мүсірепов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық балалар мен жасөспірімдер театрында өткен театрішілік «Altyn saqa – 2025» фестивалінде «Раечка» спектакліндегі Раечка ролі үшін «Үміт» номинациясымен марапатталды.
«Киносыншылар таңдауы» бойынша «Sheker. Последний шанс» фильміндегі Диана ролімен «Екінші пландағы үздік актриса» номинациясын иеленді.
Бұған дейін Шұғыла Ешен басты рөлде ойнаған қазақстандық киноиндустрияда тұңғыш рет табиғи апат тақырыбын арқау еткен «Қайтадан» фильмі жөнінде жазған едік.
