Қазақстанда соңғы жеті жылда энергетикалық инфрақұрылымды дамыту және халықтың табиғи газға қолжетімділігін арттыру бағытында бірқатар жоба жүзеге асырылды. Нәтижесінде, көгілдір отынға қол жеткізе алмай отырған біраз елді мекендерге газ құбырлары тартылып, газдандыру жұмысы жүргізілді. Ресми мәліметтерге сәйкес, 2026 жылдың басында ел халқының 64,2%-ы табиғи газбен қамтылған. Ел дамуының жеті жылдық қорытындысында келтірілген бұл дерек – ауыл инфрақұрылымын жаңарту бағытындағы маңызды нәтиже.
Қазақстанда газдандыру деңгейі 64,2%-ға жетті
Биыл маусымда Энергетика вице-министрі Қайырхан Тұтқышбаев «Қазақстанды газдандыру» тақырыбында баяндама жасағанда елдегі көгілдір отынға көшуі 2035 жылға дейінгі бекітілген газдандырудың Бас схемасы аясында жүзеге асып жатқанын жеткізген болатын.
«2026 жылғы 1 қаңтарда газдандыру деңгейі 64,2%-ға жетті немесе 20,5 млн адамның 13,1 млн адамы табиғи газға қол жеткізді. Республиканың барлық батыс өңірлерінде, Жамбыл облысында, сондай-ақ Алматы және Шымкент қалаларында газдандыру деңгейі 90%-дан асады. Алматы, Қызылорда, Түркістан, Қостанай облыстары және Жетісу облысында газдандыру деңгейі 60%-дан 90%-ға дейінгі аралыққа жетті. Қарағанды, Ақмола және Ұлытау облыстарында газдандыру 60%-дан төмен деңгейді көрсетеді. Биыл республикалық бюджеттен газ тасымалдау жүйесін дамытуға бөлінген 27,3 млрд теңгені ескере отырып, газдандыру деңгейін 64,3%-ға дейін жеткізу немесе 32 мың адам табиғи газға қол жеткізу жоспарланып отыр», – деді вице министр.
Қатар мемлекетімен жасалған Үкіметаралық келісім шеңберінде қатарлық инвестормен бірлесіп, «Бейнеу – Бозой – Шымкент» магистральдық газ құбырының екінші желісінің бірінші кезеңі жүргізіліп жатыр. Осы жылдың соңына дейін қуаттылығы жылына 10 млрд текше метрге дейінгі ұзындығы 1 450 шақырым газ құбырының желілік бөлігінің құрылысын аяқтау жоспарланып отыр. 2027-2029 жылдарға жоспарланған екінші кезең шеңберінде газ құбырының өткізу қабілетін жылына 15 млрд текше метрге дейін ұлғайтуға мүмкіндік беретін компрессорлық стансалар салу жоспарлануда.

Вице-министрдің айтуынша, «Бейнеу – Бозой – Шымкент» МГҚ екінші желісі жобасы жоспарланған энергетикалық жобаларды қажетті көлемдегі тауарлық газбен қамтамасыз етуге, елдің оңтүстік өңірлеріне қосымша газ көлемін жеткізуге, экономиканы дамытуға және тұрақты әрі уақытша жұмыс орындарын құруға, сондай-ақ елдің әлеуметтік-экономикалық өсуін ынталандыруға мүмкіндік береді.
ҚР Энергетика министрлігі елдің солтүстік және шығыс өңірлерін газдандыруды пысықталып жатқанын жеткізді. Олардың мәліметінше, Қазақстан Республикасының Үкіметі «Газпром» ЖАҚ-пен «Сарыарқа» қолданыстағы газ тасымалдау жүйесін Ресейдің Ишим қаласы ауданындағы газ құбырымен байланыстыратын жаңа магистральдық газ құбырын салу мәселесі бойынша келіссөздер жүргізіп жатыр. Соның арқасында Қазақстанның солтүстік өңірлерін және Астана қаласын табиғи газбен қамтамасыз етуге, сондай-ақ газ жеткізу маршруттарын әртараптандыруға мүмкіндік береді.
– Өткен жылдың қазан айында Санкт-Петербург қаласында Петербург халықаралық газ форумының аясында Үкімет пен «Газпром» ЖАҚ арасында 2030 жылдан бастап көлемі 6,3 млрд текше метрге дейінгі Ресей газының импортымен Қазастанның солтүстік өңірлерін және Астана қаласын газбен жабдықтау үшін Ресейден Қазақстанға жаңа магистральдық газ құбырының жобасын жүзеге асыру туралы Меморандумға қол қойылды. Қазір Ресей тарапымен келіссөздер жалғасуда», – деді Қайырхан Тұтқышбаев.

Елдегі газдандыру деңгейі 80 пайызға жеткізілмек
Газ және газбен жабдықтау саласындағы мемлекеттік реттеуді жетілдіру, тауарлық газды үнемді тұтынуды енгізу, тауарлық газды есепке алуды цифрландыру, газбен жабдықтау бойынша бюджеттік объектілердің құрылыс сапасын арттыру мақсатында Парламент Мәжілісінің депутаттары «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне газбен жабдықтау және электр энергиясы мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасына бастамашылық жасалды.
Солтүстік өңірлерді газдандыру үшін «Ишим – Астана» магистральдық газ құбырын салу жобасының маңызы зор. Оны іске асыру жөніндегі меморандумға Қазақстан Үкіметі мен «Газпром» арасында қол қойылды. Жоба Астана, Көкшетау және Петропавл қалаларын сенімді газбен қамтамасыз етуге, сондай-ақ елдің солтүстік өңірлеріне табиғи газ жеткізу бағыттарын әртараптандыруға мүмкіндік береді.
2026 жылғы ресми мәлімет бойынша, соңғы алты жылда табиғи газға қол жеткізген тұрғын саны 9,1 миллионнан 13,1 миллионға дейін өскен. Осы кезеңде 1 мыңнан астам елді мекенді қамту жұмысы жүргізіліп, 20 мың шақырым газ тарату желісі салынған. Газдандыру елдің энергетикалық инфрақұрылымын дамытудың негізгі бағыттарының бірі болып қала береді. Халықтың табиғи газға қолжетімділігін кеңейту өмір сүру сапасын арттыруға, өңірлерді дамытуға және Қазақстанның энергетикалық қауіпсіздігін нығайтуға ықпал етеді.
Қазақстан халқын газдандыру деңгейін 80%-ға жеткізу үшін Энергетика министрлігі магистральдық газ тасымалдау инфрақұрылымын, өңірлік желілерді және газ ресурстық базасын кешенді түрде дамытуды көздеп отыр. Еліміздің өңірлерін газбен қамтып қана қоймай, одан әрі кеңейтуге бірқатар жоба қөзделіп отыр. Олардың бірі – «Ишим – Астана». Жоба солтүстік өңірлерді газдандырып Астана, Көкшетау және Петропавл қалаларын толығымен қамтылмақ. Екіншісі, жоғарыда айтып кеткен «Бейнеу – Бозой – Шымкент» газ құбырының екінші желісі. Соның арқасында елдің оңтүстік және орталық өңірлеріндегі газға деген сұранысты қамтамасыз етпек. Ал КС-14 – Қостанай магистральдық газ құбыры. Ақтөбе облысындағы КС-14 компрессорлық стансасынан Қостанай қаласына дейін газ құбырын тарту жоспарда тұр. Ұзындығы 302 шақырымды алатын «Талдықорған – Үшарал» газ құбыры Жетісу облысының елді мекендерін газбен қамтамасыз етеді. Бұл жоба 2025 жылы пайдалануға берілген. Сонымен қатар Алматы, Түркістан, Қызылорда, Жамбыл, Қостанай, Қарағанды және басқа да облыстарда жеткізуші және тарату газ желілерінің құрылысын жалғастыру мақсатында өңірлерді газдандыру көзделіп отыр. Нәтижесінде, осы жобалардың арқасында еліміздің газбен қамту жүйесінің құрылымы айтарлықтай өзгереді.
Әрине, газдандырудың жалпы көрсеткішінің өсуі барлық елді мекен мен үйдің газға қосылғанын білдірмейді. Десе де, 2019–2026 жылдардағы газдандыру жұмысы Қазақстанның энергетикалық инфрақұрылымын кеңейтуге және миллиондаған тұрғынның табиғи газға қол жеткізуіне мүмкіндік берді.
