«Қазгидромет» бүгінге, 27 қазанға арналған дауылды ескерту жариялап, еліміздің басты үш қаласында, яғни Астана, Алматы, Шымкентте тұман, қатты жел, көктайғақ болады, - деп хабарлайды Aikyn.kz
Астанада түнде және таңертең тұман түседі. Алматыда түнгі ауа температурасы -1…-3°C-қа дейін төмендеп, өрт қаупі жоғарылайды. Шымкентте де өрт қаупі жоғары деңгейде сақталады.
Алматы және Түркістан облыстарының таулы аймақтарында желдің екпіні 15-20 м/с-қа жетеді. Жетісу облысының Алакөл көлдері маңында жел 23-28 м/с-қа дейін күшеюі мүмкін. Жамбыл облысының таулы аудандарында да тұман мен қатты жел күтіледі.
Қызылорда облысының шығысы мен орталығында күндіз шаңды дауыл соғып, желдің екпіні 15-20 м/с болады. Қызылорда қаласында да шаңды дауыл күтіледі.
Ақмола, Ақтөбе, Қарағанды және Солтүстік Қазақстан облыстарында түнде және таңертең тұман түседі. Павлодар облысында түнде жаңбыр мен қар аралас жауын-шашын жауып, көктайғақ болуы ықтимал.
Атырау және Ұлытау облыстарының кейбір аудандарында, сондай-ақ Қызылорда облысында төтенше өрт қаупі сақталады. Батыс Қазақстан мен Маңғыстау облыстарында да өрт қаупі жоғары.
Синоптиктер тұрғындарға ауа райының қолайсыз құбылыстарын ескеріп, жолда және ашық аумақта сақ болуға кеңес береді.
