Отырыс барысында Премьер-министр Олжас Бектенов «Заң мен тәртіп» конституциялық қағидатын жүзеге асыру туралы ойымен бөлісті, – деп хабарлайды Aikyn.kz.
Оның айтуынша, құқықтық тәртіпті сақтамай, елдің экономикалық және әлеуметтік мақсаттарына қол жеткізу мүмкін емес.
«Заң мен тәртіп – қазіргі таңда ең жоғарғы конституциялық деңгейде бекітілген мемлекетіміздің негізгі қағидаттары. Президентіміз үнемі айтатындай, нағыз патриот ол – бірінші кезекте заңға бағынатын, тәртіпті сақтайтын, тазалықты бағалайтын, табиғатты аялайтын еңбекқор, білімді азамат. Сондықтан дәл осындай құндылықтарды бәріміз кеңінен насихаттауымыз, ілгерілетуіміз қажет. Тәртіп болмаса, елімізде экономикалық, әлеуметтік, саяси, басқа мақсаттарға қол жеткізу мүмкін емес», – деді Олжас Бектенов.
«Заң мен тәртіп» қағидаты заңдылық пен қоғамдық қауіпсіздікті нығайтуға бағытталғаны атап өтілді, ал ведомствоаралық комиссия мемлекеттік органдардың құқықбұзушылықтардың алдын алу жөніндегі жұмысын үйлестірумен айналысады.
Жиында «Заң мен тәртіп» идеологиясын қоғамда ілгерілету жөніндегі тұжырымдамадағы іс-шаралардың орындалу барысы және құқықбұзушылықтардың алдын алу жөніндегі шаралар қаралды.
