Оның 12 қыры, 20 томпақшасы және әр қырында бір-бірден тесігі бар.
1700 жыл бойы құпиясы ашылмаған зат: 12 қырлы жұмбақ
encrypted-tbn0.gstatic.com
212
оқылды

Ежелгі Рим империясы адамзат тарихында сәулет өнерімен, әскери технологиясымен, инженерлік жетістіктерімен және жазба мұраларымен белгілі. Римдіктер салған жолдар, су құбырлары мен алып ғимараттардың қандай мақсатта пайдаланылғанын бүгінгі ғалымдар жақсы біледі. Алайда осы өркениеттен қалған алақандай ғана қола бұйымның құпиясын археологтар үш ғасырға жуық уақыт бойы шеше алмай келеді. Оның 12 қыры, 20 томпақшасы және әр қырында бір-бірден тесігі бар. Ең қызығы, мұндай заттар Еуропаның әртүрлі аймақтарынан табылғанымен, ежелгі римдік жазба деректерде олардың не үшін жасалғаны туралы нақты мәлімет кездеспейді.

Бұл ерекше бұйым ғылымда «рим додекаэдрі» немесе «галло-римдік додекаэдр» деп аталады. Додекаэдр – он екі бесбұрышты қырдан тұратын геометриялық дене.

Археологтер тапқан нұсқаларының іші қуыс, қырларындағы тесіктердің көлемі әртүрлі, ал төбелерінде шағын домалақ өсінділер орналасқан. Кейбірінің бетіне шеңбер тәрізді өрнектер салынған.

Ғылыми журналдарда Еуропадан табылған осындай 134 жәдігер туралы мәлімет келтірілген. Олардың басым бөлігі біздің заманымыздың III–IV ғасырларына жатқызылады. Бірақ осы уақытқа дейін бірде-бір ғылыми болжам олардың нақты қызметін түпкілікті түсіндіріп бере алған жоқ.

Рим додекаэдрлерінің зерттелу тарихы XVIII ғасырдан басталады. 1739 жылы Англияның Хартфордшир графтығындағы Астон елді мекенінен табылған ерекше зат Лондондағы Антикварлар қоғамына таныстырылған.  Кейінгі ғасырларда Еуропаның басқа аймақтарынан да дәл осындай пішіндегі қола заттар табыла бастады. Бастапқыда олардың бір-бірімен қандай байланысы бар екені түсініксіз болғанымен, жаңа олжалар кездейсоқ жасалған жеке бұйымдар емес, белгілі бір дәстүрге жататын заттар екенін көрсетті.

2025 жылы The Antiquaries Journal журналының 105-томында жарияланған Майкл Гуггенбергер мен Стивен Личтің «The Gallo-Roman Dodecahedron and the Receptacle of All Becoming» атты ғылыми мақаласында олардың таралу географиясы егжей-тегжейлі қарастырылған.

Зерттеушілердің мәліметінше, додекаэдрлердің шамамен 70 пайызы ежелгі Галлия мен герман провинцияларынан, тағы 20 пайызы Британия аумағынан табылған. Демек, белгілі жәдігерлердің басым көпшілігі Рим империясының солтүстік-батыс өңірлеріне тиесілі.

Бұдан да қызықтысы – осындай заттар Рим империясының тарихи орталығы саналатын Италиядан табылмаған. Испаниядан, Солтүстік Африкадан және империяның шығыс провинцияларынан да белгілі үлгілер тіркелмеген.

Бұл жағдай археологтерді маңызды сұраққа жетелейді: егер додекаэдр шынымен римдіктердің күнделікті пайдаланған құралы болса, неге ол империяның барлық аймағына таралмаған? Ғалымдар бұл ерекшелікті ежелгі Галлия мен Британиядағы жергілікті халықтардың мәдени дәстүрлерімен байланыстыруы мүмкін деп есептейді. Аталған өңірлерде римдік мәдениет кельттердің наным-сенімдерімен және тұрмыс-тіршілігімен өзара ықпалдасқан.

Додекаэдрдің сыртқы көрінісі қарапайым геометриялық денеге ұқсайды. Алайда оны ежелгі технологиямен жасау оңай болмаған. Ұлыбританиядағы тарихи ескерткіштерді қорғаумен айналысатын English Heritage ұйымының мәліметінше, мұндай бұйымдардың барлығы мыс қорытпасынан жасалған. Олардың әрқайсысының өлшемі, тесіктерінің диаметрі және сыртқы безендірілуі бір-бірінен ерекшеленеді.

Бұл жерде назар аударатын маңызды жайт бар. Егер додекаэдр белгілі бір өлшемді анықтайтын стандартты құрал болса, оның барлық үлгісі бірдей немесе өзара салыстыруға келетін өлшемдер жүйесіне бағынуы керек еді. Алайда табылған жәдігерлерден мұндай бірізділік анық байқалмайды. Бұйымды жасау үшін шебер алдымен күрделі қалып дайындап, металды құйып, кейін тесіктері мен сыртқы бөлшектерін өңдеуі қажет болған. Оның үстіне, 12 қырдың бір-бірімен дәл түйісуі де жоғары шеберлікті талап етеді.

English Heritage мамандары мұндай бұйымдардың жасалуы күрделі әрі қымбат болғандықтан, олар арнайы тапсырыспен дайындалған болуы мүмкін екенін айтады.

Ендеше, ежелгі шеберлер осыншалықты еңбек пен металл жұмсап, не үшін мұндай ерекше зат жасаған?

Додекаэдрдің қызметіне қатысты алғашқы ғылыми болжамдардың бірі оның өлшеу құралы болуы мүмкін деген пікірге негізделген. Бұл нұсқаны қолдаушылар қырларындағы әртүрлі диаметрдегі тесіктерге назар аударады. Олардың ойынша, бір-біріне қарама-қарсы орналасқан екі тесік арқылы алыстағы нысанды бақылап, белгілі бір қашықтықты шамалап есептеуге болатын еді. Мысалы, мұндай тәсіл әскери мақсатта, жер өлшеуде немесе құрылыс жұмыстарында қолданылған болуы ықтимал.

Алайда бұл түсіндірудің әлсіз тұстары бар.

  • Біріншіден, додекаэдрлердің өлшемдері біркелкі емес.
  • Екіншіден, олардың бетінде өлшеу нәтижесін көрсететін сандар немесе арнайы белгілер жоқ.
  • Үшіншіден, ежелгі римдіктердің әскери және инженерлік құралдарын сипаттайтын деректерде додекаэдрдің пайдаланылғаны туралы сенімді мәлімет кездеспейді.

Тағы бір болжам бойынша, бұл бұйым астрономиялық бақылаулар жүргізуге немесе ауыл шаруашылығындағы маңызды мерзімдерді анықтауға арналған. Мәселен, кейбір зерттеушілер оның тесіктері арқылы Күн сәулесінің түсу бұрышын бақылап, күздік дақылдарды егудің қолайлы уақытын анықтауға болатын шығар деп болжаған. Бірақ мұндай түсіндіру де тәжірибелік мүмкіндіктен әрі аса қойған жоқ. Додекаэдрдің ежелгі заманда дәл осы мақсатта пайдаланылғанын көрсететін нақты археологиялық дәлел табылмаған.

English Heritage ұйымы жариялаған шолуда өлшеу аспабы мен ауыл шаруашылығы күнтізбесінен бөлек, шам қойғыш, ойын құралы, балалар ойыншығы және тіпті қолғап тоқуға арналған құрылғы деген нұсқалар да аталады. Қазіргі тәжірибелерде додекаэдрге ұқсас заттың көмегімен жіптен бұйым тоқуға болатыны көрсетілген.

2023 жылғы жаңалық. Рим додекаэдрлеріне қатысты зерттеулерге жаңа серпін берген маңызды оқиға 2023 жылы Ұлыбританияда болды.

Англияның Линкольншир графтығындағы Нортон-Дисней ауылында жергілікті тарих пен археологияны зерттеу тобы қазба жұмыстарын жүргізіп жатқан кезде ерекше қола зат тапты.

Ол – бүтін күйінде сақталған рим додекаэдрі еді.

Бұл жаңалық туралы 2024 жылғы 22 қаңтарда Американың Археология институты шығаратын Archaeology журналы хабарлады. Басылымның жазуынша, жәдігер ауыл шаруашылығы жерінде жүргізілген археологиялық зерттеу кезінде анықталған. Оның басты ерекшелігі – өте жақсы сақталуы және табылған орнының археологиялық тұрғыдан зерттелуі.

Линкольншир графтығының әкімшілігі 2024 жылғы 26 сәуірде жариялаған ресми ақпаратта бұйымның биіктігі шамамен 8 сантиметр, салмағы 245 грамм екені көрсетілген. Жәдігер III–IV ғасырларға жатқызылған.

Бұл Ұлыбритания аумағынан табылған 33 додекаэдрдің бірі және елдің Мидлендс аймағынан анықталған алғашқы осындай зат болды.

Нортон-Диснейдегі олжаның тағы бір ерекшелігі бар. Ол төбенің үстіндегі ежелгі шұңқырдың орнынан табылған.

Рим додекаэдрлерінің құпиясына қатысты соңғы маңызды ғылыми еңбектердің бірі 2025 жылғы 17 қарашада жарық көрді. Кембридж университетінің Cambridge University Press баспасы шығаратын The Antiquaries Journal журналында Майкл Гуггенбергер мен Стивен Личтің «The Gallo-Roman Dodecahedron and the Receptacle of All Becoming» атты мақаласы жарияланды.

Зерттеушілер додекаэдрді тек археологиялық бұйым ретінде емес, ежелгі философиялық дүниетаныммен байланыстыра қарастыруды ұсынады.

Мәселенің түп-төркіні ежелгі грек философиясына барып тіреледі. Платонның «Тимей» диалогында әлемнің құрылымы геометриялық пішіндер арқылы түсіндіріледі. Онда бес дұрыс көпжақтың төртеуі табиғаттың негізгі элементтерімен байланыстырылса, бесіншісі – додекаэдр – ғарыштың тұтас құрылымына қатысты сипатталады. Кейінгі философиялық дәстүрлерде де додекаэдр ерекше символдық мәнге ие болған. Гуггенбергер мен Лич осы идеялардың Рим империясының солтүстік-батыс аймақтарындағы діни және философиялық түсініктерге ықпал етуі мүмкін екенін зерттеген. Олар әсіресе кельттердің діни қызметкерлері саналатын друидтер мен пифагорлық дүниетаным арасындағы ықтимал байланысқа назар аударады.

Зерттеушілер ежелгі философ Ямвлихтің «Пифагор өмірі туралы» еңбегіндегі бұрын бұл мәселеге қатысты жеткілікті назар аударылмаған үзіндіні де қарастырған. Олардың пікірінше, галло-римдік додекаэдрдің пішіні кездейсоқ таңдалмаған, белгілі бір космологиялық немесе діни түсініктерден туындаған болуы мүмкін.

Құпия қашан ашылады? Рим додекаэдрлерінің жұмбағын шешу үшін ғалымдарға жаңа олжалар ғана емес, олардың табылған жағдайы туралы нақты мәліметтер де қажет. Мысалы, болашақта додекаэдр белгілі бір құралдар жиынтығымен, ғұрыптық заттармен немесе оны қолдану тәсілін көрсететін бейнемен бірге табылса, қазіргі гипотезалардың бірін тексеруге мүмкіндік туар еді. Сонымен қатар металл құрамын, өндіріс технологиясын, бұйымның бетінде сақталған микроскопиялық іздерді және тесіктерінің өлшемдерін салыстырмалы зерттеу де маңызды.

Бірақ бір нәрсе анық: 1739 жылы ғылыми ортаға алғаш таныстырылған бұл ерекше жәдігердің құпиясы арада үш ғасырға жуық уақыт өтсе де толық ашылған жоқ.

Бір қарағанда, 12 қырлы қола зат ежелгі өркениеттің ұсақ-түйек тұрмыстық бұйымдарының бірі сияқты көрінеді. Алайда оның нақты қызметін анықтау Рим империясының шеткі аймақтарындағы халықтардың тұрмысы, дүниетанымы және мәдени байланыстары туралы жаңа мәлімет беруі мүмкін.

Әзірге Еуропаның музейлерінде сақталған додекаэдрлер үнсіз тұр. Олардың кім үшін, қандай мақсатта және неліктен дәл осындай пішінде жасалғаны – археология ғылымының шешілмеген сұрақтарының бірі.

Назар аударыңыз: Бұл мақала авторлық құқықпен қорғалған. Мәтіннің толық нұсқасын көшіру, тарату немесе басқа басылымдарға жариялағанда авторы көрсетіп, Аikyn.kz сайтына  белсенді гиперсілтеме беру міндетті. Мақаланың жекелеген бөліктерін пайдаланғанда да осы талап сақталуы тиіс.