Қадірлі отандастар!
Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Жаңа тарихи кезеңдегі Қазақстанның өзекті міндеттері» атты Қазақстан халқына Жолдауы
137
оқылды

Құрметті Құрылтай депутаттары жә­не Үкімет мүшелері!

Мен Мемлекет басшысы ретінде Қа­зақ­стан халқына дәстүрлі Жолдауымды жа­риялаймын. Бұл Жолдаудың мәні де, маз­мұны да айрықша.

25 қазанда ұлттық мерекеміз – Рес­пуб­лика күнін атап өттік. Осы күні Еге­мен­дік туралы декларация қабылданды. Біз дер­бес ел болу жолында батыл қадам жаса­дық. Көп ұзамай Тәуелсіздік туын биікке кө­теріп, елдігіміздің іргесін бекіттік.

Міне, биыл қасиетті Тәуелсіздігімізге 35 жыл толып жатыр. Бұл тарихи меженің ұлт шежіресінде алатын орны бөлек.

Биыл наурыз айында халқымыз мем­ле­кеттігіміздің негізгі тірегін – Конс­ти­туция­мызды қабылдады. Бұл тұтас еліміз үшін тарихи мән-мағынасы терең оқиға бол­ды.

Конституцияны бірнеше ұрпақтар ара­сындағы қастерлі келісім деп атауға бо­лады. Өйткені Конституцияда Қа­зақ­станның қазіргі бітім-болмысы мен бо­лашақтағы бейнесі нақты айқындалды.

Азаматтарымыз жаппай қолдаған Конс­титуция 1 шілдеде заңды күшіне еніп, еліміздің саяси жүйесінің түбегейлі жаң­ғыруына, жаңа билік инсти­тут­тары­ның құрылуына үлкен серпіліс берді. Жұр­тымыз жарқын болашаққа бастай­тын ауқымды жұмысты атқаруға белсенді түрде кірісті.

Ел өміріндегі тарихи өзгерістердің бар­лығы халықтың көз алдында болып жа­тыр. Бұл мәселе аса маңызды болса да, көп сөз айтудың қажеті жоқ деп ойлай­мын.

Бүгін мен еліміздің әлеуметтік-эко­но­микалық жағдайын жақсарту жөнін­де­гі ойларыммен бөлісемін, алдағы мақ­­сат-міндеттерге тоқталамын.

Ашығын айтсақ, бүгінде тәуелсіз­ді­гі­міз бен егемендігімізді қорғауға қатысты бар­лық мәселе әлі толықтай шешімін тап­­қан жоқ. Бұл – алдымызда көптеген өзекті мін­дет тұр деген сөз.

Жұмысты ойдағыдай орындау үшін, ең алдымен, бүкіл қоғамымыз тату болуы ке­рек. Бірлік пен келісім болмаса, еш­қан­­­­­дай реформа және ілгерілеу болмай­ты­ны айдан анық.

Қазір жаһандық сын-қатерлер әл­де­қайда қауіпті сипат алған кезде қоға­мы­мыз­да талап пен тәртіпке басымдық беруіміз қа­жет.

Қазіргі таңда әлем елдері арасында ақыл­ға қонымсыз жалған айыптаулар, ас­тыртын текетірестер күшейді, ал ал­пауыт, ықпалды мемлекеттердің арасын­да жаппай өзара сенім дағдарысы пайда болды.

Бақылаусыз, жүйесіз көші-қон ағын­дары әлдеқайда көбейді, бұл бірнеше еу­ропалық елдің қауіпсіздігіне үлкен зиян келтіргеніне көзіміз жетті.

Біріккен Ұлттар Ұйымының абырой-бе­делі үлкен тоқырауға ұшырады. Халық­ара­лық құқықтың құндылығы төмендеп кет­ті. Қысқасы, қазіргі әлем бұлыңғыр дәуір­ге аяқ басты, оның келешегі қандай бо­латыны туралы саясаткерлер мен са­рап­шылар арасында біртұтас пікір жоқ.

Күллі әлем жұртшылығы аласапыран ке­­зеңде өмір сүріп жатыр десек, артық бо­л­мас. Мұндай күрделі, болжамсыз ахуал «қыр­ғи-қабақ соғыс» кезінде де бол­­маған еді.

Дәл осындай құбылмалы заманға қа­ра­мастан, Қазақстан ел дамуының жаңа дәуіріне үлкен сеніммен қадам басып, кең ауқымды саяси реформаны іске асыр­ды. Бұл – дүние жүзінде өте сирек кез­десетін құбылыс.

Енді алдағы уақытта да еліміздің еге­мен­дігін нығайтуымыз керек. Бұл – қа­зіргі әлемдегі бұлыңғыр ахуалда ішкі тұрақ­тылықты сақтай отырып, өсіп-өр­кендеу деген сөз.

Осы жолда бүкіл қоғам, соның ішінде отан­шыл, белсенді, білімді азаматтар қар­қынды еңбек етуі керек. Құрылтай де­пу­тат­тарына да үмітім зор.

Осындай жағдайда мемлекеттік ап­па­рат пен құқық қорғау мекемелерінің рө­­лі аса маңызды екені баршаңызға түсі­нік­ті.

Басқаша айтқанда, қазіргі буын өкіл­дері, яғни біз келе жатқан жас ұрпақтарға жос­парлар мен тұжырымдар емес, эко­но­­микасы қуатты және қарқынды, жо­ғары технологиялары дамыған, білім мен ғы­лымға негізделген, заңды мойын­дай­тын, жасампаз әрі озық, геосаяси тұр­ғы­дан күші мен ықпалы бар Қазақстанды қал­дыруымыз керек.

Бұл – ұлтымыздың алдында тұрған на­ғыз стратегиялық міндет. 

Құрметті депутаттар!

Құрметті Үкімет мүшелері!

Еліміз ұдайы қарқынды дамуы үшін ау­қымды міндеттерді сапалы әрі жедел іс­ке асыру өте маңызды.

Азаматтарымыз толыққанды әлеу­мет­тік инфрақұрылыммен қамтылуы ке­рек. Бұл – халықтың тұрмыс сапасын кө­­­­терудің маңызды шарты.

Сондықтан басты назарды инф­ра­құры­лым құру ісіне аударамыз.

Бұған дейін де айттым: Қазақстан ау­қымды құрылыс алаңына айналуға тиіс. Мәселе жекелеген жобаларға қа­тыс­ты бо­лып отырған жоқ.

Жалпы, барлық аймақта жаппай құ­ры­лысты бастап, жандандыру қажет.

Бірінші кезекте, жан-жақты зерттеу жә­не талдау жүргізіп, облыстардың ден­саулық сақтау, білім беру, мәдениет және спорт нысандарына деген қажеттілігін егжей-тегжей анықтау жұмысын тез ара­да толығымен бітіру керек.

Біз ауыл-аймақтарды дамыту мәсе­ле­сін әрдайым ерекше бақылауда ұстаймыз. Ауыл­дағы тұрғындардың лайықты өмір сүруі үшін барынша жағдай жасап отыр­мыз.

Алайда, қазір экономика, білім мен тех­нологияның тірегі де, таланттарды шы­ң­дайтын да негізгі қалалар екенін атап өткен жөн.

Сайып келгенде, қуатты қалалар қуат­ты аймақтардың, ал қуатты аймақтар күш­ті мемлекеттің негізін қалайды. Сон­дықтан әрбір ірі қаланың Үкімет бекіткен нақ­ты орта және ұзақ мерзімдегі даму жос­пары болуға тиіс.

Сонымен қатар қала ресурсын тиімді басқару үшін Үкімет әкімдіктермен бір­ле­сіп, қала инфрақұрылымының цифр­лық сыңарын көп ұзамай әзірлеуге тиіс.

Қалалардың қауіпсіз, жайлы, көрікті болуына басымдық, яғни приоритет ре­тін­де қарай отырып, бұл істі аса маңызды мем­лекеттік міндет деп қабылдау керек. Бұл – «Таза Қазақстан» жалпыұлттық тұ­жы­­рымдамасына толық сай келетін талап.

Егер қала қарқынды дамитын болса, сол өңірдің экономикасы да өркендейді, ада­ми әлеуеті де артады.

Осы орайда әлеуметтік-экономикалық маңызы бар нысандар салуға және оны жаңғыртуға ерекше мән береміз. Бұған біз­дің күшіміз де, мүмкіндігіміз де жетеді.

Халықаралық валюта қоры ұсынған бол­жамға сәйкес, биыл еліміздің жалпы іш­кі өнімі 400 миллиард долларға жуық­тайды. Оның жан басына шаққандағы үле­сі 19 мың доллардан асатын болды.

Еліміз экономикасының көлемі жа­ғы­нан әлемде 47 орынға көтеріледі. Бұл – хал­қының саны бізден әлдеқайда көп бір­қатар елдің көрсеткішінен жоғары дең­гей деген сөз.

Өңдеу өнеркәсібі де қарқынды дамуда. Оның жалпы ішкі өнімдегі үлесі 14 пайыз­дан асты. Бұл – ұлттық экономиканы әр­тараптандыру бағытында жүргізілген жүйелі жұмыстың нақты нәтижесі.

Алтын-валюта резерві мен Ұлттық қор ак­тивтерінің көлемі 130 миллиард дол­лар­дан асты.

Енді осы қуатты әлеуетімізді инф­ра­құры­лымды жаңғыртуға, еліміздің әр ай­ма­ғын көркейтуге бағыттауымыз қажет.

Сондықтан мен бұған дейін айтқан ау­қымды құрылыс бастамасын белсенді түр­де жүзеге асыруды тапсырамын. Соған сәй­кес бүкіл ел бойынша аса қажетті әлеу­меттік, көлік және инженерлік инф­ра­құры­лым нысандары салынады.

Үкімет бұрын-соңды болмаған Инф­ра­­­құрылымдық жаңғыру жоспарын әзір­­лей­ді. Бұл ауқымды жұмысты іске асыру үшін 2029 жылдың соңына дейін Ұлт­тық қор­дан шамамен 6,5 триллион тең­ге б­ө­лінеді. Биыл және 2027 жылдың ал­ғашқы екі айы ішінде әлеуметтік жо­ба­лар­ды іске қосу үшін 1,5 триллион теңге кө­лемінде қа­ра­жат қарастыру қажет.

Ұлттық қордың ең басты мақсаты, мис­сиясы – ел байлығын ұқыпты ұстау жә­не одан әрі арттыру, сондай-ақ оны қа­­­зіргі және келешек ұрпақтың игілігіне жар­ату.

Ұлттық қор көп жылдар бойы осы не­гізгі міндетті лайықты орындап келеді, яғ­ни қаржылық тұрақтылықты қам­та­ма­сыз етуге зор үлес қосуда.

Жас ұрпақтың игілігін ойласақ, бұл ба­ғытта қазірден бастап нақты әрі батыл қа­дамдар жасауымыз керек. Өзекті мә­селелерді кейінге қалдыруға болмайды. Әр мәселе өз шешімін табуға тиіс. Басты та­лап – осы. Кейінгі буынға өркениетті, озық, жаңарған мемлекетті аманат етуіміз ке­рек. Бұл – біздің міндетіміз және келер ұр­пақ алдындағы жауапкершілігіміз.

Бір сөзбен айтқанда, біз осы тарихи жауапкершілікті терең сезіне отырып, өс­келең ұрпақтың игілігі үшін мол қаржы қал­дырумен қатар, технологиялық тұр­ғыдан өркендеген, бәсекеге қабілетті әрі күшті экономикасы, озық инф­ра­құры­лы­мы бар, өмір сүру үшін қолайлы, әр аза­мат­тың өзін-өзі дамытуына барлық жағ­дай жасалған жаңа тұрпатты мемлекет құ­рып, аманат етуіміз керек.

Мұны ең басты міндетіміз, тіпті тари­хи маңызы бар миссиямыз деп айтуға бо­лады.

Бұл – адам капиталын дамытуға, аза­маттардың тұрмыс сапасын жақсартуға, яғ­ни ел болашағына салынатын ұзақ мер­зімге арналған инвестиция.

Бірақ Ұлттық қордың ресурсын жи­нақтау және оны пайдалану арасында тең­герім сақталуға тиіс. Қаражатты тек қо­ғамға барынша пайдалы дүниеге ғана жа­рату керек.

Ең бастысы, жұмсалған ақшаның эко­но­м­икалық және әлеуметтік қайтарымы бол­уы қажет. Өйткені бөлінетін мемлекет қаражатының негізгі мақсаты – халықтың әл-ауқатын көтеру.

Тиісті жобаларды жүзеге асыруға ма­териалдық-техникалық жағдайы жақсы жә­не мол тәжірибесі бар жергілікті жер­дегі шағын және орта бизнес өкілдерін тарт­қан жөн. Бүкіл құрылыстың барысы қа­таң бақылауға алынады.

Бірінші кезекте аймақтарда 70-ке жуық денсаулық сақтау нысаны салынады.

Перзентханалар, ауруханалар, жедел ме­дициналық көмек көрсету станция­лары, балаларға арналған оңалту орта­лық­тары мен ерекше балалардың сұра­ны­сына сай спортзалдар бой көтереді.

Сондай-ақ 50-ге жуық білім беру, спорт және мәдениет мекемелерінің құ­ры­лысы басталады.

Осындай аса қажетті, сапалы ны­сан­дар­дың құрылысын жедел түрде бастап, көп ұзамай іске қосуымыз керек. Бұдан бө­лек, тұрғын үй-коммуналдық шаруа­шы­­­лығы саласына қомақты қаржы бө­лі­не­ді. Көптеген елді мекендерге газ және та­за ауыз су тартылады.

Үкімет жыл соңына дейін нақты жо­ба­лардың бастапқы тізімін әзірлейді. Бұл тізім барлық аймақты қамтуы керек.

Біз халқымыздың артып отырған зор үмі­тіне лайық болуымыз қажет.

Бұл жоспарымыз ел игілігін арттыруға ар­налып отыр, басқа астарлы ойымыз жоқ. Сондықтан осы үлкен құрылыс қоз­ға­лы­сына «Халықтық құрылыс» деген атау бер­сек, қарсылық болмас деп сенемін.

«Халықтық құрылыс» бағдарламасы аза­маттардың әл-ауқатын арттыратын, кә­сіпкерліктің өркендеуіне, дамуына, ұлт­тық экономиканы жандандыруға зор ық­пал ететін төл тарихымыздағы ең үлкен инф­рақұрылымдық жоба болмақ.

Аталған бастама жүз мыңдаған адамды жұ­мыспен қамтиды, оның игілігін тұтас хал­қымыз, әсіресе өскелең ұрпақ көреді деп кәміл сенемін.

Келесі мәселе. Логистика инфра­құ­рылымын дамытуға баса мән беру қажет. Бұл – еліміздің өсіп-өркендеуіне ықпал ететін маңызды фактордың бірі.

Қазіргі таңда логистика мәселесімен бар­лық елдер айналысуда. Дамыған көлік ло­гистикасы болмаса, тіпті бүгінгі күшті ел ертең құрдымға кетеді.

Келесі жылы елімізде «Бақты – Аягөз» те­міржол желісі іске қосылады. Жаңа ба­ғыттың арқасында Қытаймен арадағы жүк өт­кізу мүмкіндігі 20 миллион тоннаға ар­т­а­ды.

Тамыз айында «Арал – Каспий» күре жо­лының құрылысы басталды. Бұл жоба Транс­каспий дәлізінің қашықтығын ша­мамен 1 мың шақырымға қысқартып, жүк жеткізу мерзімін үш күнге дейін азайтады.

Үкімет осы салада қолға алынған бар­лық жобаның сапалы әрі уақытылы орын­далуын қатаң бақылауға алады.

Қазір әлем логистикасы ауқымды өз­ге­­­рістер және қарқынды даму кезеңін бас­тан өткеріп жатыр.

Теңіз жолдарындағы тұрақсыз жағдай құр­лықтағы көлік дәліздерінің стра­те­гия­лық маңызын арттыра түсті.

Қазақстан іс жүзінде Еуразиядағы же­тек­ші логистикалық орталықтың біріне ай­­налуы үшін осы тарихи мүмкіндікті мүлт жібермеуге тиіс. 

Қазірдің өзінде Қытайдан Еуропа құр­лы­ғына тасымалданатын жүктің 85 пайы­зы біздің аумағымыз арқылы өтеді.

Алайда барға қанағат етіп, тоқмейілсіп отыру – болашақта көш соңында қалу де­ген сөз.

Біз халықаралық жүк тасымалы ағын­дары­ның толыққанды ұйымдастырушысы болуымыз керек.

Бұл үшін отандық логистикалық опе­ра­торларды дамытып, жүктерді шоғыр­лан­дырумен және бөлумен айналысатын ор­талықтар құруға баса назар аударған жөн.

Сондай-ақ көлік тораптарының айна­ла­сынан жаңа өндірістер мен сауда орын­дарын ашу маңызды.

Біз Қазақстанның барлық аймағын бай­ланыстыратын, яғни еліміздің тран­зит­тік әлеуетін күшейтетін заманауи, өте да­мыған теміржол және көлік жолдары­ның тұтас желісін құруымыз керек. Бұл – стратегиялық міндет.

Еліміз арқылы тасымалданатын жүк кө­лемі жыл сайын ұлғайып келеді. Демек, біз­дің алдымызда жол инфрақұрылымын жақ­сарта түсу міндеті әлі де тұр. Бұл, әсі­ресе, солтүстік аймақтарға қатысты өзекті мә­селе.

Сондықтан ендігі кезекте «Көкшетау – Петропавл» тас жолын кеңейту ісіне кірісу керек.

Автокөлікпен жүк тасымалдайтын отан­дық кәсіпкерлерімізге жәрдем көр­се­ту қажет. Себебі Қазақстан арқылы өте­тін автокөлік транзитінің жартысынан кө­бі шетелдіктерге тиесілі. Осы саланы да рет­ке келтіретін уақыт келді, Үкімет тиісті іс-әрекеттерді қолданады.

Негізгі мақсат – еліміздің жолдарының әлеуетін нығайтып, азаматтарымыздың та­­бы­сын арттыру.

Келесі жылы еліміздегі автокөлік өт­кізу бекеттерін түгелдей сапалы жаңғырту жұ­мыстары аяқталуға тиіс. Күні кешеге дейін бұл жұмыс атүсті атқарылып келді.

Алдымызда республикалық және жер­гілікті деңгейдегі барлық жолдарды са­па­лы салуға қатысты аса маңызды міндет тұр.

Бұл салада мәселе аз емес. Орталық жә­не жергілікті атқарушы органдар қол­даныстағы ережелер мен регламенттерді алға тартып, мәселені шешуді созбалаңға са­лады. Соның салдарынан мәселе қор­да­ланғанның үстіне қордаланып, әбден ты­ғырыққа тірелгені жасырын емес.

Сондықтан менің тапсырмама сәйкес, елі­міздегі бүкіл жолдың 26 пайызын алып жат­қан республикалық (орталық) және әкім­діктердің қарауындағы жергілікті жол­дарға қатысты барлық мәселемен Үкі­мет, соның ішінде Көлік министрлігі ай­­­­­налысуға тиіс.

Қайталап айтамын: Бізге сапасы өте жо­ғары жолдар керек.

Битум мен қиыршық тастардың са­па­сын алға тартып, сылтау айтуға жол беріл­мейді.

Естеріңізге салайын: қызмет көрсетуге ар­налған заманауи инфрақұрылымы бар са­палы жолдар болмаса, Қазақстан жаһан­дық деңгейдегі транзиттік аймаққа, яғ­ни Еуразияның көлік-логистикалық ор­талығына айнала алмайды. Бұл жұ­мыстардың түпкі мәні – осында. Біз бұл мін­детті қалайда орындауымыз керек.

Егер шекарамыз көлік қозғалысын те­жеп, ұзын-сонар кептеліс туындататын «тар өткелге» айналса, Қазақстан бұл са­лада көшбасшы болады деп айтудың өзі орын­сыз. Қазір осы күйді кешіп отыр­ға­ны­мыз жасырын емес.

Еуропа мен Азияның арасын жал­ғай­тын негізгі әуе дәліздері еліміздің аумағы ар­қылы өтеді.

Бұл – біздің бәсекеге қабілетімізді арт­тыра алатын басымдығымыз. Алайда осы артықшылығымыз әзірге қағаз бетін­де­гі әсерлі есеп күйінде ғана қалып отыр.

Осы басымдығымызды тиімді пай­да­лану үшін жерде қызмет көрсетуге арнал­ған озық инфрақұрылым құру қажет. Бұл – әлемде бар тәжірибе. Ал әзірге қыруар та­­быс уысымыздан шығып кетіп жатыр.

Жеке «Air Cargo» компаниясына зор үміт артылды. Бұл компанияның қар­жы­лық әлеуеті зор. Шетелдің үздік ма­ман­дары­на жалақы төлеуге де мүмкіндігі мол. Дербес шешім қабылдай алады. Дегенмен әзірге қабылданған шешім де, нақты нә­ти­же де жоқ.

Сіздерге зор сенім артылып отыр. Енді нә­тиже күтеміз.

Қазір Қазақстанда бірнеше әуежайдың құрылысы қатар жүргізіліп жатыр. Мұн­дай нысандарды бір мезетте салу тәжіри­бе­сі ел тарихында бұрын-соңды болмаған.

Арқалықтағы әуежайды қалпына кел­тіру жұмысы аяқталды, таяуда Зайсан, 

Қа­­­­тонқарағай, Кендірлі әуежайлары іске қосылады.

Келесі жылы осы саладағы әлемдік ірі ком­паниялардың бірін тарта отырып, Ас­танада жаңа әуежайдың құрылысын бас­тай­мыз.

Қазақстан Еуразияның негізгі көлік хабы болуы үшін көптеген маңызды мін­детті орындауға тиіс. Бірінші кезекте кө­лік саласын, соның ішінде халықаралық ба­ғыттарды толық цифрландыру қажет.

Жасанды интеллект дәуірінде жаһан­дық транзит ағындарын қағаз жүзінде бас­қару – ақылға қонымсыз іс. Бұл – құр­дым­ға апаратын ең төте жол.

Қазіргі жағдайда қуат көзінің жеткі­лік­ті деңгейде болуы әр мемлекеттің бәсе­ке­ге қабілетін, тіпті экономикалық дер­бес­тігін айқындайтын шешуші факторға айнал­ды.

Осы кезеңді шын мәнінде «электр дәуі­рі» деп айтуға болады. Қазақстан өзі­нің шикізаттық артықшылығын эне­р­ге­ти­калық және технологиялық тұрғыдан өр­леу үшін пайдалануға тиіс. Бұл – ай­рық­ша маңызды міндет.

Ашығын айтсақ, бұл тұста қордаланған мә­селе өте көп.

Білікті энергетик мамандарымыз сау­сақ­пен санарлық. Есесіне, энергетика са­ла­сындағы түйткілдерге арналған фо­рум­­дар мен пікірталастар жиі әрі кең ау­қым­да өткізіледі.

Алайда Қазақстан жыл сайын энер­гия­ның елеулі тапшылығымен бетпе-бет ке­ліп жатады. Соның салдарынан, қыс мез­­гілінде, яғни электр энергиясына сұ­ра­ныс шарықтайтын кезеңде көрші ел­дер­ден қуат көзін қымбат бағамен сатып алу­ға мәжбүрміз. Ал жаз айларында өзге ел­дерге энергияны тым төмен бағамен са­та­мыз.

Осындай құйтырқы әрекет ондаған жыл­дан бері жалғасып келеді. Маған мұ­ны энергетика саласындағы қалыпты жағ­дай деп түсіндіріп бағуда.

­Кезінде Балқаштағы ЖЭО құрылы­сы­ның аяқталмай қалуына да осы жайт себеп болды.

Қазір де Түркістан, Қызылорда, Алма­ты және Екібастұздағы жаңа генерация қуаттарын іске қосу мерзімдері кейінге ше­геріліп жатыр.

Қазақстан бүгінде сағатына 123 мил­лиард киловатт электр энергиясын өн­діре­ді.

Қуат көзінің мұндай көлемі өнеркәсіп пен құрылыс саласын, ауыл шаруашылығы ке­шендерін қарқынды дамытып жатқан, ең бастысы, экономиканы жаппай цифр­лан­дыруды, жасанды интеллектіні қоғам­ның барлық саласына енгізуді және осы­ған байланысты деректерді өңдеу орта­лық­тарын салуды жоспарлап отырған ел үшін мүлдем жеткіліксіз.

Сондықтан еліміз 2029 жылға қарай қуат көзін артығымен өндіретіндей дең­гей­ге жету керек. Бұл – біздің алдымызда тұр­ған стратегиялық міндет.

Сол үшін жаңа электр станцияларын са­лып, қолданыстағы нысандар мен электр желілерін жаңғыртуға тиіспіз.

Сонымен қатар «таза» көмір генера­ция­сын толыққанды дамытып, жаңарты­ла­тын қуат көздерін өндіру ісіне, соның ішін­де күн электр станцияларын кеңінен қол­дануға баса мән беруіміз керек.

Жалпы, Үкімет 2035 жылға дейінгі ұзақ мерзімге арналған бірыңғай энер­ге­ти­калық теңгерімді қайта қарауға тиіс.

Бұл орайда атом генерациясының маңы­зы айрықша. Жалпыұлттық рефе­рен­думның нәтижесінде елімізде бірнеше атом электр станциясын салу туралы дұ­рыс шешім қабылданды.

Бұл станцияларды елу жылдан кейін, тіпті одан арғы уақытта уран шикізатымен қалай қамтамасыз ететінімізді қазірден бастап ойластыруымыз керек.

Қазақстандағы атом электр стан­ция­ларының қажеттілігін өтеу үшін уранның ал­дағы жүз жылға жететін мемлекеттік ст­ратегиялық қорын құру жөніндегі ұсы­ныс өте орынды. Бұл бастаманы жан-жақ­ты пысықтау қажет деп санаймын.

АЭС құрылысына қатысатын шетелдік се­ріктестерді Қазақстанда жоғары техно­логиялық өндіріс орындарын ашуға, ядро­лық энергетика саласындағы тәжі­ри­бе­сімен бөлісуге, атом энергетикасы са­ла­сына қажетті мамандарды даярлауға кеңінен тарту маңызды. Ресей мен Қытай компанияларынан осындай ұсыныстар түсіп жатыр.

Келесі жылы «Балқаш» АЭС-інің құ­ры­лысын бастауға болады. Тіпті бас­тауы­мыз қажет деп санаймын. Сондай-ақ «Мойын­құм» АЭС-інің құрылысын мүм­кін­дігінше тезірек бастау үшін кешенді ын­­тымақтастық туралы келісімге қол қой­­ған жөн.

Әрине, келіссөздердің әр тармағы Қа­зақстанның ұлттық мүддесі тұрғысынан мұқият пысықталып, жан-жақты келісілуі керек. 

Жалпы, азаматтық инфрақұрылымды жаппай жаңғырту және қайта құру ісіне бүкіл ел болып кірісетін боламыз. 

Дегенмен мұндай маңызды страте­гия­лық міндетті орындау кезінде тек мем­ле­ке­т­тің ресурсына арқа сүйеуге мүлдем бол­­май­ды.

Бұл кәсіпкерлердің белсенділігін тө­мен­детіп, патернализмге (соның ішінде эко­номикадағы), яғни масылдыққа әкеп со­ғады. Оның салдары қандай болатыны айт­паса да түсінікті деп ойлаймын.

Үкіметтің алдында ұзақмерзімді қара­жат көздерінің барлығын жұмылдыру мін­деті тұр.

Мұны заң талаптарын бұзбай әрі мем­лекет мүддесіне сай қалай жүзеге асыруға болатынын қаржы қауымдастығымен бірлесіп, жан-жақты ойластырған жөн.

Қабылданатын шешімдер қарапайым қисынға негізделеді: мемлекет қаражаты же­ке инвестиция тартуға кепіл болуы ке­рек.

Бұған қоса, еліміздің индустриялық-технологиялық тұрғыдан жедел дамуына қа­жетті тетіктерді әзірлеу керек.

Қазақстан – минералдар мен ши­кі­зат­қа бай мемлекет. Бұл – біз үшін ст­ра­те­гия­лық жетістік.

Сондықтан геологиялық барлау тәсіл­де­рін түбегейлі өзгерту қажет. Жаңа кен орын­дарын бұрынғы заманнан қалған әдіс­термен іздеу оң нәтиже бермейтіні анық. Қазіргі таңда геологияны жоғары тех­но­логиялық сала ретінде мойындауы­мыз керек.

Бізге озық технологиялардың көме­гі­мен еліміздің жер қойнауын толыққанды зерт­теп, деректердің ашықтығын және қол­жетімді болуын қамтамасыз ету өте маңызды. Жаңа кен орындарын іздеу жә­не барлау үдерісіне жеке қаражатты белс­ен­ді тартқан жөн.

Бәріңізге мәлім, қазір айрықша маңыз­ды металдардың рөлі артып келеді. Ха­лықаралық тәжірибеге сүйене отырып, бізге де осындай металдардың қорын тиім­ді басқаратын ұлттық жүйе құру қажет.

Аталған жүйеде тау-кен саласындағы жобаларды ұзақмерзімді қаржыландыруға мүмкіндік беретін нақты тетіктер болуға тиіс.

Елімізде осы бағытта жұмыс істеп жат­қан кәсіпорындармен оффтейк-келі­сім­шарт жасау арқылы кепілді сұранысты қам­тамасыз еткен жөн. Бұл – Үкіметтің ал­дында тұрған маңызды міндеттің бірі. Осы мәселені кәсіпкерлермен бірлесе тал­қылап, жыл соңына дейін маған нақты ұсы­ныс енгізу қажет.

Сондай-ақ сарапшылар мен ма­ман­дардың пікіріне сүйенсек, ұлттық түрлі-түс­ті және сирек кездесетін металдардың қо­рын қалыптастыру қажеттілігі пайда бо­лып жатыр.

Түпкі мақсат – елімізді жаһандық өн­діріс тізбегіне қосу. Экспорттық сая­са­ты­мыз да осы мақсатқа сай жүргізілуі кер­ек.

Үкімет бұл саладағы дамыған елдермен ст­ратегиялық серіктестік орнатуға тиіс.

Жаңадан ашылған кәсіпорындар жұ­мыс істеп тұрған жергілікті бизнес нысан­дары­на орынсыз кедергі келтірмеуі керек. Ин­весторларды тартқан кезде де осы мә­селеге мән беріп, әр аймақты, әр сала­ны мұқият зерделеген жөн.

Қате шешімдердің салдары қандай те­ріс нәтижелерге әкеп соқтырғанын кө­ріп отырмыз.

Мәселен, елімізде металл өндіретін Qar­met деген ірі кәсіпорын бар. Соған қар­амастан, тағы үш облыста дәл осындай өндіріс орындарын ашу жоспарланған. Осы кәсіпорындардың өнімі нарықтың сұ­ранысына ие бола ма? Бұл сұраққа нақ­ты жауап жоқ сияқты. Сондықтан осын­дай үйлесімсіз шешімдердің пайдасы кү­мән­ді екеніне дау жоқ.

Мекемеаралық байланысты нығайт­па­сақ, экономикамыз өз әлеуетін жоғал­тып алады. Әрбір аймақ өзінің басымдық­та­рын айқындап, соған сай жұмыс істеуі ке­рек.

Осы мәселе бойынша Үкіметтің үй­лес­тіру рөлін әлдеқайда күшейту қажет еке­ні анық. Бірақ аймақтар жекелеген са­ла­ға немесе кәсіпорынға тәуелді болып қал­мауға тиіс. Сондықтан өңірде негізгі са­ланы дамыта отырып, оның айналасын­да және ішінде де толыққанды біртұтас жүйе құру маңызды.

Атап айтқанда, білім беру, қолданбалы ғылым, логистика, қызмет көрсету сала­ла­рын, сабақтас өндірістерді және техно­ло­гиялық кәсіпкерлікті дамытқан жөн.

«Халықтық құрылыс» әр аймақта осын­­­­дай жүйе, яғни қазіргі тілмен айтсақ, экожүйе құруға оң ықпал ететініне сенім бар.

Келесі мәселе. Ауыл шаруашылы­ғы­ның одан әрі қарқынды дамуына барлық күш-жігерімізді салуымыз қажет.

Былтыр бұл сала шамамен 6 пайызға өсіп, агроөнеркәсіп кешенінде өндірілген өнім көлемі 15 триллион теңгеге жетті.

Жеңілдетілген шарттармен қар­жы­лан­дыру көлемі алдыңғы жылмен салыс­тыр­ғанда 1 триллион теңгеден 1,5 трил­лион теңгеге дейін ұлғайды.

Дегенмен бөлінген қаражаттың бір бө­лігі күнделікті қажеттіліктер мен айна­лым­­дағы қаражатты толықтыру үшін жұм­­салып отыр.

Шаруаларға алдағы жұмысын ұзақ мер­зімге жоспарлауға мүмкіндік беретін кең ауқымды қаржыландыру жүйесі ке­рек.

Сондықтан Үкімет фермерлерді ұзақ мер­зімге арналған инвестициялық ре­сурс­тармен қамтамасыз ету үшін тиімді әрі пәрменді тәсілдерді енгізуі қажет.

«Бәйтерек» холдингі тағам өнеркәсібі са­ласында жалпы құны 500 миллиард тең­геден асатын әлеуеті зор жобалар тізімін дайындады. Соның бәрін табысты жүзеге асыру үшін қолжетімді әрі жеңілдетілген шарттармен қаржы бөлу мәселесін соз­балаңға салмай, сапалы жобаларды дереу жүзеге асыру керек.

Сонымен қатар ауыл шаруашылығы са­ла­сын технологиялық тұрғыдан жаң­ғыр­тудың сәті келді.

Елімізде шығарылатын технологиялық тұрғыдан сапасы жоғары тракторлар мен ком­байндардың санын көбейту қажет. 

Бұл – өзекті мәселе. Осылайша, біз ауыл шаруа­шылығы өндірісінің тиімділігін арттыра түсеміз.

Өткен аптада Астанада іссапармен бол­ған NVIDIA компаниясының басшы­сы, жаңа толқындағы ірі кәсіпкер Джен­сен Хуанг Қазақстанның ауыл шаруа­шы­лығы саласына жасанды интеллектінің тә­сілдерін енгізетін кез келді деп, өз пі­кі­рін айтып кетті.

Меніңше, бұл – өте орынды ұсыныс. Оны жедел қарқынмен іске асыруымыз ке­рек.

Еліміз осы белесті ойдағыдай еңсеріп алса, әлемдік ауқымдағы азық-түлік тап­шы­лығы, яғни жаһандық ашаршылық туын­даған жағдайда Еуразия азық-түлік­пен қамтамасыз ететін негізгі орталық болуы әбден ықтимал екеніне күмән жоқ.

Елімізде ірі су көздеріне жақын орна­лас­қан үлкен аумақты алып жатқан жер ал­қаптары бар. Сол жерлерді суармалы егін­шілікке пайдалану дәстүрлі дақыл­дар­дың өнімділігін 2-2,5 есе көбейтуге ықпал ете­ді.

Жаңа алқаптарды игеру кезінде су үнем­деудің озық тәсілдерін және агро­хи­мия­лық технологияларды қолдану аса маңызды. Бірақ елімізде бұл жұмыстың тиім­ділігі әлі де төмен.

Елімізде су ресурстарының тапшы­лы­ғын жою үшін жүйелі әрі батыл шаралар қа­былдау қажеттігін ерекше атап өткім ке­леді.

Ең алдымен, суды тиімді және үнемдеп пай­далану қағидаттарының жаппай сақ­талуын қамтамасыз ету керек. Қазіргі за­манда бұл ресурстың мән-маңызы ай­рықша.

Үкімет пен әкімдіктер суды пайда­лану­ға бақылауды күшейту керек. Түрлі же­лідегі, сондай-ақ көлік жуу орындарын­дағы су шығынын азайтып, ауыз судың жөн­сіз пайдаланылуына жол бермеу қа­жет. Ауыз суды көлік жууға тұтыну – ба­рып тұрған сорақылық. Судың да сұрауы бар.

Менің тапсырмаммен Үкімет су пай­далану саласында ауқымды тарифтік ре­фор­маны қолға алды. Оны соңына дейін жет­кізу керек.

Суды үнемдеп пайдалану бәріне ортақ мін­детті қағида болуға тиіс.

Су ресурстарын түгелдей әрі дұрыс есеп­ке алу үшін цифрлық құралдарды то­лық­қанды пайдалану айрықша маңыз­ды.

Бұл жаңа өндірістерді жоспарлау ке­зінде мұқият ойластырылған, салмақты ше­шім қабылдауға мүмкіндік береді.

Сондықтан Үкімет Су ресурстарының ұлттық ақпараттық жүйесін құру ісін көп­ке созбай, тез арада аяқтауы керек.

Бұдан бөлек, ауыл шаруашылығы өнім­дерін терең өңдеу ісін дамытуға баса мән берген жөн. Қазірдің өзінде бұл ба­ғыт­та табысты жобалар бар.

Мәселен, Қызылорда облысының шаруалары қатаң климатқа қарамастан жүгері мен соя өсіріп, оны өңдеумен ай­на­лысады. Ал Түркістан облысында қы­тай компаниясы суды тиімді пайдаланатын заманауи мақта-тоқыма кластерін құрып жатыр.

Үкімет осындай озық тәжірибелердің ел аумағында кең тарауына жағдай жасап, ин­весторларға уақытылы қолдау көрсетуі ке­рек.

Сонымен қатар мұндай заманауи тә­сіл­дерді мал шаруашылығында да жан-жақ­ты пайдаланған дұрыс.

Бүгінде Солтүстік Қазақстан облы­сы­ның тәжірибесін басшылыққа ала оты­рып, елімізде 71 тауар-сүт фермасы іске қо­сылды. Бұл фермаларда жыл сайын 462 мың тоннадан астам сүт өндіріледі.

Ақмола облысында шетелдің озық тә­­жірибесіне сай ет кластері құрылып жа­­тыр. Осындай жобаларды қолдауға бола­ды, қа­жетті жағдайда қаражат та бөлу керек.

Өндіру және өңдеу жұмысымен қатар, ауыл шаруашылығы өнімдерін сақтау жә­не сату жүйесін жетілдірген жөн.

Ірі холдингтерден бастап, шағын ша­руа қожалықтарына дейін агроло­гис­ти­ка орталықтарының қызметін кедергісіз пай­­­даланатын мүмкіндік болуға тиіс.

Жалпы, халықтық құрылыс аясында ауыл шаруашылығы инфрақұрылымын да­мыту ісіне де баса мән беру керек. Бұл – стра­тегиялық маңызы бар міндет.

Сондықтан Үкімет пен «Бәйтерек» хол­дингі бірлесіп, нақты шешімдерді қа­был­дауы қажет.

Экономиканың негізгі салаларын да­мыту үшін өнімді терең өңдеумен ай­на­лы­сатын, еңбек өнімділігін арттыратын жо­баларға басымдық берген жөн. Бұл – бас­ты талап.

Әсіресе ірі инфрақұрылымдық бас­та­маларға қажетті құрылыс материалдарын, металл конструкцияларын, инженерлік жабдықтарды өз елімізде өндірген жөн. Мұндай жобалар «Халықтық құрылыс» бағдарламасының тірегіне айналуы керек деп санаймын.

Ұлттық қор арқылы импортты қаржы­лан­дыруға жол беруге болмайды. Бұл – маңызды талап.

Экономиканың дамуына тың серпін беру үшін озық технологиясы бар, қажетті сараптамалық тәжірибесі және жаһандық нарықтарға шығу мүмкіндігі зор әлемнің же­текші компанияларын, солардың ішін­де отандық компанияларды да тартқан жөн.

Инвестицияның тиімділігі жұмыс істей бастаған өндіріс орындарының са­ны­мен, сапасымен және оның экономи­ка­ға қосқан нақты үлесімен бағалануға тиіс.

Әлемде инвестицияға талас күшейіп келеді. Бәсекеге қабілетті болу үшін жедел шешімдер қабылдап, жылдам әрекет ету қажет.

Бірақ елімізде инвестор тарту және оларды жан-жақты қолдау жүйесінде бі­різ­ділік жоқ.

Әрбір мекеме немесе жеке тұлға ойын­да не бар болса, соны істей береді. Нә­ти­же­сінде кешенді көзқарас та, үйлесімділік те, сабырлық та, білім де жетіспейді. Сон­­­­дықтан инвестиция тарту ісін бір ор­талықтан басқаруға мүмкіндік беретін тұ­тас жүйені жетілдіре түсу керек.

Менің ойымша, баяғыдан сөреде жат­қан мәселені, яғни инвестициялармен жүйе­лі түрде айналысатын мекемені анық­тау керек.

Себебі қазіргі таңда осы бағытта жүйе жоқ. Бірқатар мемлекеттік мекемеге бір­дей құзыреттер берілген. Қазіргі жағдайда бұл тәсілдер заман талабына сай келмейді, әбден ескірген.

Бәлкім, инвестицияға қатысты мәсе­ле­лермен «Бәйтерек» холдингі белсен­­дірек айналысқаны дұрыс шешім болар. Ал Экономика министрлігі, Сыртқы істер министрлігі инвестицияларға байланысты кейбір құзыретін орындауды жалғастыра­ды.

Тағы бір өзекті мәселе.

Қарқынды дамитын Алатау қаласын салу­дың маңызы зор екені көпшілікке түсі­нікті деп ойлаймын. Болашақта бұл қала инвестиция мен кәсіпкерлікке қо­лайлы орталыққа айналады. 

Кез келген халықаралық юрисдик­ция­ның ұзақ уақыт бойы тартымды бол­уы­на бірден бір әсер ететін фактор – тиім­ді сот төрелігі.

Сондықтан Алатау қаласында жоғары сапалы сот төрелігін қамтамасыз ететін жүйе құрған жөн.

Жалпы құқықтың ағылшын үлгісіне сай жұмыс істейтін инвестициялық сот ком­мерциялық істерді қарайтын болады. 

Арнаулы құқықтық режиммен байла­ныс­ты басқа мәселелердің барлығы Аза­маттық сот құзыретіне жатады.

Үкімет «Алатау қаласының арнаулы құ­қықтық режимі туралы» Конституция­лық заңға тиісті түзетулерді 2027 жылғы қаң­тар айының соңына дейін Құрылтай­дың қарауына ұсынуы керек.

Осы орайда еске сала кететін бір жайт бар. Барша беделді әрі адал кәсіпкерлердің ин­вестициялық мүддесі ең мықты әрі се­німді құқықтық құжат – Конституция­мыз­бен қорғалған.

Енді шағын және орта бизнес туралы пі­кірімді айтқым келеді.

Қазір оның жалпы ішкі өнімдегі үлесі 40 пайызға жетті, ал негізгі капиталға тар­тыл­­ған инвестициядағы үлесі 70 пайызға жақындап келе жатыр.

Шағын бизнестің маңыздылығы бәрі­мізге белгілі, ол көптеген елде экономи­ка­ның қозғаушы күші саналады.

Бүгінде бұл саладағы кәсіпкерлердің үш­тен бірінен астамы саудамен айналы­са­ды. Сол себепті шағын бизнес құрылы­мын әртараптандыруға баса мән беру қа­жет деп үнемі айтып жүрміз.

Сонымен қатар Үкіметтің алдында ор­та бизнесті дамыту жөнінде арнайы жос­пар әзірлеу міндеті тұр. Құжатта кә­сіп­­­орындарды ұзақмерзімді каржы­лан­дыру әрі технологиялық тұрғыдан жаң­ғыр­ту тетіктері көрсетілуі қажет. Орта биз­нес өкілдерінің ірі кәсіпорындармен ты­ғыз жұмыс істеп, оларға өз өнімдерін өт­кізуіне жағдай жасау керек.

Қалай болғанда да, мемлекет эконо­ми­камыздағы ең маңызды тапсырыс беру­ші болып қала береді.

Сондықтан шағын және орта бизнесті мем­лекеттік органдар мен квазимем­ле­кеттік компаниялардың сатып алу үдеріс­те­ріне қатыстыру тәсілдерін жетілдіріп отыру қажет.

Сатып алынатын тауарлар мен қыз­меттердің бір бөлігін шағын және орта кә­сіп­орындардың еншісіне қалдыруға бо­­лады.

Бұл ретте өнім жеткізушіге қойылатын талаптарды жұмсарту керек. Кәсіпкерлер үшін тұрақты «ойын ережесі» өте маңыз­ды.

Негізі, мемлекеттік бақылау барынша еркін, еш қысымсыз жүргізіледі. Алайда бұл жүйе айыппұлдар, жоспардан тыс тек­серістер және шотты бұғаттайтын ка­ме­ралдық бақылаулар арқылы кәсіпорын­дар­дың жұмысына ықпал етіп отыр.

Мұны жағымды үрдіс деп айту қиын.

Бір қарағанда, биылғы бірінші жар­ты­жылдықта жеке кәсіпкерлер жасаған заң бұзушылықтар саны 34 пайыз қысқарған. Дегенмен айыппұл сомасы шамамен 11 пайызға ұлғайған, ал жоспардан тыс тек­серістер ондаған есе көбейген.

 Бизнеске «кедергі келтірмеудің» өзі үлкен көмек екенін іскерлік белсенділікке қа­тысты жүргізілген талдау анық көрсетіп отыр.

Бұл орайда микро және шағын биз­несті тексеруге 2020-2023 жылдарда жа­рия­ланған мораторийдің пайдалы тәжіри­бе­сіне қайта жүгінуге болады. Бұл тәжіри­бе өз тиімділігін көрсетті.

Құрылтай депутаттарына Үкіметпен бірге 2027 жылғы 1 қаңтардан бастап ке­зек­ті үш жылдық мораторий енгізудің қан­шалықты орынды екенін талқыға салу­ды ұсынамын. Бұл ретте бұған дейінгі мо­раторийдің артықшылықтары мен кем­шіліктері түгел ескерілуі керек.

Аталған қадамды бақылау-қадағалау жүйесін толық өзгертіп, реттеудің цифр­лық моделіне көшуге арналған страте­гия­лық үзіліс деп қарастырған жөн.

Сонымен қатар экономикалық баптар бойынша қылмыстық қудалауға ұшыраған кәсіпкерлерден түсетін шағым толастаған жоқ.

Сондықтан экономикалық құқық­бұзу­шылықтарды қылмыстық сипаттан арыл­тып, ізгілендіру шараларын қабыл­даған жөн.

Кәсіпкерлерге, әсіресе, шағын және орта бизнеске тең мүмкіндік беріп, әділ бә­секеге жол ашу қажет. Кей жағдайда осы та­лап сақталмайды.

Оған дәлел: қазірдің өзінде өн­діру­ш­і­лер, әсіресе азық-түлік саласындағы кә­сіп­­орындар бірқатар қиындыққа тап болу­­да. Тіпті, әдейі жасалған кедергілер де бар.

Мысалы, импорттық тауарлардың құ­ны қолдан төмендетіліп отыр. Ал отандық өнім­дердің ішкі нарыққа шығу жолы әдейі шектеліп жатады. Шынын айтқанда, бұл – жемқорлық. Сондықтан осындай қитұрқы әрекеттерді тоқтату керек.

Мұндай ахуал еліміздің компаниялары мен тауарларының бәсекеге қабілетін едәуір әлсіретіп жіберетіні сөзсіз.

Осындай іс-қимылдарға қатаң тос­қауыл қоймасақ, экономикамызға зиян болатыны айдан анық. Басқаша айтсақ, бизнесті қорғау – ұлттық экономиканың дербестігін нығайту деген сөз. Ал бизнеске қолдан заңсыз тосқауыл жасау, бұл – мем­лекетке қарсы жасалған қылмыс деп айт­сақ артық болмас.

Сондықтан кәсіпкерлерді қолдау те­тіктерін жетілдіру, яғни нығайту қажет. Бұл жұмысты сауда бірлестіктері аясында жүргізуге де болады.

Келесі. Қазақстан цифрлық эко­но­мика құруға міндетті. Онсыз бол­май­ды.

Біз өз мүмкіндіктерімізді дұрыс әрі шы­найы бағамдап, жаңа технологиялар ұсынатын жақсы дүниенің бәрін халық игілігіне пайдалануға тиіспіз.

Digital Qazaqstan кешенді страте­гия­сын іске асыру үшін негізгі инфрақұрылым салу ісі басталып кетті.

Екі суперкомпьютер іске қосылды. Жыл соңына дейін үшінші қуатты ком­пью­тер пайдалануға беріледі.

Каспий теңізінің табаны арқылы тал­шықты-оптикалық байланыс желісін жүр­гізу жұмысы аяқталды. Деректерді өң­дейтін орталықтар салынып жатыр. 

Бұл – елімізді цифрлық жаңғырту жолында атқарылған жұмыстардың бір бөлігі. Біз жаңа технологиялық даму ке­зеңіне апаратын ұзақ әрі үлкен жолдың басында тұрмыз.

Уақыт талабына сай болу үшін нақты нәтижелерге қол жеткізу маңызды. Осы­ған басымдық беру қажет.

Дегенмен әзірге нақты іске қарағанда құр­ғақ сөз көп. Цифрландыру ісі қол­даныстағы үдерістерді автоматтандырудан ары аса алмай отыр.

Цифрландыру қымбат бағдарламалық өнімдерді сатып алумен шектелмеуге тиіс. Ең алдымен, оның пайдасын толық тү­сі­нуі­міз керек.

Шын мәнінде, біз жасанды ин­тел­лектіні коммерцияландыру, активтерді то­кендеу, блокчейнтехнологиялары мен цифр­лық платформалар экожүйелерін да­мыту жұмысын енді ғана бастадық. 

Экономикада цифрландыруды іс жү­зінде қолдануға бағытталған нақты ша­ра­лар бағдарламасын әзірлеу қажет.

Қазіргі таңда миллиондаған азамат мар­кетплейстерді, тамақ жеткізу және такси шақыру қызметтерін, басқа да көп­теген қызметтерді, соның ішінде озық ел­дердің көбіне үлгі болып отырған Қа­зақстандағы банктердің қызметтерін күн­делікті пайдаланып жүр. Бірақ, мұны­мен шектелмей, алға қадам басу керек. 

Елімізде жоғары өнімді цифрлық эко­номиканы дамытуға тың серпін беру үшін қажетті нәрсенің бәрі бар. 

Жастарымыз білімді әрі жасампаз. Ин­тернет қолжетімді. Озық цифрлық инф­­­рақұрылым құрылды.

Бүгінде кез келген азамат үйінен шық­пай-ақ бірнеше минуттың ішінде банк есеп­шотын аша алады. Бөліп төлеуді рә­сім­деп, тауар сатып алу үшін де сыртқа шы­ғудың қажеті жоқ.

Цифрландырудың келесі кезеңінде қол­жетімділікті қамтамасыз етуден мүм­кін­діктер аясын кеңейтуге көшуіміз ке­рек.

Парадигманы өзгертіп, алдымызда тұр­ған міндеттерге мүлде басқа қырынан қа­рауға тиіспіз.

Біздің мақсатымыз – шын мәнінде ха­лықтық цифрлық экономика құру. 

Интернет қоғамдық санада тұтыну мен көңіл көтерудің ғана емес, жасампаз­дық пен еңбектің виртуалды аумағына ай­налуы керек.

Смартфондар азаматтарымыз үшін уа­­қытты зая өткізетін қымбат ойыншық емес, тиімді жұмыс істеуге мүмкіндік бере­тін құралға айналуға тиіс.

Үкімет жыл соңына дейін цифрлық фор­матта жұмыспен қамтудың жеңіл­де­тілген құқықтық режимін қалыптастыра­ды.

Халықтық цифрлық экономика құру үшін адамдардың мүмкіндіктері тұрғы­лық­ты жеріне тәуелді болмауы өте маңыз­ды.

Азаматтарымыз ауылда немесе қалада тұрса да, смартфон арқылы заңды табыс табуды үйренуге тиіс.

Кәсіпкерлікті қолдауға арналған қа­зіргі шараларды жекеменшік маркетп­лейс­тердің, банктердің, логистикалық ком­паниялар мен цифрлық сервистердің мүм­кіндіктерімен ұштастыру міндеті тұр.

Несие беру мен субсидиялаудан бөлек, өнім өндіруге және оны сатуға арналған қо­сымша құралдар қажет.

Келесі жылы Үкімет бизнес қауым­дас­тығымен бірлесіп, бірқатар өңірде цифр­лық дамуға қатысты пилоттық жобаларды іске қосуы керек. Мұндай қадам ауыл ша­руа­шылығы өнімін өндірушілерге өз тауарын өткізу ісін жолға қоюға көмек­теседі.

Табысты тәжірибелерді барлық ай­мақ­та кеңінен таратқан жөн.

Активтерді токендеу, яғни оларды цифр­лық ортаға көшіру ісін толық жүзеге асыру керек.

Бұл қадам азаматтарға компаниялар мен түрлі нысандардың меншік иесінің бірі болуына, ал кәсіпкерлерге артық дел­далсыз тікелей капитал тартуға мүм­кіндік береді.

Халықтық цифрлық экономика құ­рудың стратегиялық мақсаты – әрбір аза­маттың әл-ауқатын арттыру үшін за­манауи технологиялардың мүмкіндіктерін пайдалану.

Биыл Цифрландыру және жасанды интеллект жылы аясында біз озық әрі тех­нологиялық тұрғыдан дамыған мемле­кет құру ісіне серпін бердік.

Енді бұл жұмысты әрі қарай жүйелі жал­ғастырып, жасанды интеллектіге не­гіз­делген цифрлық экономика құруымыз қа­жет. Үкімет, ұлттық компаниялар, креа­тивті индустрия секторы осы үдеріске бел­сенді атсалысуға тиіс.

Бұл – жаңа дәуірдің талаптарына то­лық сай келетін аса маңызды жалпыұлттық міндет. Болашақтың экономикасын құру үшін таптаурын түсініктер мен ескірген тәсілдерден біржола арылуымыз қажет.

Қоғам дамуының мүлде жаңа негізін қалыптастыруымыз керек. Шын мәнінде, мұны озық технологиялар заманында өс­келең ұрпақтың лайықты өмір сүруіне жол ашатын ұзақ мерзімге арналған жал­пыұлт­тық миссия деуге болады.

Цифрлық дәуір қаншалықты күрделі, қиын, тіпті қауіп-қатерге толы болса да, біздің мақсат-мұратымыз өзгермейді.

Бұл – жаңа тұрпатты мемлекет құру, жаң­ғыру мен жаңару жолынан айнымау.

Сондықтан мен келесі жылды Жалпы­халықтық ауқымды құрылыс жылы деп жариялауды ұсынамын.

Жоғарыда айтқанымдай, осы жылдың аясында әр облыс орталығында, аудан­дар­да, тіпті елді мекендерде азаматтық инфрақұрылым нысандарын салуға және жөндеуге белсенді түрде кірісеміз.

Жолдар, әуежайлар, вокзалдар, де­н­саулық сақтау мекемелері, соның ішінде ерекше қажеттілігі бар балаларға арналған оңалту орталықтарының құрылысын бас­таймыз.

Сондай-ақ барлық аймақта шығар­ма­шылық үйлері, спорт кешендері, кітап­ха­налар және ғылыми орталықтар бой кө­теруі керек. Әрине, тұрғын үй салу да маңыз­ды міндет болып қала береді.

Біз ауқымды құрылысты қарқынды жүр­гіземіз. Бұл – халқымыздың жасанды ин­теллект дәуіріне беретін ортақ жауабы.

Конституцияда халықтың әл-ауқатын арт­тыру мемлекеттің стратегиялық ба­сым­дығы ретінде айқындалды. Осы бастамалардың барлығы ел игілігі, әсіресе өс­келең ұрпақтың қамы үшін қолға алы­нып отырғанын тағы да баса айтқым ке­леді.

Келесі өте маңызды міндет – мем­ле­кеттік басқару ісінің сапасын толықтай жақ­сарту.

Инфрақұрылымды жаңғырту, жаппай цифрландыру және индустрия саласын дамыту үшін бюджеттен қомақты қаржы бөлініп жатыр. Жеке инвестиция да тар­тылу­да.

Осы орайда, мына мәселеге назар ау­дарғым келеді. Ауқымды құрылыс ая­сын­дағы жобаларды мұқият іріктеу, сенімді компаниялармен жұмыс істеу және бас­таманы жүзеге асырудың әр кезеңін жіті бақылау өте маңызды.

Мемлекеттік аппарат осы міндетті кә­сі­би тұрғыдан мүлтіксіз орындауға дайын болуы керек.

Бұдан бөлек, макроэкономикалық сая­сатты мұқият ойластырып жүргізген жөн.

Соңғы жылдары Үкімет бюджет пен салық жүйесін толығымен қайта қарады.

Бірақ мемлекеттік саясаттың тиім­ді­лігі, ең алдымен, азаматтардың әл-ауқа­ты­на, экономикалық белсенділігіне қарап бағаланады.

Сондықтан біз үшін ең маңызды мақ­сат – халықтың табысын ұлғайту. Ол үшін бірінші кезекте инфляциямен жүйелі түрде күресу қажет.

Инфляция, бейнелеп айтқанда, аза­маттарымыздың тұрмысын күннен күнге тұралататын қауіпті кесел.

Бағаның өсу қарқыны біршама бәсең­деді. Дегенмен инфляция деңгейі әлі де жоғары.

Сондықтан, ең алдымен, Үкімет пен Ұлттық банк бірлесіп, үйлесімді жұмыс істеуі керек. Инфляцияны тежеп, төмен­дету қажет. Бұл – аса маңызды міндет.

Үкімет бюджет және салық саясатын ба­рынша байыпты жүргізуі қажет. Сон­дай-ақ экономиканың өндірістік әлеуетін кү­шейтіп, бизнестің өнімділігін арттыру үшін қолайлы жағдай жасау керек.

Қаржы нарығын реттеуші мекемелер де өз міндеттерін сапалы әрі тиімді орын­дау­ға тиіс.

Бүгінде Қазақстанның қаржы жүйесі ай­тарлықтай орнықты деңгейде. Оған дә­лел: еліміздегі банктердің активі 75 трил­лион теңгеден (яғни 150 миллиард дол­лардан) асты.

Депозиттердің көлемі рекордтық көр­сеткішке, нақты айтқанда, 52 триллион тең­геге, яғни 105 мил­лиард долларға жетті.

Салымдардың 78 пайызы ұлттық валютада сақ­талған. Бұл ұлттық теңгенің құндылығы арта түскенін көр­сетеді.

Ендігі маңызды міндет – жинақталған қаржы ре­сурс­тарын экономиканың нақты секторын да­мы­туға тиімді пайдалану.

Осыған орай, Ұлттық банкке баға мен қаржы тұ­рақ­тылығын қамтамасыз етумен қатар, экономиканы да­­мытуға жол ашатын бастамаларды жүзеге асыруға да атсалысатын кез келді.

Экономикамыз ұзақмерзімді қаржыландыруды қа­жет етеді. Оны толық өтеуге бюджет пен даму инс­ти­туттарының қауқары жетпейді.

Банктер бизнесті инвестициялық кредиттеуге ба­рынша атсалысуға тиіс. Бұл – олардың негізгі мис­сия­сы.

Ол үшін қажетті жағдай жасалуға тиіс, соның ішін­де банк жүйесіндегі кәдеге жаратылмай жатқан бос қаржыны тиімді реттеу жолдарын ойлап табуға бо­лады. Ал мұндай қаржы бар, әрі өте көп.

Пайдасыз пікірталасқа уақытымыз жоқ. Елді да­му­дың даңғыл жолына салатын шешімдер қажет.

Экономиканың басты салаларын ұзақмерзімді кре­диттеудің жаңа тәсілдерін іске қосқан жөн. Бұған банк­тер, даму институттары, халықаралық қаржы ұйым­дары және басқа да қаржы көздерін тарту керек.

Капитал нарығының мүмкіндіктерін айтарлықтай кеңейту міндеті тұр.

Сол себепті жеке кәсіпорындарды биржа құрал­да­рын белсенді қолдануға ынталандыру маңызды.

Аса өзекті міндеттің бірі – қосымша қаржы тарту жә­не инвестициялық тәртіпті күшейту.

Әзірленіп жатқан Капитал нарығы туралы заңда нақ­ты тетіктер қарастырылуы қажет.

Әсіресе, ұлттық бірыңғай қаржы экожүйесін қа­лып­тастыруға ден қойған абзал.

Қазақстан қор биржасы, «Астана» халықаралық қар­жы орталығы және Alatau City жақын серіктес ре­тінде жұмыс істеуге тиіс.

Ұлттық банк пен Үкімет Қазақстанның қаржы на­ры­ғын дамытудың бірыңғай стратегиясын әзірлеуі ке­рек.

Макроэкономикалық тұрақтылықты ұзақ мер­зім­ге қамтамасыз етудің тағы бір жолы – бюджет сая­са­т­ын реттеу.

Былтыр қабылданған Бюджет кодексі мемлекет қара­жатын тиімді басқаруға және қаржылық тәртіпті кү­шейтуге мүмкіндік берді.

Дегенмен шығындардың жыл санап көбейіп бара жат­қанын ескерген жөн. Сол себепті қазына қаржы­сын жоспарлау және басқару сапасын одан әрі арт­тыру қажет.

Орынсыз, тиімсіз шығындардың алдын алу үшін жа­санды интеллект технологиясының мүмкіндігін пай­даланған дұрыс. Сондай-ақ мемлекеттік қазына жүйесін толыққанды цифрландыру жұмысын аяқтау керек. Бюджет қаражатын басқарудың ортақ әдіс-тә­сілдерге негізделген жүйесін құру қажет.

Үкімет пен Ұлттық банктен нақты ұсыныстар кү­те­­мін.

Келесі басымдық – салық саясатын жетілдіру.

Жаңа Салық кодексі бүкіл жүйені кешенді түрде қайта жаңғыртуға негіз қалады.

Бірақ мұндай ауқымды реформа жолында күт­пе­ген мәселелер міндетті түрде шығады. Оны алдын ала болжау оңай емес.

Соның салдарынан жекелеген нормаларды қол­дану кезінде бизнес түрлі қиындықтарға тап болып отыр.

Салық кодексі қатып қалған қағида не қасиетті кі­тап сөзі емес. Заң өмірдің шындығынан алшақ кет­пеу­ге тиіс.

Сондықтан қайшылықтарды жойып, екіұшты тү­сіндірілген нормалардан арылу керек. Кә­сіп­кер­лерге салмақ түсіретін артық жүктемені азайтып, сыңар­жақ тұстарын алып тастаған жөн.

Салық жүйесі бизнестің дамуға деген ынтасына бө­гет болмауы керек. Сондай-ақ инвестиция тартуға жә­не жұмыс орындарын ашуға кедергі келтірмегені дұрыс.

Сондықтан Үкіметке бизнес өкілдерінің пікіріне құ­лақ асып, салық заңнамасына енгізілетін нақты өз­герістер легін әзірлеуді тапсырамын.

Кәсіпкерлердің жұмыс істеу қағидаларын өзгерте бер­меу үшін бұл істі барынша байыппен жүргізу ке­рек.

Біздің заңнамамыз тым көлемді әрі күрделі, сон­дықтан оны түсіну қиын. Осы мәселе кәсіпкерлердің бас ауруына айналып отыр.

Салық салудағы әділеттілік мәселесіне арнайы тоқ­талғым келеді.

Бай-бағландарға арналған жоғары салық мөл­шер­ле­месін енгізу мәселесін талқылайтын кез келді деп са­наймын.

Тағы да атап өтемін. Ешкім заңды түрде тапқан ак­тив­ке қандай да бір жолмен шектеу қойғалы жатқан жоқ. Бұл Конституция талаптарына қайшы болар еді.

Әңгіме әділеттілік туралы, яғни әр азаматтың ел да­муына лайықты, адал үлес қосуы жөнінде болып отыр.

Үкімет пен Құрылтай осы мәселені зерделеп, тиіс­ті ұсыныстарын беруі қажет.

Әділ салық салу ашықтықты, яғни жаппай цифр­лан­дыруды талап етеді.

Салық түсімін арттырып, көлеңкелі экономика мен жемқорлық сын-қатерлерін азайту үшін озық тех­нологияларды, соның ішінде жасанды интеллектіні пай­далану қажет.

Қазіргі жағдайда инновацияларды табысты ен­гізіп, экономиканың бәсекеге қабілетін арттыру ісін­де құқық жүйесі айрықша рөл атқарады.

Қолданыстағы Азаматтық кодекс өткен ғасырдың тоқ­саныншы жылдарында қабылданды.

Кодекс өзінің тарихи миссиясын толық атқарып шық­ты десек, артық болмайды.

Бұл құжат нарықтық экономиканың негізгі инс­титуттарын құруға жол ашты, меншікті қорғау қа­ғи­датын бекітті.

Бұған қоса, жаңа тарихи дәуірдегі азаматтық қа­тынастардың құқықтық негізін қалыптастырды. Де­­генмен қанша жерден сапалы болса да, бұл Аза­мат­тық кодекс өтпелі кезеңдегі экономика үшін әзір­ленді.

Сол кезде озық технологиялардың заты түгіл, аты да жоқ болатын. Әрине, соңғы 30 жыл ішінде бүкіл әлем, соның ішінде еліміз де түбегейлі өзгерді.

Осының бәрін ескере отырып, болашақтың эко­номикасына байыппен көшуге құқықтық негіз бола­тын жаңа Азаматтық кодекс қабылдау қажет деп са­най­мын.

Бұл кәсіпкерлердің, инвесторлардың және аза­мат­тардың алаңсыз жұмыс жүргізуі үшін құқықтық тұрақ­тылықты қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.

Құрылтай депутаттары Үкіметпен бірлесе отырып, осы маңызды құжатты әзірлеуге тез арада кіріскені жөн.

Құрылтай жаңа Азаматтық кодексті келесі жыл­дың аяғына дейін қабылдаса жөн болар.

«Халықтық құрылысқа» қажеттілік экономикалық міндеттерден ғана туындаған жоқ. Түрлі салада қор­даланған құрылымдық теңгерімсіздік осыған алып келді.

Халық саны мен ішкі көші-қонның өсуі бұған дейін әупірімдеп жұмыс істеп тұрған әлеуметтік ны­сан­дарға шектен тыс салмақ түсіреді.

Бұл кеше ғана пайда болған түйткіл емес.

Өткен онжылдықтарда әлеуметтік көмекті ша­мадан тыс көбейту есебінен мемлекеттік басқарудағы қателіктер мен кемшіліктерді жасырып-жабу, яғни азаматтардың көңілін табу қалыпты дүниеге айналды.

Мемлекет ресурсы желге ұшты, тіпті жағдайы жақ­сы отбасылар да жәрдемақы алды. Осы кезде мек­тептер мен ауруханалар тапшылығы ұдайы ұл­ғайып отырды.

Бұл қоғамда патернализм мен масылдық көңіл-күй­дің күшеюіне түрткі болды. Әлеуметтік қамсыз­дан­дыру жүйесінде ашықтан ашық тонау және сыбай­лас жемқорлық белең алды.

Негізсіз жеңілдіктер мен жәрдемақылардың тым көптігі – институционалдық шалағайлықтың, керек десеңіз, мемлекеттік аппараттың әлсіздігінің белгісі. Бұл – елдің жарқын келешегін қамтамасыз ету ісінде кө­ре­генділік жетіспейді деген сөз. Мұны түсінген абзал.

Адамдарға бюджет қаражаты есебінен қамқор­сын­ған сыңай таныту – барып тұрған популизм. Осы­ның салдарынан халық мүддесіне қарсы, елдің ор­нық­ты дамуына тұсау болатын түрлі алаяқтық істер бүр­кемеленіп келді.

Бүгінін ғана ойлайтын адамдардың түсінігі осын­дай болады. Олар стратегиялық және мемлекеттік көзқарас тұрғысынан пайымдай алмайды.

Сондықтан әлеуметтік саясатты түбегейлі қайта қарап, уақытша түйткілдерді реттеуден гөрі страте­гия­лық мақсаттарға жетуге баса мән беру қажет.

Қайталап айтамын: мемлекеттік көмек шын мұқ­таж адамдарға ғана берілуге тиіс. Үкіметтің алдында тұрған басты міндеттің бірі – осы.

Жалпы, бұл салада өзекті мәселелер аз емес, соған бай­ланысты Үкімет өз ұсынысын, шешімдерін беру­де.

Қазір қоғамда осы мәселелер бойынша қызу тал­қы жүріп жатыр. Азаматтар өздерін алаңдатқан мә­се­­­лелерді ашық айтуда.

Сондықтан бұл күрделі мәселені «өгізді өлтірмей, ар­баны сындырмай», байыппен, салмақты көз­қа­рас­пен шешу қажет. Артық қыламын деп, тыртық қылуға мүл­дем болмайды.

Кез келген реформа терең сарапталып, мұқият зерт­теліп, азаматтардың жағдайын мейлінше ескере оты­рып жүргізілуге тиіс.

Әлеуметтік көмектің жаңа тәсілдерін, соған қа­тысты ақпараттық жүйелердің қызметін алдын ала мұ­қият тексерістен өткізу қажет. Ең дұрысы, ондай жо­баларды әуелі пилоттық режимде іске қосып, тиім­ділігі расталған соң ғана кең ауқымда қолдану керек.

Түптеп келгенде, әлеуметтік мемлекет дегеніміз – азаматтарды әлеуметтік төлемдерге тәуелді ету емес, бұл, ең алдымен, халықтың тұрмыс сапасын, әл-ауқа­тын арттыру деген сөз.

Сондықтан біз адам капиталының сапасын жақ­сартуға және өскелең ұрпақтың жан-жақты дамуына қо­лайлы жағдай жасауға баса мән беріп отырмыз. 

Қазақстанда жеті миллионға жуық бала бар. Бұл – хал­қымыздың 34 пайызы. Жыл сайын 330 мыңнан ас­там сәби дүниеге келеді.

Елімізде халық саны қарқынды өсуде. Сондықтан денсаулық сақтау инфрақұрылымын жүйелі әрі жедел дамыту – өте маңызды міндет.

Біз ауқымды құрылыстың алғашқы кезеңінде елі­міз бойынша сегіз заманауи перинаталды орталық салу­ды жоспарлап отырмыз.

Бұдан басқа, Атырау, Ақтөбе, Алматы, Шымкент, Қаскелең, Семей, Ақтау қалаларында жеті көпбейінді балалар ауруханасы, Астанада тағы екі медициналық нысан бой көтереді.

Аталған жұмысқа бюджет қаражатымен қатар, жеке капиталды кеңінен тартқан жөн.

Қолға алынған мемлекет пен жекеменшік се­рік­тестігі жобаларын сәтті жүзеге асыру қажет. Мұндай се­ріктестік түрі әлеуметтік инфрақұрылымға салы­на­тын жеке инвестиция көлемін ұлғайтуға көмек­те­седі.

Ең бастысы, тиісті рәсімдерді негізсіз созбай, ше­­­­­шім­дерді тез қабылдау керек.

Сондай-ақ біз алғашқы медициналық-санитар­лық кө­мек жүйесін жаңғырту ісіне ерекше мән бере­міз.

Осы тұрғыдан алғанда, жалпы практика дәрігер­лері­нің өкілеттігін кеңейтіп, бұл жүйені қаржы­лан­дыру көлемін кезең-кезеңімен ұлғайту маңызды.

Үкіметке келер жылдың 1 қаңтарынан бастап осы ба­­­ғытта жұмыс істейтін учаскелік қызмет маман­дары­ның жалақысын үздіксіз еңбек өтіліне қарай 40 пайыз­ға дейін арттыруды тапсырамын. Бұл 77 мың­нан астам маманның табысын өсіруге мүмкіндік бере­ді.

Сонымен қатар біз жалақының ең төменгі мөл­шерін кезең-кезеңімен көбейте береміз. Мен Үкімет­ке ең төменгі жалақы мөлшерін 85 мыңнан 110 мың теңгеге дейін көтеруді тапсырамын.

Осы міндет келесі жылдың 1 қаңтарынан бастап іс­ке асырылуға тиіс. Бұл 1,8 миллион адамның, соның ішін­де бюджеттен жалақы алатын 370 мыңнан астам қызметкердің табысын арттыруға ықпал етеді.

Тағы бір өзекті тақырып. Инклюзивті білім беру мәселесіне айрықша назар аударған жөн.

Бүгінде Қазақстанда инклюзивті білім алуға тиіс 237 мыңнан астам бала бар.

Өкінішке қарай, соңғы жылдарда ерекше қажет­тілігі бар балалардың саны арта түсуде. Сондықтан Үкімет әкімдермен бірлесіп, осы салаға қатысты инф­ра­құрылымды дамытуға тиіс. Ауқымды құрылыс­ты жүргізу кезінде бұл бағыт назардан тыс қалмауы қажет.

Маман тапшылығын азайту және ерекше қажет­тілігі бар балалардың диагнозын ерте жастан анықтау жұмысы да жүйелі түрде жүргізілуі керек. Осы жұмыс­қа «Қазақстан халқына» қоры белсенді атсалысқаны жөн.

Тағы бір мәселе. Қоғамда оқу-ағарту саласындағы ре­формаларға қатысты түйткілдер көп талқыланып жүр.

Жалпы, әр өзгеріс мұғалімнің жұмысын жеңілде­ту­ге, оның қызметіндегі артық жүктемені азайтуға ба­ғытталуы керек.

Іс жүзінде бұл міндет толық орындалмай жатқаны жа­сырын емес. Бұрын қағазбастылық көп еді. Енді оның орнын түрлі платформаларға, цифрлық жүйе­лерге енгізілуге тиіс есептер басып отыр.

Ұстаздың негізгі миссиясы – балаға сапалы білім беру, яғни сауатты, саналы ұрпақ тәрбиелеу. Бұл мін­деттерді орындауға кедергі келтіретін басы артық жұ­­­­мысты доғару керек.

Біз мұғалімдердің абырой-беделін қорғауымыз қа­жет. Соңғы уақытта мектептерде оқушылар ұстаз­да­рына дөрекі сөйлеп, тіпті, күш қолданатын жағ­дайлар да аз емес. Мұндай кезде көбінесе мектеп әкім­­шілігі де мұ­ғалімге қысым көрсетіп жатады. Бұл – дұрыс емес.

Әр мәселе мұқият әрі жан-жақты қаралуға тиіс. Кез келген жағдайға отбасы да, оқушы да, ұстаз да, ме­к­теп те – бәрі де бірдей жауапкершілікпен қарауы ке­рек.

Оқу-ағарту министрлігі бұл жұмысты жіті назарда ұстауы қажет.

Құрметті Құрылтай депутаттары және Үкімет мү­ше­лері!

Мен бұған дейін де айтқанымдай, еліміз жаңа тарихи кезеңге қадам басты.

Осындай бетбұрысты сәтте ұлттық жоспарымыз бен стратегиямыздың бәрін қайта зерделеуіміз керек.

Біз Тәуелсіздігіміздің келесі мерейлі белесіне қан­дай нәтижемен жететінімізді анық түсінуіміз қа­жет.

Алдымыздағы мақсаттарды нақты белгілеу арқы­лы біз бүгінгі міндеттер мен басымдықтарды айқын­дай­мыз, дербес стратегиялық бағдарымызды берік ұста­нып, жасампаз жоспарларды жүзеге асырамыз.

Сондықтан Президент Әкімшілігі Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігімен бірлесіп, бір жылдың ішінде еліміздің ұзақмерзімді дамуының кешенді бағдарын айқындайтын құжат әзірлеуі керек.

Бұл жұмысқа ғылыми-зерттеу орталықтарын, со­ның ішінде Қазақстанның стратегиялық зерттеулер институтын кеңінен тартқан жөн. Осынау маңызды құ­жатқа депутаттар да елеулі үлес қоса алады деп ой­лай­мын.

Бірақ бұл ауқымды жұмысты мемлекеттік басқару жүйесін реформалау ісінен бастауымыз керек.

Конституция заңды күшіне енген соң еліміздің саяси жүйесі толық жаңғырды. Осыған байланысты мем­лекеттік мекемелер алдында тұрған міндеттер де күр­делене түсті.

Қазір билік жүйесін дамытудың жаңа страте­гия­сына сәйкес осы саланы түбегейлі реформалау қа­жет­­­тігі туындап отыр.

Бұл үдерісте тұтас мемлекеттік аппараттың және әр­бір мемлекеттік қызметшінің жұмыс тиімділігін арт­тыру маңызды міндет болуға тиіс.

Ең алдымен, Үкіметтен бастап ауыл әкімдеріне дейін­гі барлық деңгейдегі басқару құрылымын қайта қарау қажет.

Билік жүйесі цифрландыру дәуірінің талаптарына сай жұмыс істеп, жасанды интеллектінің мүмкін­дік­те­рін тиімді пайдалана білуі керек.

Мемлекеттік мекемелерді ұтымды бастама көте­ру­ге, дербес шешім қабылдауға ынталандыру қажет.

Әрбір мекеме өз өкілеттігімен қатар, тұтас мем­ле­кеттік аппараттың қалай жұмыс істейтінін нақты білу­ге тиіс.

Жасанды интеллектінің көмегімен қайталанатын мін­деттерді, басқару жүйесіндегі қарама-қай­шы­лық­тар­ды жою керек.

Мемлекеттік аппарат қағазбастылықтан толық жә­не біржола арылуы қажет. Шешім қабылдауға, яғни да­муға кедергі келтіретін барлық рәсімді қысқарту ке­рек.

Мемлекеттік қызметшілер кәсіби білікті, озық ма­ман болуға тиіс. Өкінішке қарай, әзірге мұндай дең­гейге жеттік деп айту қиын.

Сондықтан мемлекеттік қызметшілерге арналған жаңа әдеп қағидаттарын әзірлеген жөн. Мемлекеттік қызметші, ең алдымен, Конституция талаптарын бас­шылыққа алып, Отанына және халқына адал қыз­мет етуге тиіс. Бұл жерде жекелеген өзгерістер туралы сөз болып отырған жоқ.

Бізге шынайы реформа қажет. Көзбояушылыққа жол беруге болмайды. Бұл – құқықтық және қар­жы­лық шаралар қабылдауды талап ететін аса күрделі үде­ріс.

Президент Әкімшілігі 2027 жылдың 1 маусымына дейін мемлекеттік басқару жүйесін реформалауға қа­тысты кешенді жоспар ұсынуы керек. Бір сөзбен айт­қанда, мемлекеттік басқару жүйесін цифрлық тех­нология мен жасанды интеллектіге негізделген жаңа экономикаға бейімдеп, жаңғырту қажет.

Біздің басты мақсатымыз – Әділетті, Күшті, Таза, Озық Қазақстанды құру.

Қазір мол мүмкіндіктердің дәуірі туды. Бұл дәуір­дің орасан зор қауіп-қатерлері де бар.

Дәл осындай жауапты кезеңдерде ұлттың мінезі ай­қын көрінеді. 

Енжарлық пен бейқамдық танытқан ел тарихта жеңім­паз ұлт болмайтыны қалатыны анық.

Замананың сын-қатеріне төтеп берудің бірден бір жо­лы – стратегиялық тұрғыда бір қадам алда жүріп жұ­мыс істеу, сол арқылы Қазақстанның болашақ кел­бетін қалыптастыру. 

Әйтпесе, үнемі көштің соңында жүруге мәжбүр бо­ла­мыз.

Мемлекет дамуының ең жоғары өлшемі саналатын да, барлық реформаның игілігін көретін де (қазіргі тіл­мен айтқанда бенефициарлары) – біздің азамат­тары­мыз.

Сондықтан менің стратегиялық бағдарымның өзе­гінде әділдік идеясы тұр.

Жаңа тарихи кезеңге қадам баса отырып, біз бар­лық азаматтық инфрақұрылымды салу және жаңғырту ісіне кірісіп жатырмыз.

Алдағы бірнеше жылда барлық аймақта қарқынды құрылыс жүргізіледі.

Бұған дейін айтқанымдай, біз жаңа автожолдар, өнеркәсіп және энергетика нысандарын, теміржол­дар, көпірлер, инженерлік желілер, гидротехникалық ны­сандар, мектептер, ауруханалар, спорт кешендерін және мәдениет ошақтарын саламыз. 

Заманауи инфрақұрылымдарды салу ісі ондаған жаңа өндіріс орындарын ашуға ықпал етіп, ең бас­тысы халықтық цифрлық экономиканы дамытуға мүм­кіндік береді. 

Осылайша, біз темірдей тәртіптің, жоғары жауап­кер­шіліктің және қажырлы еңбектің арқасында көп ұзамай ауылдарымыз бен қалаларымыздың келбетін тү­бе­гейлі өзгертеміз. Ортақ мекеніміз – Қазақстан Рес­публикасын бұдан да қуатты, бұдан да тартымды елге айналдырамыз.

Біз «Заң мен Тәртіп» қағидатына бағына отырып, адал еңбек ету арқылы көздеген мақсаттарымызға мін­детті түрде қол жеткіземіз және келер ұрпаққа лайық­ты мұра қалдырамыз.

Бұған дейін бірнеше мәрте айттым, тағы да қай­талаймын: бұрын-соңды болмаған жаһандық сын-қа­терлер кезеңінде елдің бірлігі мен қоғамның әлеу­меттік тұғырын барынша нығайта түсуіміз қажет.

Біз сонда ғана стратегиялық міндеттерімізді то­лық орындай аламыз.

Осы жолмен жүрсек, Қазақстан әлемдік өркениет кө­шінің алдыңғы шебінен лайықты орын алатынына кә­міл сенемін.

Жалпы, кез келген реформаны іске асыру үшін заң­дарды жетілдіру, саяси институттарды нығайту жет­кіліксіз. Ең алдымен, сана жаңғыруға тиіс. Еліміз ор­нықты дамуы үшін қоғамда жаңа этика орнығуы қа­жет. «Адал азамат» идеологиясы өміріміздің ажы­ра­мас бөлігіне айналуы керек.

«Әрекет түбі – берекет» деген халқымыз. Сон­дықтан мейлінше ширақ болып, отаншыл азамат еке­­німізді жасампаз істермен көрсету аса маңызды.

Ал отаншыл болу – заңды құрметтеу, тәртіпке ба­ғыну, ел игілігі үшін табанды еңбек ету деген сөз. Заң­ға құрметпен қарайтын адам табысты болады.

Мен Қазақстан әрбір азаматтың дамуына жол аша­тын, жалпыға бірдей мүмкіндік беретін, бірлігі бе­кем, Әділетті әрі Өркениетті мемлекет болуын ті­лей­­мін. Аталған мақсатқа жету үшін бар күш-жіге­рім­­ді салып келемін және алдағы уақытта да солай бо­лады.

Қазіргі заманның басты қуаты – білім мен ғы­лым­­да, озық инновацияларда. Жаңа технологияларды, ж­а­санды интеллектіні терең меңгерген ел дамиды. Мем­лекетімізге мықты ғалымдар, кәсіби инженерлер, ұла­ғатты ұстаздар мен білікті дәрігерлер әрқашанда керек болады.

Мен ұлтымыздың көшін алға бастай алатын отан­шыл азаматтарға зор үмітпен қараймын.

Қадірлі қауым!

Бүгін мен елімізде жасалып жатқан ауқымды өз­герістерге кеңінен тоқталдым. Жарқын болашағымыз­ды айқындайтын маңызды бастамалар жөнінде айт­тым.

Алдымызда тұрған тарихи міндеттерді табысты жү­зеге асыруымыз керек. Біз әр азаматтың дамуына, бар­ша жұрттың өркендеуіне жол ашатын берекелі қо­ғам, Әділетті Қазақстанды міндетті түрде құрамыз.

Баршаңызға амандық және табыс тілеймін!

Отанымыз – Қазақ елі мәңгі жасасын!