Құрылтай отырысында Құрылтай Төрағасы Айбек Дәдебай Президенттің «Жаңа тарихи кезеңдегі Қазақстанның өзекті міндеттері» атты Жолдауын жүзеге асыру бойынша депутаттық корпустың алдындағы міндеттерді айқындап берді. Сонымен қатар депутаттар екі оқылымда Еуразиялық экономикалық одақ туралы шартқа түзетулер енгізу жөніндегі хаттаманы ратификациялау туралы заңды қабылдады.
Жолдауды жүзеге асыру міндеттерін айқындады
115
оқылды

Отырыста Айбек Дәдебай рефор­маларды одан әрі іске асыру үшін Президенттің «Жаңа тарихи кезең­де­гі Қазақстанның өзекті міндеттері» Жол­дауының маңыздылығын атап өтіп, елдің жаңартылған саяси жүйе­сі­нің алдына қойылған негізгі бағыт­тар­ды белгіледі. 

– Бүгін Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев Қа­зақстан халқына кезекті Жол­дауын жариялады. Ол – жаңа Конс­ти­туция қабылданып, бүкіл саяси жүйе жаңғыртылғаннан кейінгі ал­ғаш­қы Жолдау. Енді Мемлекет бас­шы­сы жаңа саяси институттардың ал­дына нақты міндеттер қойып отыр. Бұл – жүргізіліп жатқан рефор­ма­лар­ды нақ­ты мазмұнмен байыта отырып, олар­дың жүзеге асырылуын қамтама­сыз ету. Президентіміздің басты на­за­рында әрдайым адам, оның әлау­қа­ты­ және өңірлерді дамыту мәселе­ле­рі тұр, – деді Құрылтай Төрағасы.

Спикер өз сөзінде Жолдаудың елі­міз бен азаматтарымыздың игілігі жо­лында барлық мемлекеттік және қо­ғамдық құрылымдардың жүйелі әрі қарқынды жұмыс істеуіне тың сер­пін беретінін атап өтті. Президент ұзақ уақыт бойы тиісті шешімін тап­пай келген түйткілді мәселелерге та­­ғы да нақты жауап беріп, еліміздің ал­­дағы ұзақ жылдарға арналған та­бысты әрі орнықты дамуының берік негізін қалайды. Құрылтай депутат­тары Президент ұсынған ауқымды өз­герістерді жүзеге асырудың алдың­ғы шебінде болуға тиіс.

– Құрылтай депутаттары Мем­ле­кет басшысының Жолдауда айтылған барлық бастамасын толық қолдайды. Депутаттық корпус Мемлекет Бас­шы­сының барлық тапсырмасын са­­палы әрі уақытылы орындау үшін бар күш-жігерін жұмсайды. Әсіресе Жолдаудың мән-мазмұнын қоғам­ның барлық топтарына кеңінен тү­сін­діруге және оны іске асыру жо­лын­да азаматтарды ортақ мақсаттарға жұмылдыруға ерекше назар аудары­ла­тын болады, – деп атап өтті Айбек Дәдебай.

Осыған байланысты, Спикер Құ­рыл­тайдың алдында тұрған негізгі мінд­еттерді нақтылады. Бұл қатарда Пре­зидент бастамаларын заңнама­лық тұрғыдан сүйемелдеуді қамта­ма­сыз етуге, заң шығару жұмысына са­рап­шылар мен азаматтық қоғам өкіл­дерін тартуға, сондай-ақ Жол­дау­дың басымдықтарын түсіндіруге на­зар аударды. 

Атап айтқанда,  Үкіметпен бірле­сіп, заң жобалары бойынша жұмыс­тың нақты жоспарын жасау, әр құжат бойынша нақты мерзімдерді белгілеу және  олардың құқықтық қолда­ны­л­уы­на ерекше назар аудару қажет. Бұл ретте, Құрылтай Төрағасы атап өт­кендей, жаңа заңдардағы әрбір нор­ма Президент қойған міндеттерді нақ­ты шешуге бағытталуы керек.

Осы ретте, Мемлекет басшысы Ұлттық қордың ресурсын жинақтау жә­не оны пайдалану арасында тең­герім­ді сақтап, қаражатты тек қоғам­ға барынша пайдалы дүниеге ғана жаратуды тапсырды. Айбек Дәдебай бұл мәселе Құрылтай депутаттары­ның нақты бақылауында болатынын айтты. 

Жолдауда дамудың логистика инф­рақұрылымы, энергетика, ауыл ша­руашылығы, шағын және орта биз­нес, банк секторы, жаңа Алатау қа­ласының бой көтеруі сияқты өзге де басым бағыттары айқындалған. Са­лық саясатын жетілдіру мен жаңа Аза­маттық кодексті қабылдауға ерек­ше мән берілген. Құрылтай де­пу­таттары алға қойылған міндеттерді жүзеге асыруға атсалысуға және олар­ды заңнамалық тұрғыда сүйе­мел­деуді қамтамасыз етуге әзір. 

Сонымен қатар, Айбек Дәдебай жа­қын арада депутаттар тобы Жол­дау­д­ы түсіндіру үшін өңірлерге бара­ты­нын айтты. Олар еңбек ұжымдары­мен кездесулер өткізеді, жастармен, кәсіпкерлермен және ауыл шаруа­шы­лығы саласының өкілдерімен пі­кір алмасады. Басты мақсат – Жол­даудың мәні мен прогрессив­тілі­гін қоғамға кеңінен жеткізу.

Отырыс барысында Құрылтай «2014 жылғы 29 мамырдағы Еура­зия­лық экономикалық одақ туралы шарт­қа өзгерістер енгізу туралы хат­та­маны ратификациялау туралы» заң­ды екі оқылымда қабылдады. Де­путаттарға құжат нормаларын Сау­да және интеграция министрі Ар­ман Шаққалиев таныстырды. Хат­тамада Еуразиялық экономикалық одақ туралы шартқа 30 түзету енгізу көз­делген. Олар ішкі нарықтың жұ­мыс істеуі, мемлекеттік сатып алу, тех­никалық реттеу, көрсетілетін қыз­меттер саудасы, бәсекелестік, электр энер­гетикасы және көлік мәселе­ле­рін қамтиды.

Құрылтай депутаты, жұмыс то­бы­­ның жетекшісі Алмат Әбдікешов атап өткендей, негізгі өзгерістердің бірі Еуразиялық экономикалық ко­мисс­ияға Одақтың ішкі нары­ғын­дағы кедергілерді саралау әдіс­на­масын бекіту және кедергілер мен шектеу­лер­ді жойылды деп тану жө­ніндегі өкі­­леттікті бекітуге қа­тысты. Бұл ЕАЭО-ға мүше мем­ле­кеттер арасын­да­ғы өзара саудадағы кедергілерді ба­ғалаудың бірыңғай тәсілін әзірлеу­ге және оларды жүйе­лі түрде жоюды қам­тамасыз етуге жол ашады.

Түзетулердің тағы бір блогы ЕАЭО-ның жалпы электр энерге­ти­ка­сы нарығына қатысты. Атап айт­қан­да, тіркеуші институты енгізіліп, оның құқықтары мен міндеттері ай­қын­далады. Мемлекеттік сатып алу саласында да бірқатар өзгерістер қа­рас­тырылған. Сөйтіп, сатып алу­дың жекелеген тәсілдері үшін элек­трон­дық құжаттарда шарттар мен қо­сым­ша келісімдер жасасу көзделіп отыр.

Бұған қоса, Хаттама ЕАЭО ше­ң­бе­рінде жасалған халықаралық шарт­қа сәйкес сатып алуды жүзеге асы­ру кезінде ЕАЭО-ға мүше мем­лекеттердің банк кепілдіктерін өзара тануын көздейді. Бұл шаруашылық жүргізуші субъектілердің сатып алу рә­сімдеріне өзара қол жеткізуін кеңейту үшін қажетті жағдайлар жа­сай­ды.

Талқылау барысында депутаттар баяндамашыға ЕАЭО-ға мүше мем­лекеттердің халықаралық тасы­мал­дар саласында электрондық рұқ­сат­тарды енгізуге дайындығы, ЕАЭО ту­ралы шарттан кедендік баждар бойынша ақпарат алмасу туралы ере­желерді алып тастаудың салдары, сон­дай-ақ мемлекеттік сатып алу жүйесіндегі өзгерістердің кәсіпкер­лер­дің қызметіне әсері туралы сұрақ­тар қойды.