Кеше Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев «Жаңа тарихи кезеңдегі Қазақстанның өзекті міндеттері» атты Қазақстан халқына кезекті Жолдауын жариялады.
Айбек Дәдебай, Құрылтай төрағасы: Болашағымызды айқындайтын бастамалар
111
оқылды

Бұл – еліміздің жаңа дәуірдегі даму бағдарын айқындайтын бағдарламалық құжат. Президент Жолдауының жаңа Конституция қабылданып, саяси жүйе тұтасымен жаңғыртылғаннан кейінгі алғашқы Жолдау екенін ескерсек, оның тарихи мән-маңызы мен жауапкершілігі де арта түседі. 

Мемлекет басшысы жаңа саяси институттардың алдына нақты міндет қойып отыр. Ол – қолға алынған рефор­малардың сапалы, мүлтіксіз жүзеге асырылуын қамтамасыз ету. 

Президентіміздің басты назарында үнемі адам, азаматтардың әл-ауқаты мен өңірлерді дамыту мәселелері тұрады. Бұл жолы да әрбір қазақстандық Жолдаудан өзі үшін ең өзекті шешімдерді таба алады. Ең бастысы, Жолдау еліміздің игілігі жолында барлық мемлекеттік және қоғамдық құрылымдардың жүйелі әрі қарқынды жұмыс істеуіне тың сер­пін береді.

Президент халыққа Жолдауында ұзақ уақыт бойы шешімін таппай келген түйткілді мәселелерді ашық көтеріп, оларға нақты жауап берді. Бұл еліміздің алдағы ұзақ жылдарға арналған табысты әрі орнықты дамуына берік негіз болары сөзсіз. Құрылтайдағы барлық фракцияның пікірі де осыған тоғысады.  

Құрылтай депутаттары Жолдаудағы бас­тама­ларды бір ауыздан қолдап, Пре­зидент реформаларының өміршеңдігі мен дер кезінде қолға алынғанын ерекше атап өтті. Өз кезегінде депутаттық кор­пус Мемлекет басшысының барлық тап­сырмасын сапалы әрі уақытылы орындау үшін бар күш-жігерін жұмсауға дайын. Соның ішінде Жолдаудың мән-мазмұнын қоғамға кеңінен түсіндіруге және оны іске асыру үшін азаматтарды ортақ мақсаттарға жұмылдыруға айрық­ша назар аударылатын болады. 

Шын мәнінде, бүгінгі Жолдаудың маңызы зор, ерекше миссияға ие деуге  болады. Қазірдің өзінде біз жаңа аза­маттық инфрақұрылым жасап жатырмыз, құрылыс қарқыны еліміздің барлық өңірін қамтиды. Президентіміз айтқандай, Қа­зақ­стан ауқымды құры­лыс алаңына айналады. Осыған орай Мемлекет басшысы келесі жылды «Жал­пы­халықтық ауқымды құрылыс жылы» деп жариялады. 

Мұнымен қоса, еліміз халықтық цифрлық экономика құруға мақсатты түрде батыл қадам жасап отыр.

Жоғарыдағы мақсат-міндеттер депу­таттық корпусқа да зор жауапкершілік жүктейді. Құ­рыл­тай депутаттары Пре­зидент ұсынған ауқым­ды өзгерістерді жүзеге асырудың алдыңғы ше­бінде болуға тиіс. Осы орайда біз Президент бас­тама­ларын заңнамалық тұрғыда сүйемелдеуді жан-жақты қамтамасыз етеміз. 

Мемлекет басшысы Ұлттық қордың ресурсын жинақтау мен оны пайдалануда теңгерімді сақтап, қаражатты тек қо­­­ғамға барынша пайдалы дүниеге ғана жаратуды тапсырды. Бұл мәселе Құ­рылтай депутаттарының нақты ба­қы­лауында болады. 

Жолдауда Логистика инфра­құры­лымын дамы­туға айрықша мән берілді. Қазақстанның барлық аймағын байланыстырып, еліміздің транзиттік әлеуетін күшейтетін заманауи теміржол мен көлік жолдарының тұтас желісін құруды тапсырды. Бұл – стратегиялық міндет. Құрылтайдың Өңірлік және инфрақұрылымдық даму комитеті осы бастаманың сапалы әрі уақытылы орындалуына барынша атсалысады. 

Келесі маңызды бағыт – энергетика. Бұл сала да еліміздің бәсекеге қабілетін, экономикалық дербестігін қамтамасыз ететін маңызды бағыт. Президент 2029 жылға қарай қуат көзін артығымен өн­ді­ретіндей деңгейге қол жеткізу міндетін қойды. Қолданыстағы электр станцияларын жаңғыртумен қатар, жаңа, баламалы қуат көздерін де салуға тоқталды. Депутаттық корпус бұл бағыттағы шараларды да заңнамалық тұрғыдан қамтамасыз етуге күш салатын болады. 

Ауыл шаруашылығы – еліміздегі негізгі саланың бірі. Жолдауда бұл бағытқа да ерекше назар аударыл­ды. Мемлекет басшысы ауыл шаруа­шылығын одан әрі қарқынды дамытуға, әсіресе ауыл шаруашылығы өнімдерін терең өңдеу ісіне мән беруге баса назар аударды. Біз осы міндетті Үкіметпен бірлесе отырып іске асырамыз. 

Жаңадан бой көтеретін Алатау қа­ла­сы еліміздің дамуына тың серпін береді. Ол инвестиция салуға және кәсіпкерліктің қанат жаюына тартымды болуға тиіс. Бұл үшін түсінікті заңнама­лық тірек пен тиімді сот жүйесі қажет. Осыған орай Мемлекет басшысы «Ала­тау қаласының арнаулы құқықтық ре­жимі туралы» Конституциялық заңға тиісті түзетулер енгізуді тапсырды. Құрылтай депутаттары Үкіметпен бір­ле­сіп, қысқа уақыт ішінде аталған түзе­тулерді енгізеді. 

Шағын және орта бизнес – ел экономикасының қозғаушы күші. Мемлекет басшысы шағын және орта бизнесті мемлекеттік органдардың және квазимемлекеттік компаниялардың тапсырыстарын сатып алуға тарту тә­сіл­дерін жетілдіруді ұсынды. Құрыл­тай депутаттарына Үкіметпен бірігіп, 2027 жылдың 1 қаңтарынан бастап үш жылдық мораторий енгізуді қа­рас­тыруды жүктеді. Осы ретте, Құрыл­тайдың құзырлы комитеттері алдыңғы мораторийдің оң және теріс жақтарын жан-жақты саралап, тиісті шешім ұсынады.

Банк саласы – экономиканың күретамыры. Жасанды интеллектіге негізделген цифрлық экономика құруда да осы саланың рөлі ерекше. Сонымен қоса, бұл секторда экономиканың негізгі салаларына ұзақ мерзімді несиелер беру ісін күшейту маңызды. Әсіресе капитал нарығының мүмкіндіктерін кеңейтудің мәні зор. Мемлекет басшысы осы бағыттың тиімділігін арттыратын нақты тетіктерді әзірленіп жатқан «Капитал нарығы туралы» заңға енгізуді тапсырды. 

Сондай-ақ Жолдауда Құрылтайға Үкіметпен бірлесіп Салық кодексін же­тіл­діру туралы ұсыныс енгізу жүктелді. Бұл ретте салық жүйесінің цифрлық технологиялар негізінде ашықтығы, әділдігі, қайшылықтарын түзету мәсе­лелеріне ерекше мән берген жөн. Бұдан бөлек, бюджет заңнамасын жетілдіру қажет. Сол арқылы мемлекет қаражатын тиімді пайдалану, қазына қаржысын жоспарлау және басқару сапасын одан әрі арттыру міндеті тұр.

Келесі міндет – жаңа Азаматтық кодексті қабылдау. Қолданыстағы Аза­мат­тық кодекс өзінің тарихи миссиясын толық атқарды. Ол нарықтық эко­номика­ның негізгі институттарын құруға жол ашты, меншік қағидаттарын бекітіп, кәсіпкерліктің қанат жаюына жағдай жасады. Жаңа Азаматтық кодекс кәсіпкерлердің, инвес­торлардың және азаматтардың тиімді жұмыс жүргізуі үшін құқықтық тұрақтылықты қам­тамасыз етуге мүмкіндік беруі тиіс.

Мемлекет басшысының әлеуметтік қолдау бағытындағы тапсырмаларын орындау мақсатында инклюзивті білім беру, медицина қызметкерлерінің мәр­те­бесін көтеру, жалақыларының көле­мін ұлғайту шаралары қолға алынады. Педагогтардың абырой-беделін қор­ғауға барынша мән беріледі. 

Кеше Мемлекет басшысы қазіргі әлеуметтік-экономикалық ахуалды ес­кере отырып, өте маңызды шешім қа­был­дады. Келесі жылдан бастап ең тө­мен­гі жалақы көлемі 85 мыңнан 110 мың тең­геге дейін көтеріледі. 

Бұл – азаматтардың табысын арт­тыруға бағытталған игі әлеуметтік шара. Осы қадам арқылы Президент өзі үшін халықтың жағдайы бірінші кезекте тұратынын тағы да көрсетіп отыр. Аталған қадам жалақысы төмен азамат­тарға үлкен қолдау болады, олардың отбасылық бюджетін жоспарлауына қолайлы жағдай жасайды.   

Президентіміз өз Жолдауында мемлекеттік институттарды, тұтас қоғамды келешек үшін жұмыс істеуге шақырып отыр. Мемлекет басшысы ұзақмерзімді даму басымдықтары қам­ты­латын құжатты әзірлеуді тапсырды. 

Бұдан әрі Құрылтай Үкіметпен бірлесіп, заң жобалары бойынша жұмыстың нақты жоспарын жасап, әр заң бойынша нақты мерзімдер белгілейді. Жаңа заңдардағы әрбір норма Президент қойған міндеттерді нақты шешуге бағытталатын болады. Заңнамалық бастамаларымызды толық­қанды пайдаланамыз.

Біз Жолдауда көтерілген мәселелер бойынша тиісті шешімдер ұсынамыз. Ол үшін Құрылтай жаңа заң жобаларын кәсіби тұрғыдан талқылайтын пәрменді диалог алаңына айналуға тиіс. Бұл ретте Құрылтай жанындағы Қоғамдық палатаға ерекше жауапкершілік жүк­теледі. 

Құрылтай құрамында бес саяси партияның өкілдері, түрлі салада кәсіби тәжірибе жинақтаған азаматтар бар. Арамызда креативті жастар, кәсіп­керлер, заңгерлер мен экономистер де аз емес. Сондықтан депутаттар Жол­дауды түсіндіріп-насихаттаудың негізгі қозғаушы күші болуға тиіс.

Жақын арада депутаттар тобы осы мақсатпен өңірлерге шығады. Еңбек ұжым­дарымен кездесу­лер өткізіп, жастармен, кәсіпкерлермен және ауыл шаруа­шылығы саласының өкілдерімен пікір алмасамыз.  

Баршамыздың ортақ міндетіміз – Президент Жолдауын азаматтарға егжей-тегжейлі түсіндіру ғана емес, онда көрсетілген мақсат-міндеттердің төңірегіне қоғамды ұйыстыру.

Президент алдымызға мемлекетті дамытып, қоғамды жаңғырту бағытында нақты, стратегиялық міндеттер қойды. Енді оларды жүзеге асыруға бүгіннен бастап, жедел, кідіріссіз кірісуіміз қа­жет. Бұл бәрімізден жоғары жауапкершілік пен үй­лесімді жұмысты талап етеді.