Мәселен, бизнеске кедергі келтірмейтін, сонымен бірге тұтынушының құқығын қорғайтын реттеу жүйесін қалыптастыру қажет. «Таза парақтан» реттеу моделіне кезең-кезеңімен көшіп келеміз. Заңнама қайта қаралғанымен, артық талаптар сақталған. «Бір талап енгізілсе, екеуі алынып тасталуы керек» деген қағида да үнемі орындалмайды. Тексерулердің бір бөлігі қашықтан, енді бірі кәсіпкердің жұмыс орнына бару арқылы жүргізіледі. Мұндай тәртіптің ашықтығы мен бірізділігіне қатысты сұрақтар бар.
Президент тапсырмасымен құрылған Реттеушілік интеллект орталығы жасанды интеллект көмегімен бизнеске түсетін жүктемені талдап, заңнамаға нақты өзгерістер ұсынуға мүмкіндік береді. Нормативтік-құқықтық актілерді қайта қарап, тексерулерді автоматтандыруға уақыт қажет. Егер мораторий енгізілсе, осы мерзім «таза парақтан» реттеу моделін толық іске қосуға жеткілікті болады деп ойлаймын.
Цифрлық реттеуге көшуді айыппұл санының азаюымен тікелей байланыстыруға болмайды. Айыппұл заңбұзушылыққа байланысты салынады. Сонымен қатар тұтынушының сапалы қызмет алуға құқығы да қорғалуға тиіс. Цифрлық модель айыппұл салу тәртібі мен кәсіпкерге қойылатын талаптардың әділдігін арттырып, шамадан тыс талаптарды азайтуы керек.
Одан бөлек, ауыл тұрғындарының өнімдерін цифрлық платформалар арқылы өткізу де маңызды. Ірі сауда алаңдарының талаптары жоғары болғандықтан, шағын қолөнер өндірістері мен шаруа қожалықтары оларға көбіне шыға алмайды. Өнімдерін Instagram арқылы сатқанда сатушы да, сатып алушы да қорғалмаған.
Сондықтан ұлттық маркетплейстерге кіру талаптарын жеңілдету қажет. Сонымен бірге өнімді шалғай елді мекендерге жеткізу жолдарын қарастыру керек. «Қазпоштаның» логистикалық желісі ірі маркетплейстерге осындай мүмкіндік беріп отыр. Ауыл тұрғындары платформалар арқылы өнімдерін өткізіп қана қоймай, қажетті тауарларын сатып ала алуы тиіс.
