Президент айтып өткендей, қазір бір күйден екінші бір күйге ауысып жатқан жағдайдамыз.
Айдар Әміребаев, Салыстырмалы саяси зерттеулер орталығының жетекшісі: Жергілікті билікті жаңғыртқан жөн
115
оқылды

Биыл наурызда жаңа Конституция бойынша референдум өткеннен кейін бірпалаталы парламент – Құрылтай құрылды, вице-президент лауазымы пайда бол­ды, Халық Кеңесі құрылып, енді жергілікті мәслихаттар сайлауы өткелі жатыр. Содан кейін мем­лекеттің басқару жүйесінің ин­с­титуционалдық негізі толық қала­нып болады. 

Президент өз Жолдауында негізінен әлеуметтік модерни­зацияға көңіл бөлді. Дей тұрғанмен әлі де жүзеге аспаған маңызды бағыттар бар деген ойдамын. Мәселен, Президент бірыңғай жүйеге біріккен үш негізгі жүйені қалыптастырды – күшті Президент – ықпалды Парламент – есеп беретін Үкімет. Алдыңғы екеуі то­лық қалыптасып болды дей аламыз. Ендігі мәселе Үкімет жұмысының тиімділігіне байланысты. Пре­зидент оларға сенім артып отыр. Бүгінгі тапсырмалар да Үкімет пен әкімдіктерге бағытталған. 

Ашылмай қалған не бар? Маң­ғыстаудағы қайғылы жағдайдан кейін әскери салада реформа жүріп жатыр. Менің ойымша, мұнымен шектелмей, одан әрі барлық құқық қорғау жүйесі мен сот жүйесін де жаңарту керек. Мәселен, бізде Конституциялық сот бар. Одан бөлек, Жоғарғы сот, жергілікті соттар және жұмыс істейді. Осының бәрін жаңа Конституция тұрғысынан тағы бір сүзгіден өт­кізіп алу керек сияқты. Өйткені бұ­рынғы Ата заңда мемлекет мүд­десі басты орынға қойылатын. Ал жаңа мәтінде алдымен адам және оның құқығы бірінші кезекте тұрады. Әсіресе әскери салада доктрина мен сыртқы саясат тұ­жыр­ымдамасы толығымен өз­геру керек. Әуелде геосаясатқа негізделіп құрылды. Негізгі күштер бар, солармен жақсы болу керек деген ұстаным еді. Қазір сыртқы қауіп-қатердің сипаты түбегейлі өзгерді. Гибридті, ақпараттық, экологиялық, азық-түлік, су, тағы басқа қауіптің сан түрі бар. 

Жергілікті өзін-өзі басқару жүйесі жиі айтылғанымен, негізгі назардан үнемі қалыс қалып келеді. Алдымен тәжірибе ретінде ауыл әкімдерінің сайлауы өтеді де сонымен бітеді. Ауылдарда жақ­сы әкімді сайлағанымен, оның қолында еш құзырет жоқ. Қа­ра­жаты болмаған соң не су жүргізе ал­майды, не жол сала алмайды. 

Мысалы, Өзбекстанда «Махал­ла кеңесі» жұмыс істейді. Ол – бір ауданның тұрғындарынан құралған кеңес. Сол жерде біреу қайтыс болса, үйленсе, тағы басқа жағдайларда ұйымдасып көмек көрсетеді. Тіпті, қылмыс болған күннің өзінде бірден полиция шақырмастан алдымен өз деңгейлерінде қарастырып, мәселені сотқа апармай-ақ шешуге тырысады. Тіршілік барысында туындайтын ұсақ-түйек немесе ұлтаралық жанжалдарды осылай бітіру де ұтымды шешім. Ары-беріден соң Қытайдың өзінде қалаларды жаңғырту қоғамдық дәретхана революциясынан бас­тал­ған. Соның арқасында заманауи үлгіге жетті.

Бізде де түрлі деңгейде – ми­нистрліктерде, әкімдіктерде қоғам­дық кеңестер бар. Бірақ олардың еш құзыреті жоқ. Жауапкершілігі болмағаннан кейін одан нәтиже де болмайды. Сол секілді, әлеуметтік сала мен жастарға қатысты ұста­ным­ды да қайта қарау керек. Әлеу­меттік сала дегенде құр жәрдемақы беріп, жол салумен шектелмей, салт-дәстүрімізге дейін заман ағы­­мына лайықтау мәселелерін қа­рас­тырған жөн.