Бюджет кодексіне сәйкес, мектептегі тамақтандыруға жұмсалатын қаражатты жоспарлауды жергілікті атқарушы органдар жүзеге асырады. Шығынның лимиті бюджет заңнамасында белгіленген талаптар мен жергілікті бюджеттің болжамды көрсеткіштерін ескере отырып, үш жылдық жоспарлы кезеңге белгіленеді.
Мектептегі тегін тамақ: бір оқушыға күніне қанша теңге бөлінеді?
фото: www.istockphoto.com
207
оқылды

Оқу-ағарту министрлігінің мәліметінше, биылдыққа мектептегі  оқушылардың асына 210 млрд теңге бөлінген.  Бұл шара балалардың әлеуметтік кепілдіктерін қамтамасыз етуге, денсаулығын сақтауға және білім алуда тең мүмкіндік қалыптастыруға бағытталған, – деп хабарлайды Aikyn.kz.

Мектептегі тамақтану құны баланың жасына, өңірдің ерекшелігіне, азық-түлік бағасына және бекітілген ас мәзіріне қарай белгіленеді.

Жергілікті атқарушы органдардың деректеріне сәйкес, бір оқушының бір күндік тамақтануына жұмсалатын орташа шығын 775 теңге. Алайда нақты сома баланың жас санатына және өңірге байланысты өзгереді.

Министрлік ұсынған мәлімет бойынша, қазір тамақтану құны мынадай:

  • 6-10 жастағы балаларға – 724 теңге. Жыл басында бұл көрсеткіш 708 теңге болған;
  • 11-14 жастағы балаларға – 798 теңге. Жыл басында 782 теңге болған;
  • 15-18 жастағы оқушыларға – 853 теңге. Жыл басында 839 теңге болған.

Осылайша, жыл басымен салыстырғанда тамақтану құны барлық үш жас санатында өскен. Ең жоғары көрсеткіш 15-18 жастағы оқушыларға тиесілі.

Оқу-ағарту министрлігінің түсіндіруінше, мектептегі тамақтану балалардың жас ерекшеліктеріне сәйкес физиологиялық қажеттіліктерін ескере отырып, ұйымдастырылады. Ас мәзірі азық-түлік өнімдерін тұтынудың ғылыми негізделген нормаларына, білім беру ұйымдарындағы тамақтану талаптарына және Тамақтану стандартына сай әзірленеді.

Перспективалық мәзірді қалыптастыру кезінде бірнеше фактор ескеріледі. Олардың қатарында балалардың жасына байланысты қажеттіліктері, өнімдерді тұтынудың белгіленген нормалары, ұлттық тағам дәстүрлері және отандық өнімдердің түрлері бар.

Министрліктің мәліметінше, мәзір бекітілген физиологиялық және азық-түлікті тұтыну нормалары негізінде жасалып, денсаулық сақтау органдарымен келісіледі.