Роберто Болтридің Жетісу университетіне сапары – жаңа кітаптың тұсаукесері ғана емес маңызды мәдени-академиялық кездесу.
Италиялық жазушы жаңа кітабында Жетісудың тарихы мен мәдениетін дәріптеді
116
оқылды

Жетісу университетінде италиялық жазушы, эколог және қоғам қайраткері Роберто Болтридің жуырда жарық көрген «Марке: Шығысқа ашылған қақпа» атты кітабының тұсаукесері өтті. Италия мен Орталық Азия арасындағы тарихи-мәдени байланыстарды арқау еткен туындының таныстырылымына университет ректоры Ермек Бөрібаев, профессор-оқытушылар құрамы мен білім ордасының қызметкерлері қатысты. Автор университетке арнайы келіп, жаңа еңбегінің мазмұнымен таныстырып, кітаптың бірнеше данасын оқу орнының кітапханасына тарту етті, - деп хабарлайды Aikyn.kz.

Кітапта Италияның Марке аймағы мен Орталық Азия халықтары арасындағы ғасырлар бойы қалыптасқан тарихи, мәдени және экономикалық байланыстар кеңінен баяндалады. Шығыс пен Батыстың өзара ықпалдастығы, халықтар арасындағы қарым-қатынастардың тарихи негіздері мен олардың бүгінгі күндегі жалғасы көрініс тапқан.

Автор өз еңбегінде Ұлы Жібек жолының тарихи-мәдени маңызын зерделей отырып, осы көне өркениет жолының бойында орналасқан Жетісу өңірінің табиғатын, тарихи мұрасын және мәдени ерекшеліктерін кеңінен суреттейді. Кітапта Шығыс пен Батысты жалғаған Ұлы Жібек жолы арқылы қалыптасқан тарихи байланыстар мен өркениеттер сабақтастығы көрініс тауып, Жетісу жерінің бай тарихы мен рухани құндылықтарын шетелдік оқырманға таныстырады.   

Кітаптың таныстырылымында сөз алған Роберто Болтри Қазақстанмен байланысы және Жетісу өңірінен алған әсері туралы әңгімеледі. Ұзақ жылдар Алматы қаласында тұрғанын айтып, Қазақстанның табиғи байлығы, тарихи мұрасы мен мәдени ерекшеліктері шығармашылығына ықпал еткенін атап өтті. Әсіресе, Жетісу жерінің көркем табиғаты, бай тарихы мен өзіндік рухани болмысы өңірге деген қызығушылығын арттырғанын жеткізді.

«Мен бұл туындымда Марке аймағы мен Орталық Азия арасындағы тарихи және мәдени ұқсастықтарды сипаттадым. Көркем қала Талдықорғандағы Жетісу университетінде ашылған Марке политехникалық университетінің (Università Politecnica delle Marche) филиалына ерекше мән бердім. Бұл – екі ел арасындағы ғылым мен білім байланысының бүгінгі күндегі маңызды әрі нақты нәтижелерінің бірі деп есептеймін», – деді Роберто Болтри.

Автордың жаңа еңбегінде Жетісу университетіне ерекше орын берілуі кездейсоқ емес. Бүгінде білім ордасында Италияның Марке политехникалық университетімен бірлескен академиялық қарым-қатынас дамып, білім беру мен ғылыми ынтымақтастықтың жаңа мүмкіндіктері қалыптасуда. Бұл әріптестік халықаралық тәжірибе алмасуға, студенттердің кәсіби даярлығын жетілдіруге және екі елдің жоғары оқу орындары арасындағы өзара ықпалдастықты тереңдетуге жол ашады.

Университет ректоры Ермек Бөрібаев Роберто Болтриге мазмұнды еңбегі мен білім ордасына арнайы келгені үшін алғыс білдірді. Ректор автордың Қазақстанмен ұзақ жылдар бойы байланыс орнатып, ел тарихы мен мәдениетін шетелдік оқырманға танытуға үлес қосып жүргенін атап өтті. Сондай-ақ жаңа кітапта Жетісу университеті мен оның базасында жұмыс істейтін итальяндық жоғары оқу орны филиалының қызметіне назар аударылуы екі ел арасындағы ынтымақтастықтың маңызын айқындайтынын жеткізді.

«Жетісу университетіне арнайы ат басын бұрып, филиалдың жұмысымен танысқаныңызға, білім алып жатқан студенттермен және итальяндық оқытушылармен кездескеніңізге алғыс айтамын. Сіздің еңбегіңізде университет қызметіне орын берілуі біз үшін ерекше қуаныш. Филиал кітапханасы Сіз тарту еткен экологиялық және тарихи тақырыптағы еңбектермен, оның ішінде «Марке: Шығысқа ашылған қақпа» кітабымен толықты. Біздің студенттер сіздің шығармаңыз арқылы Италияның Марке өңірінің тарихын, Орталық Азиямен байланысын және екі ел арасындағы қазіргі академиялық әріптестіктің қалыптасу жолын білетін болды. Бұл басылымдар құнды дереккөзге айналады деп сенемін. Сізге шығармашылық табыс тілеймін», – деді Ермек Бөрібаев.

Жазушының бұған дейін жарық көрген «Ұмытылған қасірет» атты еңбегі де құнды. Карлаг лагерінде қуғын-сүргінге ұшыраған итальяндықтардың тағдырын арқау еткен бұл кітап тарихи жадыны сақтау мен өткеннің ақтаңдақтарын зерделеудің маңызын көрсетеді. Автордың осындай тақырыптарға қалам тартуы оның Қазақстанға деген қызығушылығының тек мәдени байланыстармен шектелмегенін, ел тарихын тереңірек танып, оны өзге жұртқа жеткізуге де мән беретінін аңғартады.

Роберто Болтридің Жетісу университетіне сапары – жаңа кітаптың тұсаукесері ғана емес маңызды мәдени-академиялық кездесу. Іс-шара тарихи мұра мен қазіргі білім беру саласындағы ынтымақтастықтың өзара сабақтастығын көрсетіп, екі ел арасындағы қарым-қатынастың мазмұнын кеңейте түсті.