Ол әлеуметтік желіде бірнеше видеоүндеу жариялап, баласына жүргізілген тексерулер мен емдеу шараларына қатысты бірқатар мәселені көтерді.
«Анасы емдеу барысын тексеруді сұрады»: Жаңаөзенде бір ай комада жатқан бала көз жұмды
114
оқылды

Маңғыстау облысының тұрғыны Гүлімай Ізтілеуова Жаңаөзен қалалық ауруханасында ем қабылдап, бір айға жуық комада жатқан ұлының қайтыс болуына байланысты медициналық көмектің сапасын тексеруді сұрады, – деп хабарлайды Aikyn.kz сайты.

Ол әлеуметтік желіде бірнеше видеоүндеу жариялап, баласына жүргізілген тексерулер мен емдеу шараларына қатысты бірқатар мәселені көтерді.

Гүлімай Ізтілеуованың айтуынша, 5 қыркүйек күні таңғы сағат 09:00 шамасында жедел жәрдем оны баласымен бірге Жаңаөзендегі ауруханаға жеткізген. Әйел алғашқы медициналық тексерудің қалай жүргізілгеніне қатысты сұрақтары барын айтып, баласын ауруханаға жатқызуды өзі сұрағанын жеткізді. Сондай-ақ катетер қою және дәрі-дәрмек тағайындау кезінде жүргізілген шаралар туралы толық ақпарат алғысы келетінін мәлімдеді.

Анасының сөзінше, сол күні сағат 11:40 шамасында баланың жағдайы нашарлап, тырысу ұстамасы басталған. Осыдан кейін медицина қызметкерлері дәрігердің тағайындауымен реланиум препаратын енгізген. Гүлімай дәрі берілгеннен кейін баласының жағдайы туралы жеткілікті ақпарат ала алмағанын айтады.

Әйел көтерген негізгі мәселелердің бірі – компьютерлік томографияның жүргізілген уақыты. Оның айтуынша, бала таңертең ауруханаға жеткізілгенімен, бас миының КТ зерттеуі кешкі сағат 19:40 шамасында жасалған. Гүлімай тексерудің не себепті осы уақытта жүргізілгенін және оған дейін баланың жағдайы қалай бағаланғанын анықтауды сұрайды.

Компьютерлік томографиядан кейін дәрігерлер баланың басында гематома бар екенін хабарлаған. Кейін ол жансақтау бөліміне ауыстырылған. Анасының айтуынша, алғашқы екі күнде баласы есін біліп, сөйлесіп, тамақ ішкен. Үшінші күні комаға түсіп, содан кейін есін жимаған. Бала 30 күн бойы комада жатып, қайтыс болған.

Гүлімай Ізтілеуова баласының жағдайына байланысты Астана мен Ташкенттен мамандар шақырылғанын да айтты. Оның сөзінше, мамандар отбасы мүшелері Президентке видеоүндеу жолдап, бұқаралық ақпарат құралдарына жүгінгеннен кейін келген. Әйел олардың шақырылу мерзімі мен көрсетілген медициналық көмекке қатысты мәліметтерді нақтылауды сұрап отыр.

Сонымен қатар анасы ауруханадан берілген медициналық құжаттардағы кейбір мәліметтерге қатысты түсініктеме алғысы келетінін жеткізді. Атап айтқанда, дәрі-дәрмектердің тағайындалуы мен енгізілу тәртібін, медициналық тексерулердің уақытын және ауруханадағы бейнебақылау жазбаларын зерделеу қажет деп есептейді. Оның айтуынша, отбасы емдеу барысында кейбір дәрілерді өз қаражатына сатып алған.

Бұдан бөлек, Гүлімай баласының қайтыс болуынан кейін жүргізілген сараптаманың тәртібі мен нәтижелері туралы толық ақпарат алмағанын мәлімдеді.

Қазір әйел Денсаулық сақтау министрлігінен баласына көрсетілген медициналық көмектің сапасына жан-жақты баға беруді сұрап отыр. Ол тексеру барысында диагноз қою, емдеу шараларын жүргізу және медициналық құжаттарды рәсімдеу тәртібінің қаншалықты сақталғанын анықтау маңызды деп санайды.

Әзірге ұсынылған ақпаратта аурухана әкімшілігі мен денсаулық сақтау саласындағы жауапты мекемелердің ресми түсініктемесі жоқ. Баланың жағдайының нашарлауына және қайтыс болуына қандай факторлар әсер еткені, медициналық көмек көрсету барысында кемшіліктер болған-болмағаны тиісті тексеру нәтижесінде анықталуы мүмкін.