Ымырт үйіріле қаланың кең де жарық даңғылына бір топ сүліктей шетелдік көлік жинала қалды.
Автожарыс
128
оқылды

Жан-жақтан жиналған мардымсынған жігіттер миық­тарынан күліп, бірінің көлігін бірі көріп, қолдарын ысқылап тұрды. Езуіне шетелдік шылым қыс­тырған олар төңіректі көк түтінге бөледі. Бір тобы көлік салонынан белгісіз бір сусын алып шығып, талтайып ішіп тұрды. Әлден соң желіккендердің жетекшісі болса керек, біреуі ортаға шығып:

– Кеттік! – деп бұйрық берді.

Сол-сол-ақ екен, қалай болса солай ығы-жығы тұрған көліктер­ге жау қуғандай асығыс мінген жігіттер машиналарын тұрған орын­дарынан ышқындыра қоз­ғап, соңдарына көк түтін қалды­рып ызғыта жөнелді. Газды ба­рын­ша қатты басқандары сон­­шалық, даңғыл  бойы азан-қазан болды. Жол жиегінде кетіп бара жатқандар кері шегініп, біреулері шалынып құлап жатты. Кешкі серуен рәсуа болды. Даң­ғұр-даңғұр дауыс құлақ тұндырды.

Шетелдік көлік мінгендер көк­парға түскен шабандоздардай даңғылды бойлап жүйткіп келеді. Бір-біріне сигнал беріп, бірінен-бірі басып озбақ болады. Мұндай­да қарсы келе жатқан көлік иелері сасқалақтап, жол жиегіне барып тоқтап, алақтап не болғанын түсіне алмай тұр.

Автожарыс ұзап кетті. Кешкі серуенге шыққандар «Уф! Құтыл­дық па бәлелерден?» дегендей бір-біріне қарап, жайдарылана бергенде  кері бұрылғандардың даңғыры келіп жетті. Серуендеу­шілер мен жолаушылар ығысып, жол босатты. Радиоларын барын­ша қатты қойып алған автожарыс­қа түскендер өліп-тірілгендерін түсінер емес, барынша жылдам­дық­пен заулап келеді. Япыр-ай, мына біреуі жолдан шығып кетер ме екен? Әй, мына біреуі адам қақпай тоқтамайды-ау шамасы!  Кең жазира далада емес, қаланың қақ ортасында да адам деген машинаны осылай құйғытып айдайды ма екен? Жазым болса қайтеді? Біреуді қағып кетсе не болмақ?

Бірақ қызынып алған «көк­паршылар» ешнәрсені тыңдар емес. Қиқуға қиқу қосып, ызғы­тып барады. Көлікті игере алмай қала ма, әлде қасақана жасай ма, машиналар бір орнында шыр айналып, сырғып барып жол шетіндегі бордюрге барып ұрынып, қисалаңдап барып зорға тоқтайды. Тоқтаған бойда қайта түзеліп алып, қайтадан сырғыта жөнеледі. Бір орнынан жын қаққандай ышқына қозғалып, сайтан қуғандай безектей жөне­леді. Жер сызып ысқырғаны бар, матордың ышқынғаны бар, оған дыбыс күшейткіштің барынша қосылғаны бар, даңғыл даңғыл болудан қалды. Құдды бір шетелдің атыс-шабыс киносы  ма дерсіз. Құлақ бітіп қалды. Осын­дай да азан-қазан болады екен-ау.

Көпқабатты үйлердің тұрғын­дары терезелерін жауып алды. Сегізінші қабатта тұратын бір тұрғын қылтимадан айқай салды. 

– Тоқтатсаңдаршы! Неткен бейбастық бұл? Ұйқы бересіңдер ме, жоқ па?

Екінші қылтимадан да бір жартылай жалаңаш төбе көрсетті. Ол қолына ту ұстап алыпты. Сол туды әрі-бері бұлғайды.

– Оңбағандар! Тәрбие көр­мегендер! Қоясыңдар ма, жоқ па? Қазір полиция шақырамын! – деп айқай салған оның дауысын еш­кім естіген де жоқ.

– Ойбай, халқым! Ауа жоқ! Тұн­шығып өліп барамыз. Жедел жәрдем шақырыңдар! Жедел жәрдем деймін...

– Өлді! Өлді! Жедел жәрдем! Жедел жәрдем!

Бірақ көпқабатты үйлердің тұрғындарының айқайына құлақ асқан бір пенде табылмады. Полиция біткенді жер жұтып кеткен бе, біреуі келіп төбе көрсеткен жоқ. «Көкпар­шылар» таң бозына дейін білгендерін жасап бақты. Сілікпелері шығып шар­шады ма, әлде сабақ­тарына бара ма, кім білсін, көкпар сап тыйылыпты. Тек бір көлік қана даңғыл­дың қақ ортасында төрт аяғы төрт жақтан келіп, аударылып жатыр. Ішіндегі өлі ме, тірі ме, жан баласы білмейді. Жүр­гізу­шіні алып кетіпті.  Еріккен жұртқа ермек керек, ауда­рыл­ған көлікке үңіле қа­рап, долбар жасап тұрған адам көп. Япыр-ай, жұмыстарына бармай ма екен?

«Көкпар» бірнеше күнге созылды. Тұрғындардан ұйқы қаш­ты. Түн баласы ұйқы көрме­ген­діктен, алды жүйке ауруына ұшырай бастады. Ауруханаға жедел жәрдеммен түскендер қан­шама?

Тұрғындар ақылдаса келе қала әкіміне, қалалық ішкі істер басқармасына, прокуратураға арыз жазды. Бірақ жуық маңда жауап бола қойған жоқ. Жұрт сарыла күтті. Бір хабар келсе, бұйырмасын. Күтуден жалыққан тұрғындар құзырлы органдарға лек-легімен бара бастады. Қанша барса да маңдайы тасқа соғылып қайтады. 

Ақыры «көкпаршылардың» мұншалықты даңдайсынуының сыры ашылды. Зерттей келсе, сұрастыра келсе, олардың барлы­ғы да әкімқаралардың, бай-бағы­ландардың, прокурор, полиция бастығының балалары болып шықты. Бұларға тыйым бола ма? Қайта қой деген сайын ерегісе, құтырына  түспей ме? Қазір де олар ымырт түссе, кең даңғылға келіп, жарыс ұйымдастырады. Шаршап-шалдықса, қымбат мейрамханаларға кіріп, сауық-сайран құрады. Әй дейтін әже, қой дейтін қожа болмағандықтан да білгенін істейді.

Тентектерге тыйым болмай­тынын білген соң тұрғындар басқа амал жасай бастады. Сон­дағы ойлап тапқандары пәтер­лерін едел-жедел сатып, басқа шағын аудандарға көшіп кету еді. Амалдың жоғынан қымбат пәтер­лерін өткеніне сата бастады. Ар­зан пәтер іздеп жүргендер әуел­гіде қуанып қалғанымен, олар да қазір бармағын тістеп отыр.

– Тек кедей-кепшікке ғана жүретін мұндай заңы бар болсын! – деп зар қақсаған қала тұрғын­дары шеруге дайындалып жатқан көрінеді. Әй, қайдам, біразы сот­талады-ау...

Сабырбек ОЛЖАБАЙ