– Жауынгер Жолболсынов!
Жауынгер, жап аузыңды!
137
оқылды

– Мен!

– Саптан шық!

–Құп болады!

– Сен бүгін атқораға бара­сың.

– Кеше де сонда барып едім ғой. Басқалар да бар­сыншы.

– Доғар! Жап аузыңды!  Командир бұйрығы талқы­ланбайды, орындалады! Он бес тәулікке сұранып тұрсың-ау, Жолболсынов!

– Жоқ, командир жолдас!

– Ендеше бұйрықты орында!

– Құп болады!

– Міне, тап осылай! Мені ашуландырмаңдар! Бұйрықты бұлжытпай орындайтын бо­лың­дар. Қиқаңдағандарың он бес тәулікке қамаласыңдар. Тү­сінікті ме?

Рота жауынгерлері шу ете қалды.

– Түсінікті!

 Сол күні капитан Досанов жауынгерлерді жинап алып, батальон командирі Тұрған­баевтың тау қойнауындағы саяжайын тазалатты, жөндеу­ден өткіздіртті. Бір жақсысы, жауынгерлерге жүдә жақсы болды. Еркінсіп, аунап-қу­нады. Тамақты да қалаған­дарынша жеп, ішті. 

Алдыңғы жолы Жолбол­сынов бір топ жауынгермен бірге тағы бір командирдің атқорасын тазалап қайтқан. Мұны естіген қарулас достары атқора тазалағандарды мазаққа айналдырып еді. Тағы да ма­заққа ұшырап қаламын ба де­ген Жолболсыновтың тартын­шақтап тұруының осындай сыры бар еді. Бірақ батальон командирінің аты батальон командирі! Жәрдемге бар­ғандар жетісіп қалды. Коман­дирдің жомартсынғаны сон­ша­лық, қайтарда жа­уын­­­гер­­лерге шараптан да дәмауыз тигізді.

Бірақ күнде майшелпек қайдан бола берсін?! Күнде­лікті жаттығу, саяси сабақ, сапта жүру, атыс қаруларының қыр-сырын үйрену, күзетте тұру сияқты бітіп болмайтын қарбаластар жауынгерлерді шыңдай түсті.

Досанов! Бұл Досанов на­ғыз қызылкөздің өзі! Жауын­гер­лердің қаққанда қанын, соққанда сөлін алады. Темір командир! Жауынгерлерді тырп еткізбейді. Өткенде қыңқылдаған бір жауынгерді бір ұрып шалқасынан түсірді. Тағы бір «қыңырдың» денесіне қызған үтік басып, тәубесіне кел­тірді. Осыдан соң мықты­мсынған жауынгерлер жым болды. Тек осындай қосымша тапсырмалар болғанда ғана жауынгерлер еркінсіп қалады.

Бүгін өте жауапты күн. Н. әскери бөлімшесінің жауын­герлері ұшақтан секірулері керек. Бұдан бұрын да олар зеңгір аспанға сан мәрте көтеріліп, сонау заңғар биіктен төменге қарай талай мәрте құлдилаған. Несі бар, бүгінде қарғиды.

Шағын ұшақ көк аспанға ойнап шыға келді. Әрі-бері қайқаңдап, ойқыш-ұйқыш өрнек салды. Біресе көкке тік шаңшылып, шалқалап аунап түсті. Біресе төмен қарай құл­дилап барып, көкке қайта тыр­мысты. Десанттардың ішек-қа­рындары солқылдады. Құс­қысы келіп, лоқсығандары да жетерлік еді. Бірақ Досанов десанттарды осылай мықтап тәрбиелемесе Досанов бола ма? Ұшқышқа осылай тап­сырма берген де өзі.

«АН-2»  аспанда айқұш-ұйқыш өрнек салып жүріп ақыры бағытын түзеді. Межелі жерге келгенде жауынгерлер отырған бөлмеде қызыл жарық жанды. Бұл «секіре беріңдер» деген белгі болатын. Бұйрық келгенде бұғып қалатын До­санов па, дереу команда берді. 

– Секіріңдер! Болыңдар жылдам!

– Жолдас командир!

– Жап, аузыңды, секір деген соң секір!

Командирдің жан дауысы шықты. Ұрыста тұрыс бар ма? Айқара ашылған ұшақ есігі алдына десанттар үймелеп қалды. Алғашқылары секіріп те кетті. Олар құлдилап бара жатты. Әлден соң Досановтың шыңғырған дауысы ұшақты теңселтіп жіберді. Бұл жолы  десанттарға ұшаққа мінерде секіреміз деген команда берген жоқ болатын. Жаттығып жат­қан жерінен қуып келіп, ұшақ­қа малша тиеген. Сондықтан жауынгерлер парашюттерін кимеген еді. Командирдің зілді бұйрығынан олардың есі шы­ғып, қалай секіріп кеткендерін білмей де қалған. 

Ұшақ айналып жер бауыр­лай келіп қонғанда  жайрап жатқан он шақты десантты көрді. Асығыс шешім дегеннің соңы осы. Досанов жынданып кете жаздады. Бірақ  бұйрық берген өзі емес пе? Енді өз сорынан көреді-дағы. Алайда кемшілігін бірден мойындай салатын Досанов па, түрлі дә­лел арқылы жан-жағына қор­ған соғып алыпты. 

– Менің бұйрығымды тыңдамай өздері секіріп кетті, – дейді комиссия алдында.

Япыр-ай, кім екен жанын жерге тастай алмай жүрген? Өтіріктің де қисыны болмаушы ма еді? Олар командирлері қатаң бұйрық берген соң ұшаққа амалсыз мінген еді. Не үшін ұшып шыққандарын әуелі білген де жоқ. Бұрын ұшақтан секіртерде парашют­терін тексеріп алушы еді. Парашюттің белдіктері дұрыс қадалған ба, жоқ па, оны да мұқият тексеретін. Бұ жолы қандай сайтан түрткені бел­гісіз, жау шапқандай асық­тырды емес пе? Осыған көрін­ген екен де.

Досанов бүгін дел-сал бо­лып отыр. Әскери қызметке келгелі қолына шексіз билік тиіп еді. Жауынгерлерді бір шыбықпен айдайтын. Оларға ойына келгенді істеп бақты. 

Ал енді не болды? «Көп асқанға – бір тосқын» деген  осы бо­лар? 

Капитан жаман түс көрді. Ұшақтан парашютсіз секірген жауынгерлерінің арасында өзі де құлдилап барады екен. Шың­ғырып оянды.

Әй, оңбай құлайсың-ау енді, капитан мырза!