Мемлекет басшысының Қазақстан халқына Жол­дауын­дағы маңызды идеялар­дың бірі – еліміздің бола­шағын білімге, ғылымға, инновацияға және жасампаз еңбекке негіз­деу.
Лаура Қарабасова, Құрылтай депутаты, «Әділет» партиясы фракциясының мүшесі: Білім мен ғылым –  жасампаз Қазақстанның негізі
140
оқылды

Бұл бағыттар Жолдаудың өн бойынан кө­рініс тауып, алдағы жылдарға арналған ауқымды мемле­кеттік міндет­тердің мәні мен мазмұнын ай­қын­дайды.

Әлемдегі геосаяси ахуал күрделеніп, технологиялық өзгерістер жеделдеген кезеңде қоғамның тұрақтылығы мен жасампаздық әлеуетін нығай­ту ерекше мәнге ие. Бірлік пен татулық, заң мен тәртіп, отаншылдық, білімге ұмтылу және адал еңбек – елдің ор­нық­ты дамуына негіз болатын құндылықтар. Ал бұл қасиет­тердің қалыптасуында білім мен тәрбиенің орны айрықша.

Сондықтан білім беру жүйесіне еліміздің болашағын қалыптастыратын стратегия­лық институт ретінде қарау маңызды. Білімді ғана емес, алған білімін қоғам игілігіне жұмсай алатын, жауап­кершілігі жоғары, еңбекқор, жаңашыл әрі жасампаз аза­мат­тарды тәрбиелеу міндеті қойылып отыр.

Бұл міндеттің іргетасы білім беру жүйесінде қала­нады. Осы тұрғыдан алғанда, білімнің сапасын арттыру, білім беру реформаларын нақты нәтижеге бағыттау – басты басымдықтардың бірі. Реформалардың тиімділігі ең алдымен оқушының білім деңгейімен, ойлау қабілеті­мен, алған білімін өмірде қолдана білуімен және тұл­ғалық да­муымен өлшенуге тиіс.

Сапалы білімнің негізінде – білікті ұстаз. Сондықтан педагогтерге қолдау көрсету, олардың кәсіби және шығар­ма­шылық әлеуетін толық іске асыруына жағдай жасау маңызды. Цифрландыру мен автоматтандыру да осы мақ­сат­қа қызмет етуі қажет. Жаңа технологиялардың тиімділігі мұғалімнің уақытын үнем­деуімен, жұмысын жеңілдетуі­мен және оқыту сапасына қосқан нақты үлесімен баға­лануы тиіс. Ұстаздың негізгі уақыты сабаққа дайындалуға, оқушымен жұмыс істеуге және заманауи педагогикалық әдістерді меңгеруге арналуы керек.

Әлеуметтік әділеттілік әрбір баланың сапалы білім алуға тең мүмкіндігін қам­тама­сыз етумен де тығыз бай­ланысты. Бұл әсіресе инклю­зивті білім беру саласында маңызды. Ерекше білім беру қажеттіліктері бар балаларға қолайлы орта қалыптастыру үшін тиісті инфрақұрылымды дамытумен қатар арнайы педагогтерді, психологтерді, логопедтерді және басқа да мамандарды жүйелі даярлау қажет. Өйткені әр баланың әлеуетін ашу үшін материал­дық жағдай ғана емес, кәсіби әрі сапалы қолдау да шешуші рөл атқарады.

Еліміздің ұзақмерзімді дамуы үшін ғылымның әлеуе­тін арттыру да стратегиялық маңызға ие. Жаңа өндірістерді дамыту, технологиялық жаң­ғыру мен инновациялық ше­шім­дерді енгізу білікті зерт­теушілерге, мықты ғылы­ми мек­тептерге және ғылым мен өндірістің тиімді байла­ны­сына сүйенеді. Сондықтан отандық ғалымдарды қолдау, жас зерттеушілерге мүмкіндік беру, университеттер мен ғылыми ұйымдардың әлеуетін нығайту – болашаққа бағыт­талған маңызды инвестиция.

Осы бағыттың барлығын біріктіретін ортақ міндет – білім, ғылым және инновация арасындағы сабақтастықты күшейту. Мектепте білімге құштарлық қалыптасып, университетте кәсіби және зерттеушілік қабілет дамып, ғылыми ізденістер нақты технологиялық шешімдерге ұласуы қажет. Сонда білім мен ғылым ел экономикасының дамуына, қоғамның әл-ауқа­тын арттыруға нақты үлес қоса алады.

Жолдауда белгіленген ау­қымды мемлекеттік міндет­тер­дің табысты жүзеге асуы адами капиталды дамытуға, кәсіби біліктілік пен еңбек мәдениетін нығайтуға тікелей байланысты. Сапалы білім, қуатты ғылым, адал еңбек пен жасампаздық мәдениеті – ел болашағының берік негізі. Сондықтан ұстаздарға қолай­лы жағдай жасау, ғалымдарды жан-жақты қолдау, әрбір бала­ның қабілетін ашу және жас­тардың білімін ел игілігіне бағыттау – баршамызға ортақ, ұзақмерзімді міндет.