Ақмола облысының Зеренді ауданында 1 қарашадан бастап жылу мен ауызсу тарифтері арзандайды.
Қазақстанның бір өңірінде жылу тарифі 72 пайызға төмендейді
142
оқылды

Прокуратура тексерісінен кейін коммуналдық қызмет құны қайта есептелді, – деп хабарлайды Aikyn.kz сайты.

Облыстық прокуратураның мәліметінше, «Зеренда Сервис» кәсіпорнының тарифтік сметасынан негізсіз көтерілген шығындар анықталған. Қадағалау органының араласуынан кейін жылу мен су тарифтерін төмендету туралы шешім қабылданды.

Атап айтқанда, Гранитный кентінде жылу тарифі 72,07 пайызға төмендеп, бір гигакалорияның бағасы 4 014,6 теңгеден 1 121,22 теңгеге дейін азаяды. Ал Зеренді ауылында жылу құны 20,07 пайызға арзандап, 7 915,48 теңгеден 6 326,64 теңгеге түседі.

Сонымен қатар ауызсу тарифі 8,22 пайызға төмендейді. Бұған дейін тұрғындар бір текше метр су үшін 254,97 теңге төлесе, енді оның құны 234 теңге болады.

Прокуратураның мәліметінше, қабылданған шаралар нәтижесінде 2 903 тұтынушының, оның ішінде 70 кәсіпкерлік субъектісінің құқығы қорғалған.