Жасанды интеллект компьютерлік ғылымдағы ең маңызды ғылыми болжамдардың біріне күмән келтірді.
Жасанды интеллект 27 жыл бойы қалыптасқан ғылыми тұжырымды жоққа шығаруы мүмкін
112
оқылды

Егер жаңа математикалық дәлелдер расталса, ғалымдардың ондаған жыл бойы жүргізген зерттеулерін қайта қарауға тура келуі мүмкін, – деп хабарлайды Aikyn.kz сайты.

Бұл туралы америкалық Wired басылымы жазды. Басылымның мәліметінше, OpenAI мен Anthropic компанияларының жасанды интеллект жүйелері 1999 жылы ұсынылған экспоненциалды уақыт гипотезасының (ETH) қате болуы мүмкін екенін көрсететін математикалық дәлелдер әзірлеген.

Аталған гипотеза компьютерлік ғылымда күрделі есептерді шешуге қанша уақыт қажет болатынын түсіндіру үшін қолданылады. Ғалымдар кейбір есептердің көлемі ұлғайған сайын оларды шешуге жұмсалатын уақыт та күрт өседі деп есептеп келген. Осы тұжырым көптеген алгоритмді зерттеуге негіз болған.

Жаңа нәтижелер ғылыми ортада үлкен талқылау туғызды. Швециядағы Линчёпинг университетінің профессоры Петер Йонссон өзінің бірқатар зерттеуін қайта қарауға тура келуі мүмкін екенін айтқан. Ал Калифорния университетінің профессоры Даниэль Локштанов жаңа дәлелдер расталса, өзінің 50-ге жуық ғылыми еңбегінің қорытындысына қайта оралуы ықтимал екенін жеткізген.

Копенгагендегі IT университетінің зерттеушісі Туре Хусфельдт те бірнеше ай бойы айналысқан ғылыми мәселесінің мәні өзгеруі мүмкін екенін мойындаған. Дегенмен ол бұл жаңалықты ғылымның дамуына жол ашатын мүмкіндік ретінде бағалайды.

Мамандардың айтуынша, гипотезаның теріске шығарылуы алгоритмдер теориясындағы кейбір бұрынғы шектеулерді қайта қарауға мүмкіндік береді. Сонымен бірге мұндай жаңалық компьютерлік қауіпсіздік саласындағы математикалық болжамдарға да назар аудартуы мүмкін.

Әзірге жасанды интеллект ұсынған дәлелдер толық тәуелсіз тексеруден өткен жоқ. Сондықтан ғалымдар нәтижені түпкілікті ғылыми жаңалық деп жариялауға асықпай отыр.