Жамбыл облысында төрт ай ішінде ауыл тұрғындарының 384 бас малы ұрланған. Келтірілген шығын 34 миллион теңгеге жетті. Полиция мал ұрлығына қатысы бар деген күдікпен төрт адамды ұстады, – деп хабарлайды Aikyn.kz сайты.
Облыстық полиция департаментінің мәліметінше, ұрлық деректері биыл шілде мен қазан айлары аралығында Байзақ ауданының ауылдарында тіркелген. Белгісіз адамдар тұрғындардың қой-ешкісін жайылымнан да, қорадан да айдап әкеткен. Криминалдық полиция қызметкерлері жүргізген жедел-іздестіру шаралары барысында төрт күдікті анықталып, ұсталды. Құқық қорғау органдары олардың осы уақыт аралығында жасалған төрт мал ұрлығы дерегіне қатысы болуы мүмкін екенін мәлімдеді.
Тергеу барысында заттай дәлелдемелер жиналып, куәгерлер мен күдіктілерден жауап алынған. Қазіргі уақытта бірнеше рет және аса ірі мөлшерде жасалған мал ұрлығы деректері бойынша сотқа дейінгі тергеу жүргізіліп жатыр. Ұсталған төрт адам уақытша ұстау изоляторына қамалды. Полицейлер олардың өңірде бұрын жасалған осыған ұқсас қылмыстарға қатысы бар-жоғын да тексеруде. ІІМ мәліметінше, жыл басынан бері Қазақстанда мал ұрлығына қатысы бар деген күдікпен 460-қа жуық адам ұсталып, 3 мыңнан астам мал заңды иелеріне қайтарылған.
