Халықаралық ғалымдар тобы 50 жасқа дейінгі адамдарда кездесетін ішек қатерлі ісігінің жасушалық ерекшеліктерін анықтады.
Ғалымдар жастар арасында қатерлі ісіктің неге ауыр өтетінін зерттеді
134
оқылды

Зерттеу нәтижелері жас науқастарда аурудың неліктен агрессивті болуы мүмкін екенін түсіндіруге көмектеседі, – деп хабарлайды Aikyn.kz сайты.

29 қазанда Nature Medicine ғылыми журналында жарияланған зерттеуде ғалымдар 189 науқастың қатерлі ісік тіндерін талдаған. Олардың 54-і – 50 жасқа дейінгі, қалған 135-і егде жастағы науқастар.

Зерттеушілер 850 мыңнан астам жасуша ядросының генетикалық белсенділігін зерттеп, әртүрлі жастағы адамдардың ісіктеріндегі айырмашылықтарды салыстырған. Нәтижесінде жас науқастардың ісіктерінде дәнекер және тірек тін жасушаларының үлесі жоғары екені анықталған. Мұндай жасушалар ісіктің айналасында ерекше орта қалыптастырып, иммундық жүйенің қатерлі жасушалармен күресуіне кедергі келтіруі мүмкін.

Сонымен қатар, жас адамдардың ісіктерінде гендердің жұмысын реттеуге қатысатын кейбір РНҚ молекулаларының белсенділігі жоғары болған. Ғалымдар бұл ерекшеліктер қатерлі жасушалардың таралуына және емге төзімділігіне ықпал етуі ықтимал деп есептейді.

Зерттеудің маңызды тұсы – ғалымдар ісіктің орналасуын, даму сатысын, науқастардың жынысын және бұрын алған емін ескерген. Соған қарамастан жас ерекшелігіне байланысты бірқатар биологиялық айырмашылық сақталған. Дегенмен зерттеу бұл өзгерістердің қатерлі ісіктің ауыр өтуіне тікелей себеп болатынын дәлелдемейді. Сондай-ақ ғалымдар жаңа нәтижелер негізінде емдеу тәсілдерін бірден өзгертуге болмайтынын атап өтеді. Зерттеу авторларының пікірінше, анықталған жасушалық ерекшеліктер болашақта жас науқастарға арналған тиімдірек емдеу әдістерін әзірлеуге негіз болуы мүмкін.