Ол ұйымдастырушыларға қарсыласын атап, қаржылық шарттар келісілсе, рингке шығатынын жеткізді, – деп хабарлайды Aikyn.kz сайты.
Елеусіновтің мәлімдемесін IBA Nomad промоушенінің баспасөз қызметі жариялады. Қазақстандық боксшы Эргашевпен кездесуге ниетті екенін ашық айтып, өзге келісімшарттар бұл айқасқа кедергі болмайтынын жеткізді.
«Маған дәл осы клоунды беріңіздер, егер ол сол жақтан болса. Басқа келісімшарттарға түкіргенім бар, мен рингке шығамын. Ең бастысы, қажетті соманы төлеңіздер», – деді Елеусінов.
Бұған дейін Шохжахон Эргашев желтоқсан айының басында Алматыда өтетін IBA Nomad турнирінде жұдырықтасуға дайын екенін мәлімдеп, кез келген қарсыластың шақыруын қабылдайтынын айтқан. Оның бұл сөзіне қазақстандық боксшы Төрехан Сабырхан да жауап беріп, әлеуметтік желіде «Шоу керек пе? Мен дайынмын!» деп жазған еді.
Ш. Эргашев 17 қазанда Ташкентте өткен соңғы жекпе-жегінде қазақстандық әуесқой спортшы Дастан Бекенді төрешілердің бірауыздан шығарған шешімімен жеңді. Айқас бокс ережесімен, бірақ ММА қолғаптарымен ұйымдастырылған.
Әзірге Елеусінов пен Эргашев арасындағы жекпе-жек ресми түрде бекітілген жоқ.
