Ұлыбритания мен Канада ғалымдары екінші типті қант диабетімен ауыратын адамдарға жүргізілген клиникалық зерттеудің нәтижесін жариялады.
Ғалымдар алты айда диабетті ремиссияға жеткізудің тиімді тәсілін анықтады
141
оқылды

Арнайы бағдарламаға қатысқан науқастардың 54 пайызы алты ай ішінде ауру ремиссиясына жеткен, – деп хабарлайды Aikyn.kz сайты

Зерттеу нәтижелері The Lancet Regional Health – Americas ғылыми журналында жарияланған. Оған 45 жасқа дейінгі 96 адам қатысқан. Қатысушылардың орташа жасы 38-де болған.

Ғалымдар науқастарды екі топқа бөлген. Бірінші топтағы 50 адам дәрігерлердің бақылауымен арнайы тамақтану және дене жаттығулары бағдарламасынан өткен. Ал қалған 46 адам әдеттегі медициналық көмек алған.

Алғашқы топтағы қатысушылар 12 апта бойы калориясы шектелген тамақтану тәртібін ұстанған. Бағдарламаның бастапқы кезеңінде тәуліктік тағам мөлшері 800-900 килокалория болған. Кейін қатысушылар дене салмағын тұрақтандыру кезеңіне көшкен. Барлық өзгеріс медициналық бақылаумен жүргізілген.

Алты айдан кейін арнайы бағдарламаға қатысқан 50 адамның 27-сінде диабет ремиссиясы тіркелген. Бұл – 54 пайыз. Ал әдеттегі ем алған 46 адамның тек екеуі, яғни шамамен 4 пайызы осындай нәтижеге жеткен.

Зерттеушілер ремиссияны қандағы қанттың ұзақ мерзімді көрсеткіші 6,5 пайыздан төмен болып, науқастың кемінде 12 апта бойы қант төмендететін дәрілер қабылдамауы арқылы бағалаған.

Ғалымдардың есептеуінше, арнайы бағдарламаға қатысқандардың ремиссияға жету ықтималдығы әдеттегі ем алғандармен салыстырғанда айтарлықтай жоғары болған.

Дегенмен ремиссия қант диабеті толық жазылды дегенді білдірмейді. Ауру кейін қайта асқынуы мүмкін. Зерттеушілер мұндай бағдарламаны дәрігердің бақылауынсыз қолдануға болмайтынын ескертеді.