Көкшетауда алты жасар бала көпқабатты тұрғын үйдің төртінші қабатындағы терезеден құлап, ауыр жарақат алды. Оқиға орнына жедел медициналық көмек шақырылып, бүлдіршін шұғыл түрде Ақмола облыстық балалар ауруханасына жеткізілді. Қазір дәрігерлер оның жағдайын бақылауға алған, деп хабарлайды Aikyn.kz порталының тілшісі.
Алдын ала мәлімет бойынша, қайғылы оқиға бүгін болған. Алты жасар бүлдіршін төртінші қабаттың терезесінен құлап кеткен. Болжам бойынша, оқиға кезінде бала ересектердің қарауынсыз қалған болуы мүмкін. Дегенмен бұл жайт әзірге нақты расталған жоқ. Бала биіктен құлау салдарынан бірнеше дене жарақатын алған. Дәрігерлердің мәліметінше, оның жағдайы ауыр. Қазіргі уақытта кішкентай науқас Ақмола облыстық балалар ауруханасында медициналық бақылауда.
Ақмола облыстық полиция департаментінің хабарлауынша, аталған дерек полиция басқармасында тіркелген.
- Алдын ала ақпарат бойынша, 2020 жылы туған кәмелетке толмаған бала төртінші қабаттан құлаған. Салдарынан әртүрлі дене жарақатын алған. Қазіргі уақытта полиция қызметкерлері оқиғаның барлық мән-жайын анықтап жатыр, – деп мәлімдеді Көкшетау қалалық полиция департаменті.
Әзірге баланың терезеден қалай құлағаны, оқиға кезінде үйде кім болғаны және оған не себеп болғаны белгісіз. Полиция тексеру нәтижесінде оқиғаның нақты мән-жайы анықталатынын хабарлады. Бұл жағдай тағы да бала қауіпсіздігі мәселесін күн тәртібіне шығарды. Әсіресе, көпқабатты үйлерде ашық қалған терезе мен ересектердің бір сәттік алаңдаушылығы орны толмас қайғыға ұласуы мүмкін.
Абзал АЛПЫСБАЙҰЛЫ,
Ақмола облысы
