Марапаттау туралы шешім Түркі мемлекеттері ұйымының Сыртқы істер министрлері кеңесі отырысының қорытындысы бойынша қабылданды.
Дүйсен Қасейінов Әлішер Науаи атындағы халықаралық сыйлыққа ие болды
Фото: Мәдениет және ақпарат министрлігі
166
оқылды

Мәдениет және ақпарат министрлігі мемлекет және қоғам қайраткері, дипломат, көрнекті музыкант әрі профессор Дүйсен Қасейіновті Әлішер Науаи атындағы «Түркі әлемінің бірлігіне қосқан үлесі үшін» халықаралық сыйлықпен марапатталуымен құттықтады, – деп хабарлайды Aikyn.kz.

Марапаттау туралы шешім Түркі мемлекеттері ұйымының Сыртқы істер министрлері кеңесі отырысының қорытындысы бойынша қабылданды. Салтанатты рәсім 2026 жылғы 29 қазанда Анкарада өткен ТМҰ-ның 13-саммиті аясында өтті. Жоғары марапатты Түркия Республикасының Президенті Режеп Тайип Ердоған табыстады.

Бұл марапат Дүйсен Қасейіновтің түркі елдерінің мәдени байланысын нығайтып, әріптестігін кеңейту жолындағы көпжылдық еңбегіне берілген жоғары баға болды.

Қазақстанның еңбек сіңірген өнер қайраткері, бұрынғы Мәдениет министрі Дүйсен Қасейінов 2008-2022 жылдары Халықаралық түркі мәдениеті ұйымы – ТҮРКСОЙ-ға басшылық етті. Осы жылдары ол түркі халықтарының мәдени мұрасын кеңінен танытуға, шығармашылық бастамаларды қолдауға және Қазақстан мәдениетін халықаралық деңгейде насихаттауға елеулі үлес қосты.

Мәдениет және ақпарат министрлігі Дүйсен Қасейіновтің ортақ мұраны сақтау және түркі мемлекеттері арасындағы гуманитарлық байланысты нығайту жолындағы еңбегін ескере отырып, оның кандидатурасын осы сыйлыққа ұсынды. 

Әлішер Науаи атындағы халықаралық сыйлық 2021 жылы Өзбекстан Президентінің бастамасымен тағайындалған. Алғаш рет 2022 жылы қырғыз жазушысы Шыңғыс Айтматов өмірден өткеннен кейін аталған сыйлықпен марапатталды. 2025 жылы түрік ғалымы, Нобель сыйлығының лауреаты Әзиз Санжар сыйлық иегері атанды.

Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігі Дүйсен Қасейіновке зор денсаулық, бақ-береке және отандық мәдениетті өркендету мен түркі әлемінің мәдени бірлігін нығайту жолындағы алдағы қызметіне шығармашылық табыс тілейді.