Қарағанды өңірінде барлығы 6 105 көпқабатты тұрғын үй мен мыңнан астам әлеуметтік нысан бар. Бұған дейін қысқы кезеңге дайындық аясында жылу желілері мен коммуналдық нысандарды жөндеу жұмыстары жүргізілген болатын. Биыл бұл мақсатқа 30 млрд теңгеге жуық қаржы бөлінді.
Қарағанды қыста тоңбайды
169
оқылды

Жылыту маусымында тұрғындардың қауіпсіздігі басты назарда тұр. Өңірде 5 800-ден астам үй есепке алынып, профилактикалық жұмыстармен 14 мың адам қамтылды. Тұрғын үйлерге 243 өрт дабылқаққышы орнатылып, өрт қауіпсіздігі талаптарын бұзудың 500-ден астам дерегі анықталды.

Төтенше жағдайлар қызметі пештерді, жылыту және электр жабдықтарын пайдалану кезінде қауіпсіздік талаптарын сақтауға шақырды. Өрттің алдын алу үшін түсіндіру және профилактикалық жұмыстар жылыту маусымы бойы жалғасады.

– Жылыту кезеңіндегі қауіпсіздікке ерекше көңіл бөлінеді. Профилактикалық жұмыстар жылыту маусымы басталғанға дейін жүргізіліп қана қоймай, оның бүкіл кезеңінде жалғасады. Тұрғындарға өрт қауіпсіздігі талаптарын сақтау қажеттігі тұрақты түрде түсіндіріледі, – деді Өртке қарсы қызмет комитетінің бас маманы Қарағанды облысының ТЖД Мемлекеттік өрт бақылау басқармасының бастығы Елдос Зияда.

Қысқы кезеңге дайындықтың тағы бір маңызды бағыты – көмір қорын жасақтау. Қазір халық пен бюджеттік ұйымдар үшін 600 мың тоннадан астам көмір дайындалды. Оның 385 мың тоннаға жуығы тұрғындардың қажеттілігіне арналған.

– Облыс нысандарына жылу беру басталды. Қазір негізгі міндет – қалған жұ­мыстарды аяқтап, тұрғын үй-коммунал­дық шаруашылық нысандарының толық дайындығын қамтамасыз ету.  Маңызды бағыттардың бірі – жылу желілерін жаңарту және реконструкциялау. 2026 жылы бюджет қаражаты есебінен жалпы ұзындығы 12,3 шақырым жылу желісін қамтитын сегіз жобаны іске асыру көзделген. Оның төртеуі «Энергетикалық және коммуналдық секторларды жаңғырту» ұлттық жобасы аясында жүзеге асырылуда, – дейді Қарағанды облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының басшысы Тілектес Досаев.

Бүгінде Теміртауда Qarmet-тің ЖЭО-2-де №2 қазандыққа күрделі жөндеу жүргізіліп жатыр. Жылу беру маусымы басталғанда алты қазандықты қосты. Бұл қаланы жылумен қамтамасыз етуге жеткілікті. Ал ҚарМАЭС-1 стансасында №10 қазандық жөнделуде. Қысқы кезеңге қарай стансада үш қазандық агрегаты дайын болуға тиіс.

Сонымен қатар ЖЭО-2-ден шығатын жылу желісін жаңарту бойынша ірі жоба басталды. Жобаны 2027 жылы жоспарға сәйкес аяқтау үшін қыс мезгілінде де жұмыстар тоқтатылмайды.

Айтпақшы, биыл тамызда Премьер-министрдің орынбасары Қанат Бозымбаев Қарағанды облысына барған іссапары барысында «Энергетикалық және ком­мунал­дық секторларды жаңғырту» ұлттық жобасының жүзеге асырылуын және тіршілікті қамтамасыз ету нысандарының алдағы жылыту маусымына дайындығын тексерген болатын.

Сол уақытта вице-премьер Теміртау мен Қарағанды қалаларында болып, жылу магистральдарының, су тазарту құрылыс­тарының, электр желілері мен қосалқы стансалардың жөндеу жұмыстарымен танысты. Бұл инфрақұрылымның басым бөлігі 1960-1990 жылдары пайдалануға берілген, ал кейбір нысандардың тозу деңгейі 70-80%-ға жеткен. Теміртауда негізгі жұмыс жылу желілерін жаңартуға бағытталған. ЖМ-3 жылу магистралінің 8,27 шақырым құбыры қайта жаңартылып жатыр. Бұл желі 60 мыңға жуық тұрғынды немесе 312 көпқабатты үй мен 22 әлеуметтік нысанды қамтамасыз етіп отыр. Магистраль 1967 жылдан бері пайдаланылып келеді, тозу деңгейі 75%-ға жеткен, ал соңғы бес жылда мұнда 38 ақау тіркелген.

Қарағанды қаласына келген Премьер-министрдің орынбасары сумен жабдықтау жүйесімен де танысты. Мұнда 50 жылдан астам уақыт бойы күрделі жөндеу көрмеген «Қарағанды Су» ЖШС-ның су тазарту ке­ше­нін қайта жаңарту жұмыстары жүргізіліп жатыр. Нысанның тозу деңгейі 80%-ға жеткен, тек соңғы үш жылдың өзінде мұнда 89 апат болған. Бұл кешеннің үздіксіз жұмыс істеуі Қарағанды, Теміртау қалалары мен Ақтас кентінің 695 мыңға жуық тұрғынын, сондай-ақ Қарағанды ЖЭО-3 орталығын ауызсумен қамтамасыз етуге тікелей әсер етеді. Қазір мұнда негізгі құрылыстар мен технологиялық жабдықтар жаңартылып жатыр.

Жұмыс сапары Қарағандыдағы М-3 жылу магистралін аралаумен аяқталды. Онда вице-премьер қаланың екі ірі жылу магистралін қайта жаңарту барысымен танысты. М-3 желісінде 2,4 шақырым құбыр жаңартылып жатыр. Мұндағы магистраль 183 мыңға жуық тұрғынды, 817 көпқабатты үйді және 611 әлеуметтік-мәдени нысанды жылумен қамтамасыз етеді. Қайта жаңартудан кейін қолданыстағы жүйенің тиімділігі артып, жаңа тұрғын үйлерді, әлеуметтік нысандар мен бизнес нысандарын қосуға мүмкіндік болады.

Әдебиет БЕЛГІБАЙҰЛЫ,

Қарағанды облысы