Алматы облысында халықты жұмыспен қамту, жаңа жұмыс орындарын құру, азаматтардың кәсіби дағдысын дамыту және кәсіпкерлікті қолдау бағытында ауқымды жұмыс атқарылуда. Мәселен, жыл басынан бері 36 мыңнан астам адам жұмыспен қамтылды. Оның 27 мыңнан астамы тұрақты, 9 мыңға жуық тұрғын уақытша жұмыс орнына ие болды, – деп хабарлайды Aikyn.kz.
Азаматтардың көбі Enbek.kz порталы арқылы жаңа жұмыс тапқан. Одан бөлек, қоғамдық және әлеуметтік жұмысқа белсенді тартылып, «Күміс жас» жобасына жіберілгендер де бар. Әсіресе, жас буынның еңбек нарығында өз орнын табуына ерекше көңіл бөлінуде. Оған дәлел – биыл 6 854 жас жұмысқа орналасты.
Өңірде бәсекеге қабілеттілікті арттыру мақсатында сұранысқа ие мамандықтар бойынша қысқамерзімді кәсіптік оқыту ұйымдастырылды. Азаматтар шаштараз, аспаз, тігіншілік және сұлулық саласы бойынша жаңа дағды үйреніп, тәжірибе жинады. Оқуға 584 адам жіберіліп, оның жартысынан көбі жұмысқа орналасты. Бұдан бөлек, 3 000-ға жуық адам Skills Enbek платформасында білім алды, ал 1 887 адам «Бастау Бизнес» жобасы аясында кәсіпкерлік негіздері бойынша білімін жетілдірген.
Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның» TELEGRAM арнасынан табасыз.
