Үкімет отырысында аталған құжатты Премьер-министрдің орынбасары – Ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин таныстырды, – деп хабарлайды Aikyn.kz.
Ең төменгі жалақыны 85 мың теңгеден 110 мың теңгеге дейін арттыру жоспарлануда. Сондай-ақ еңбек өтілі мен жүктемесін ескере отырып, сараланған қосымша ақылар есебінен алғашқы медициналық-санитарлық көмек қызметінің учаскелік мамандарының жалақысын арттыру көзделген.
«Жыл соңына дейін отбасылардың әл-ауқатын бағалаудың жаңа цифрлық тәсілдерін пилоттық сынақтан өткізу аяқталады. Қажеттілік қағидатын енгізу бойынша ақпараттық-түсіндіру жұмыстары басталады», – деді Серік Жұманғарин.
Білім беру саласында да өзгерістер қарастырылған. 2027 жылдың соңына дейін балалардың ерекше білім беру қажеттіліктерін ерте анықтау мәселесін пысықтау жоспарлануда. Бұдан басқа, Үкімет педагогтерге, оның ішінде цифрлық платформалар мен ақпараттық жүйелердегі есептер санын азайту есебінен артық есеп беру жүктемесін қысқартуға ниетті.
Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның» TELEGRAM арнасынан табасыз.
