Басқосуда мемлекеттің даму басымдықтары, инфрақұрылымдық жобаларды жүзеге асыру және әлеуметтік нысандар құрылысын жандандыру мәселелері сөз болды, – деп хабарлайды Aikyn.kz сайты.
Жиын барысында «Әділет» партиясының мүшесі, Құрылтай депутаты Арман Хайруллин Президент бастамасымен қолға алынған бүкілхалықтық құрылыс жобасының ел дамуы үшін маңыздылығына тоқталды.

«Мемлекеттің қалыптасуы мен дамуын үлкен үйдің құрылысына теңеуге болады. Қазақстан өзінің берік іргетасын қалап, енді жаңа даму кезеңіне аяқ басты. Сондықтан жолдарды жаңарту, әлеуметтік нысандар салу, білім беру, спорт және мәдениет салаларының инфрақұрылымын жетілдіру – келешек ұрпақтың игілігіне бағытталған стратегиялық инвестиция», – деді депутат Арман Хайруллин.
Депутат демографиялық өсімге байланысты елімізде әлеуметтік инфрақұрылымға деген сұраныс жыл сайын артып келе жатқанын да атап өтті.

«Жыл сайын 300-400 мың нәрестенің дүниеге келуі балабақша, мектеп және басқа да әлеуметтік нысандарды көбейтудің өзектілігін көрсетеді. Бұл – өскелең ұрпаққа сапалы өмір сүру ортасын қалыптастырудың маңызды шарты», – деді «Әділет» партиясының мүшесі Арман Хайруллин.
Сонымен қатар Арман Хайруллин ауқымды құрылыс жобаларының экономикалық тиімділігіне назар аударды. Мұндай бастамалар шағын және орта бизнестің дамуына ықпал етіп, отандық шикізат пен өнімге деген сұранысты арттырады. Нәтижесінде, жаңа өндіріс орындары ашылып, қосымша жұмыс орындары құрылып, халықты жұмыспен қамту деңгейі де жоғарылайды.

Осылайша, ауқымды құрылыс тек инфрақұрылымды дамытуға ғана емес, ел экономикасын нығайтуға және болашақ ұрпақ үшін қолайлы жағдай жасауға мүмкіндік береді.
Баян ЖАНҰЗАҚОВА, Атырау облысы
