Қаралы хабарды Жаңаарқа ауданының әкімдігі мәлімдеді.
116 жас жасаған Түймегүл әже өмірден өтті
302
оқылды

Ұлытау облысында Қазақстанның ең ұзақ жасаған тұрғыны Түймегүл Темірбаева 116 жасында дүниеден озды, – деп хабарлайды Aikyn.kz сайты.

Түймегүл әже Жаңаарқа ауданына қарасты Қызылжар ауылында тұрған. Аудан әкімдігі марқұмның туған-туыстары мен жақындарына көңіл айтып, оның бір ғасырдан астам ғұмырында ел тарихындағы талай маңызды оқиғаға куә болғанын атап өтті.

Түймегүл Темірбаева 1910 жылғы 1 қаңтарда Жамбыл облысының Жайылма ауылында дүниеге келген. Үш жасында анасынан айырылып, балалық шағынан өмірдің қиындығын көрген. 1932 жылы тұрмысқа шығып, жолдасымен бірге мал шаруашылығында еңбек еткен.

Ғасырдан астам өмір сүрген кейуана үш ұл мен бір қыз тәрбиелеп өсірген. Саналы ғұмырының басым бөлігін ауыл шаруашылығына арнап, бие сауып, қымыз дайындаумен айналысқан.

Түймегүл әже 15 немере мен 25 шөбере сүйген. Өмірінің соңғы жылдарын Қызылжар ауылында кенже ұлының қолында өткізген.

Көзі тірісінде кейуана ұзақ жасауының сырын адал еңбекпен, қарапайым тұрмыс-тіршілікпен және отбасына деген сүйіспеншілікпен байланыстырған.